Сұрақ: Базардағы бағаның көтерілуіне ықпал ету күнә ма?
Жауап: Дін Исламда адамның құқығы барлық салада қорғалған. Нарық пен базар да осындай салаларға жатады. Жеке адам өз мүддесі мен пайдасын ойлап басқаларға зұлымдық қылмауы шарт. Бұған Ислам тарихындағы мына оқиғаны келтірсе болады.
Мағқил ибн Ясар науқастанып жатып қалған уақытта Убайда ибн Зияд оны зиярат етіп барады. Мағқил ибн Ясар:
«Құлақ салғайсың, ей Убайда! Саған Алла Елшісінен (с.ғ.с.) бір немесе екі рет емес, бірнеше мәрте естігенімді айтамын: «Мұсылмандардың арасында заттың бағасын көтеру үшін ықпал еткен адамды Алла Тағала қиямет күні үлкен отпен орайды» (ХМ20579 Ибн Хaнбал, V, 28)
Мұнда Алланың Елшісі (с.ғ.с.) базар нарқын ешкімге бағынышты етіп қоймау керектігін айтып отыр.
Бір күні Пайғамбардың (с.ғ.с.) қасына бірнеше сахаба келіп: «Бағалар қатты қымбаттап кетті. Бағаларды сіз белгілесеңіз», – деп шағым һәм ұсыныспен келеді. Пайғамбар (с.ғ.с.) оларға ризықты беретін де, тарылтатын да жалғыз Алла екенін айтып түсіндіреді. Кейін: «Мен сендердің біріңе қарыз болмай, зұлымдық жасамай Алланың алдында таза күйімде барғым келеді», – деп, базар бағасына араласпау керектігін және қандай да бір зат қолданыста жүрсе, базарда белгілі ортақ баға қалыптасатынын айтқан (Әбу Дәуіт).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ