Қазіргі кезде халықтың ішінде кедейлер мен байлардың аражігі қатты алшақтап, қарапайым халық тұрмысының нашарлауына әкеліп соқты. Жылдың басында елімізде болған бүлік сол тұрмыс жағдайының төмендеуінен басталған еді. Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев бизнестің бір қолға шоғырлануы мемлекет үшін қауіпті екенін де айтқан болатын.
Президент реформалар жөніндегі жоғары экономикалық кеңес отырыстарының бірінде Қазақстанда олигополия бар және оны оңтайлы жолмен шешу жөнінде тапсырма берген болатын.
Олигополия дегеніміз – бизнестің бір қолға шоғырлануы, кәсіпкерлікке қабілетті басқа адамдардың айналысу мүмкіндігінің болмауы барлық мемлекет үшін қауіпті үрдіс саналады.
Біздің жағдайда бұл ерекше күшпен көрінді. «Олигополия – бизнесті әртараптандыруға тұрақты ұмтылыс, бірақ бұл ел экономикасын әртараптандыру үшін қолданылмаған. Яғни, сол адам немесе сол компания өндіреді, өңдейді және банктермен жұмыс істейді және басқа да көптеген бизнестерді жүзеге асырады, ал қалғандары тигенін алады», – деген болатын Президент.
Шариғатымызда да кедейлердің сезімін қорлаудан сақтау үшін ерлерге де, әйелдерге де, тіпті, алтын және күміс ыдыстардан тамақтануға тыйым салған.
Айталық, табақ, қасық, шанышқы, пышақ және т.б., ол қанша кішкентай болса да қолдануға рұқсат бермеген. Тек мәжбүрлі жағдайда ғана қолдануға болған. Тыйым салудың себебі: үйді шамадан тыс сән-салтанаттан және ысырапшылдық, бос әурешіліктен сақтау.
Алматы өңірінің өкіл имамы Қуаныш Бақытбекұлының айтуынша, адамда тек екі арман болады. Олар: байлыққа жету мен кедейліктің шеңберінен шығу. Білген мұсылман баласына осы екеуінде де хайыр-жақсылық бар. Өмірдің қадіріне жете алмасаң, бай болсаң да, кедей болсаң да бақытсыз боласың дейді имам.
«Сол екеуін де Алладан келген сынақ және тағдыр деп түсінген адамға екеуі де жақсылыққа айналады. Жүрегімізде байлыққа деген махаббат, кедейлікке деген қорқыныш орын алса, ол – айықпас дерт.
Ал керісінше, байлықты Алла құлшылық қылу үшін берген бір аспап ретінде қабылдаса, адам өмірдің мәні мен мағынасын түсінеді. Кедейлікті Алладан келген сый деп білу жәннәттан орын алу іспеттес. Дүние, мал мен байлық біз ойлағандай тек жақсылық әкеліп қана қоймайды. Дүниенің қиыншылығы және машақаты бірге жүреді. Байдың да байы бар, кедейдің де кедейі бар. Яғни, екеуінің де жақсы жағы мен жаман жағы бар. Егер кедейліктің жанында тәкәппарлық пен сабырсыздық болса, онда оның соңы өкініш болмақ. Алланың елшісі (с.а.у.) хадисінде: “Тәкаппар кедейге қияметте Алланың назары болмайды”, – деген. Кедей адам кішіпейіл және мейірімді болғанда ғана екі дүниенің рахатын таба алады»,-дейді облыс имамы.
Қатерлі ісікті жеңіп шыққан белгілі психолог Айсұлу Құтпанбекова әрқашан қаржылық сауаттылықты арттырып отыруға кеңес береді.
«Егер сіздің санаңызда құлдық сана тұрса, өмір бойы ақша үшін өмір сүресіз. Өкінішке орай, біздің қазақтардың басым бөлігінің қаржылық сауаттылығы жоқ. Еңбегімен тапқан табысын қалай дұрыс жұмсарын білмейді. Мысалы, айлық 150-200 мың теңге болса, дастарханға қанша жұмсау қажет, жылына неше рет киіну керек, келешектегі шығындарға қанша қаражат қалдыру дұрыс екенін есептеп анықтауға болады. Сондай-ақ отандастарымыздың арасында өзіне инвестиция құюға ақшасын аяйтындар жеткілікті.
Білім берейін десең, тегін емес, ақылы екен деп бас тартып шығады. Бай адам мен кедей адамның психологиясындағы ерекшелік осы. Барлық кедейдің жаны тегін дүниеге құмартып тұрады. Кедей кінәні өзгеден, ал бай менікі дұрыс емес деп өзінен іздейді. Сондықтан жетістікке жетеді. Бай мен кедейдің айырмашылығы осында. 99% адамдар кедейлікте, қалған бір пайызы байлықта өмір сүреді. Сіз ешкім істемеген дүниені істеуіңіз қажет, сонда ешкімде болмаған өмір сізде болады», – дейді психолог маман.
Ал енді имамның айтуынша, байлығың Аллаға деген құлшылығыңа кедергі етпесе, бай болу жаман емес, дүние табу харам емес. Байлықпен бірге ілесіп қанағатсыздық, сараңдық, қатыгездік жүрсе, онда ол үлкен қасірет дейді.
«Ал байлықтың жанында дос болып қанағатшылдық пен мейірімділік және жомарттық келсе, онда ол – нығмет. Халқымыз: “Бір бай, бір ауылды асырыған”, – дейтін. Бұл жәй сөз емес, іспен дәлеледенген нәрсе. Оған еліміздің барлық жеріндегі мешіттер мен медреселердің салынуы, сол мешіттер мен медресе және көптеген қайырымдылық қорлардағы істелінген қайырымдылық шаралардың жүзеге асырылуы дәлел бола алады. Осының бәріне мұрындық болып, мал мен байлығының зекеті мен садақасын шығарған бай азаматтар. Алла Тағала ондай жандардың жақсылықтарын екі дүниеде де еселейді»,- дейді Қуаныш Бақытбекұлы.
Шындығына келсек, кедей болу ұят емес, керісінше мұсылман болған кедейге Алланың берер нығметі мол. Ал бай болу қарғыс емес, керісінше жомарт болған байлардың екі дүниеде де алатын үлесі мол. Өмірімізде болып жатқан жағдайға сабырлықпен қарайық. Кінәні өзгеден емес, өзімізден іздейік, ағайын!
Балжан Әбдіраш