Жалғасы. Басы мына жерде…
Ибраһим пайғамбардың елі үш түрлі пұтқа табынатын. Біріншісі сол елдің патшасы – Нәмрұд еді. Ол өзін тәңір санаған қатігез адам болатын. Байлығы мен малының қисабы жоқ-ты.
Халық қуаңшылыққа ұшырап, оларға азық-түлік таратар кезде, алдымен «сен біздің тәңірімізсің» деген сөзді міндетті түрде айтқызатын. Задында, оның өзін «тәңір» санауының себебі, Жаратқанның берген байлығын көтере алмағандығынан еді.
Екіншісі – көктегі жұлдыздарға, ай мен күнге табынатын.
Үшіншісі – жердегі өздері қолдан жасап алған жансыз пұттарға табынатын. Тіпті кейбір деректерде көктегі әрбір жұлдыз үшін бір пұт жасап, бұл пұттар көктегі жұлдыз-тәңірлеріне баланып, олардан шапағат күтетін.
Міне, Ибраһим (ғ.с.) олардың осы үш түрлі пұттары жайлы Құранда үш жерде қисынды дәлелдер келтіріп, олардың қауқары жоқ түкке тұрғысыз екендігін айғақтап береді[1].
Ибраһимнің (ғ.с.) дүниеге келуі
Ибраһим (ғ.с.) дүниеге келместен бұрын, Нәмрұдқа сәуегейлер мен жұлдызға қарап бал ашатындар келіп: «Патшамыз! Жұлдыздарға қарасақ, осы жылы бір күтпеген оқиға болайын деп тұр. Осы бір жыл ішінде сенің еліңде бір бала дүниеге келеді. Ол бала халықтың дінін өзгертеді. Өзгертіп қана қоймай, сенің патшалығыңды да жермен-жексен етеді. Бірақ ол баланың кімнің отбасынан шығатынын білмейміз. Сондықтан осы жылы туатын барлық ұл балаларды өлтіруге жарлық бер!» – дейді.
Өз сәуегейлеріне мүлтіксіз сенетін, әрі тікелей өз басына қатысты мәселе болғандықтан, Нәмрұд дереу әр үйге бір күзетші қойып, ұл бала туылса, өлтіріп тастауға бұйрық берді.
Бұл маңда Азар есімді кісі өмір сүретін. Сол жылы оның әйелі жүкті еді. Бірақ оның жүктілігін ешкім байқамайтын. Патшаның бұл әрекетінен сескенген Азар әйелін алып Басра мен Куфа арасындағы бір ауылға жақын жердегі бір үңгірге жасырды. Көп ұзамай ұл бала дүниеге келді. Ол Ибраһим пайғамбар еді. Кейбір деректерде Ибраһим пайғамбардың мұхаррам айының оныншы күні дүние келгендігі айтылады.
Арада айлар жылжып өтіп жатты. Нәмрұдтың жүрегіндегі қорқынышы сейіліп, бірте-бірте бір кездері сәуегейлерінің айтқан сөздерін де ұмыта бастады. Сөйтіп, ол «бұл сәуегейлердің сандырағы» деп түсініп бұрынғы жарлығының күшін жойды[2].
Ибраһим (ғ.с.) бір жасқа дейін үңгірді мекен етті. Бірақ сол кездің өзінде ол сырттай қарағанда бір жастағы баладай емес, ересектерше мінез байқататын. Азар бір күні замандастарына келіп: «Менің бір балам бар. Оны осы күнге дейін жасырып өсіріп келемін. Егер оны сыртқа шығарсам Нәмрұдтың зияны тимей ме?» деп сұрап еді, олар: «Жоқ, Нәмрұдтың оны ұмытқанына қай заман. Ол өзінің жеке басының шаруасымен әлек», – дейді. Осыдан кейін Азар Ибраһимді үңгірден үйіне ертіп әкеле жатқанда, қараңғы үңгірден өзге еш нәрсе көрмеген ұлы жол бойы көзіне көрінген жанды-жансыздың барлығының атын сұрап әкесінің есін шығарды. Әкесі де оның сұрағына ерінбей жауап беріп келе жатты. Бір кезде үйіне жақындай бере Азар баласының мына бір сөзін естіп жағасын ұстады. Бұл кезде бала «Бұлардың сөзсіз бір Жаратқаны бар ғой», – деп күбірлеп келе жатқан еді.
Азар пұт жасап, оны базарға апарып сатып күнелтетін. Ибраһим пайғамбар асық ойнайтын жасқа жеткенде, әкесі оған өзі жасаған бірнеше пұттарды базарға сатып келуді бұйырады. Бала әкесіне қарсы келе алмай, амалсыз көнеді. Бірақ пұттарды құрметтемей, мойындарынан жіппен байлап базарға сүйреп барады.
Жұрт жас баланың бұл қылығын ерсі қабылдайды. Олар болған жайтты дереу әкесіне хабарлап, жайлап түсіндірді. Азар дереу базарға келіп баласының қылығын көріп, төбесінен жай түскендей состиып тұрып қалды. Ибраһим (ғ.с.) пұттарды шетінен тізіп қойып, оларға ыдыспен су ұсынып жатты. Бірақ олар қозғала қоймады. Әрі-бері әбігерге түсіп, ішкізе алмаған соң суды олардың төбесінен бір-ақ құяды. Әкесі оған ашуланып:
– Балам! Бұл не қылғаның? – дейді. Бала Ибраһим:
– Әке, көрмейсіз бе? Пұттарға су беріп жатырмын, – дейді. Әкесі одан сайын ашуға булығып:
– Балам, олар су ішпейді ғой, – дейді. Сонда бала Ибраһим:
– Су іше алмайтын бұл неғылған тәңірлер, – деп жауап берді.
Бұл сөзі ұтымды еді. Сөйтіп бұл жолы әкесін де, айналадағы жұртты да уәжге жықты. Алайда оны тыңдаған әкесі болмады.
Осылайша жылдар зулап өтіп жатты. Ибраһим (ғ.с.) ел-жұртқа пұттардың түкке тұрғысыз екендігін дәлелдеп жүрді. Соңғы кездерде оған пайғамбарлық міндеті де жүктелген болатын. Халық Азарға баласының пұттарды мазақ етіп жүргенін айтып ескерту жасай бастады. Әкесі баласын шақырып алып, біраз насихат айтты. Айтқандарын үнсіз тыңдаған Ибраһим (ғ.с.) осы мүмкіндікті пайдаланып, алғаш рет әкесін дінге ашық шақыра бастады.
«Сол уақытта әкесіне: «Әкешім! Естімейтін, көрмейтін, сондай-ақ өзіңізге ешбір пайдасы жоқ нәрсеге неге табынасыз? Әкешім! Расында, сізге келмеген ілім маған келді. Ендеше маған ілесіп, мен жүрген жолмен жүріңіз. Мен сізді тура жолға салайын»[3], – дейді.
Аяттарға зер сала қарасақ, Ибраһим (ғ.с.) әкесін «сіз қараңғылықта қалып, жол таппай адасқан жансыз» деп кінәламайды. Қайта Хақ тағаладан өзіне тура жол келгенін айтып жұмсақ тілмен жеткізеді. Әрі әкесін тура жолға түсіңіз деп қыстамайды. Мен әкелген тура жолыма кіргеніңіз мен үшін де, сіз үшін де пайдалы деп жылы сөзбен жеткізеді[4].
Осыдан кейін баласы Ибраһим оған: «Әкешім! Шайтанға табынбаңыз! Өйткені шайтан – Хақ тағалаға қарсы шыққан әзәзіл»[5], – дейді. Яғни табынған пұттары шайтанның оларды тұзаққа түсіріп, сонда мәңгілік азаптау үшін жасалған ойындары мен айла-тәсілдері екендігін, сол себепті пұтқа табыну шайтанға табынумен бара-бар екендігін ұзақ түсіндірді. Тіпті соңында шайтанға табынудың соңы оған дос болу, ал оған дос болған адам әсте Аллаһ тағаламен дос бола алмайтындығын, сол себепті мәңгілік жаһаннам отында қалатындығын айтты.
«Әкешім! Пұттарға табынудың кесірінен Хақ тағаланың азабына ұшырайсыз ба деп әрі шайтанға болысатыныңызды ойлап жүрегім сыздап қатты қайғырамын. Егер де сізге азап келетін болса, онда мәңгі тозақта қалғаныңыз. Өйткені Аллаһтың қас дұшпанымен дос болу Аллаһ тағаламен мәңгілік қас болғанмен тең»[6].
Аяттарда «Уа, әкешім!» деген сөз бірнеше мәрте қайталанады. Бұл бір жағынан Ибраһим пайғамбардың әкесіне деген құрметі болса, енді бір жағынан оның азаптан құтылуы үшін соншалықты жалынышты үні, әкесін тура жолға салуға деген асқан құштарлығының белгісі.
Алайда Азар баласының айтқандарына құлақ аса қоймады. Қайта насихат айтып: «Әй, Ибраһим! Сен тәңірлерімнен бет бұрасың ба? Егер мұндай қылығыңды қоймайтын болсаң, әрине, сені тас боранның астына аламын. Әрі сен бұдан былай менен аулақ жүр»[7], – деп жауап берді.
Ибраһим пайғамбардың жүрегіне әкесінің мына сөзі инедей шаншылды. Қатты күйзеліп жаны сыздаған ол әкесіне:
«Әкешім! Сөзіме құлақ салып бір сәт болсын ойланып көрмедіңіз бе? Сіз менің әкем болған соң, қатты айта алмаймын. Ендігі жерде өмірден өтіп көз жұмғанға дейін, Хақ тағалаға қол жайып, дұға қылып өзіңіздің тура жолға келуіңізді тілеймін. Мен ғаламзатты жаратқан ұлы Жаратушыға ғана мойынсұнып, Соған ғана қол жайып дұға тілеймін. Сіз үшін Хақ тағаладан кешірім тілеп, истиғфар етемін. Мүмкін Ол менің дұғамды қабыл алып, күндердің күні иманға келерсіз»[8] деп одан үміт үзбейтіндігін білдіреді.
Хақ пайғамбардың (ғ.с.) адам жүрегін тебірентетін бұл сөзі, әсіресе, кешірім тілеймін деуі әкесіне деген жанашырлығы мен иманға келсін деген көңіл қалауы ғана болатын.
Ибраһим (ғ.с.) сөзінде тұрып, әкесі көз жұмғанша иманға келер деп үміттеніп, дұға етумен жүрді. Бірақ әкесі Азар өле-өлгенше пұт жасап, сол өзі жасаған пұттарға табынып, солар үшін жанын құрбан етуге қашан да әзір еді. Ол өлген кезде, Хақ тағала Ибраһим пайғамбарға оның кәпір күйінде кеткенін айтады. Осы сәттен соң Рақым пайғамбар әкесі үшін кешірім тілеуді, дұға етуді тоқтатты. Бұл жайында «Тәубе» сүресінде Аллаһ тағала: «Ибраһимның әкесі үшін жарылқау тілеуі, оған берген бір уағдадан аттап кете алмағандығынан ғана еді. Оған өз әкесінің Аллаһтың дұшпаны екені белгілі болған кезде, ол дереу одан безді. Расында, Ибраһим қажырлы, әрі жұмсақ мінезді еді»[9], – дейді.
Кейбір философтардың ойынша, адам – Аллаһ тағаланың жер-сахнасындағы ойыншық қуыршақтары. Жалыққан кезде қабірге лақтырып тастайды. Бұл осы пікірге ұқсас. Алайда адамның қуыршақ болмауының бірден-бір дәлелі оның ақылы мен еркінде жатыр. Адам өз еркі арқылы жамандыққа да, жақсылыққа да бұрыла алады. Тіпті кәпірлердің жаратушы Жаппар Иеге қарсы шығып, тіл тигізіп, Оны жоққа шығаруының өзі – пенденің қуыршақ емес, өз қалауынша әрекет ете алатын кеудесінде жаны, басында миы бар ерікті жаратылыс екендігінің айқын дәлелі.
Міне, Ибраһим де (ғ.с.) иманға келсін деп, әкесіне көп жыл дұға еткенімен, Азар өз ықтиярымен иманға келуді қаламаған соң, Хақ тағала оған зәредей мейірімін төкпеді.
Пайғамбарымыздың бір хадисінде: «Қиямет күні Ибраһим әкесі Азармен кездеседі. Азардың жүзі қап-қара, үсті-басы шаң-тозаңнан көрінбей тұрады. Ибраһим (ғ.с.) әкесіне:
– Мен сізге дүниеде «маған қарсы шықпаңыз, менің жүрген жолыммен жүріңіз, сізге тура жолды көрсетейін деген жоқ па едім?» – дейді. Азар баласының айтқанын істемегеніне қатты өкініп:
Бүгін саған әсте қарсы шықпаймын, – деп жауап береді. Осы кезде Ибраһим:
– Я, Раббым! Сен маған адамдар қайта тірілетін күнге дейін сені қор етпеймін деп уағда етіп едің ғой. Енді мына әкемнің халіне қара? Мен үшін бұдан артық қорлық бар ма? – деп қолын жайып жалбарынады. Аллаһ тағала:
– Ибраһим! Мен жаннатымды кәпірлерге харам еттім. Әкең кәпір болып өлді. Сен оның кесірінен өзіңді қор санама. Ибраһим! Анау екі аяғыңның астындағы не нәрсе? – дейді.
Ибраһим аяғының астына үңіледі: қан-қан қорқау қасқырды көреді. Хақ тағала Азарды күпірлігі үшін осындай кейіпке айналдырып жібереді.
Ибраһим әкесінің мына жан түршігерлік халін көріп, қатты күйзеледі. Азар сол сәтте тозаққа тасталады».
Жалғасы бар…
[1] Афиф Абдулфаттах Таббара. Маал-әнбия фил-Қуран. 108-115 беттер
[2] Сабуни, Нубууә. 210-215 беттер
[3] «Мәриям» сүресі, 42-45
[4] Сабуни, Нубууә, 220-222 беттер; Афиф Абдулфаттах Таббара. Маал-әнбия фил-Қуран, 118-бет
[5] «Мәриям» сүресі, 44
[6] «Мәриям» сүресі, 45
[7] «Мәриям» сүресі, 46
[8] «Мәриям» сүресі, 47
[9] «Тәубе» сүресі, 114