Қоғамда мұсылман адам өмірден өткеннен кейін артында қалған мирасы шариғат шеңберінде жүйелі реттеліп, бөлініп берілуі керек. Шариғат тілінде мирас адамның артында қалған мал-мүлкі болып табылады. Марқұмның дүниесі кімдерге тиесілі, оны қалай бөліп алуы керек және кімдердің ақысы бар деген сауалдарға жауап іздеп, ҚМДБ-ның Түркиядағы жауапты өкілі, исламтанушы, Анкара университетінің докторанты Жандос Өмірзақұлы Айтбаймен сұхбаттасқан едік.
– Жандос Өмірзақұлы, жалпы мирас мәселесін қысқаша түсіндіріп өтсеңіз?
– Мирас сөзі «түбір, негіз, бір адамның екінші бір адамға мұра етіп қалдырған немесе пайдаланған заттары, артылып қалған мүлкі» деген мағыналарға келеді. Сонымен қатар «бір заттың бір адамнан немесе қауымнан өзгенің қолына өтуі, біреуден мұра болып қалған нәрсе, мұра етіп қалдыру» деген мағыналарда да қолданылады.
Шариғи құқық ілімінде «мирас» сөзі – қайтыс болған адамның мүлкін реттей отырып, артында қалған адамдардың барлығына дерлік шариғат шеңберінде бөліп беруі болып табылады.
Мирас Құранның көптеген аяттарында сөздік әрі құқықтық қатынас мағыналарында келген. Сондай-ақ осыған ұқсас мағыналарда пайғамбар хадистерінде жиі кездеседі.
– Құран Кәрім аяттарына тоқтала өтсеңіз…
– Мирас – Құран аяттарымен, пайғамбар хадистерімен және ғұламалардың ортақ келісімімен бекітілген нақты үкім. Құран Кәрімнің «Ниса» сүресінде мирасты бөлу егжей-тегжейлі баяндалған. Ниса сүресінің 13-ші аятында мирастың аса маңыздылығын баяндай келе, мирас құқығына бойсұнып, оны орындаған пенделерді Алла Тағала мақтап, былай дейді:
«Бұл – Алланың бекіткен шекарасы. Кімде-кім Алла және елшісіне бағынса, Алла оны астарынан өзендер ағып жатқан жәннат бақтарына кіргізеді. Олар сонда мәңгі-бақи қалады. Ең үлкен жетістік, ең зор табыс, міне, осы».
Ал, мирас құқығына бойсұнбаған пенделер туралы аталмыш сүренің 14-ші аятында мирас құқығына қарсы келгендерді Алла Тағала қатаң айыптап, былай дейді:
«Ал, кімде-кім Аллаға және пайғамбарына қарсы келіп, Оның белгілеген шекарасынан асатын болса, оны ішінде мәңгі-бақи қалатын отқа тастайды. Сөйтіп, оның сыбағасы өзін қор қылатын азап болмақ».
– Мирас мәселесі ислам дінінен бұрын бар ма еді?
– Ислам тарихына көз жүгіртсек, Мекке дәуірінде мұрагерлікке қатысты құқықтық ереже болмағанын, ардақты пайғамбарымыз Медине қаласына қоныс аударғанға дейін арабтар өздерінің ескі әдет-ғұрып құқығын қолданылғанын еңбектерде көреміз.
Ескі әдет-ғұрып құқығы бойынша әйелдер мен балаларға соғысқа және қарақшылыққа қатыспайтыны себепті мұра берілмейтін болған.
Мәдина қаласына хижрет жасалғаннан кейін Әз пайғамбарымыз : «Шүбәсіз, иман келтіріп, Алла үшін қоныс аударған һәм мал-дүниелерін де, жандарын да аямай Алла жолында күрескен (мұхажирлер) мен оларға пана болып, қолдарынан келген жәрдемдерін аямаған (ансарлар) бар ғой, міне солар – біріне-бірі қамқоршы дос, жанашыр өкіл һәм мұрагер. Ал иман келтіріп қоныс аудармағандарға келсек, олар ұлы көшке қосылып, Алла жолында қоныс аудармайынша, оларға дәл осындай қамқорлық көрсетуге міндетті емессіңдер һәм араларыңда мұрагерлік болмайды…» деген «Әнфәл» сүресінің 72-ші аятын басшылыққа ала отырып, Меккеден көшіп келген сахабараларды (мұхажирлер) өзара бірі-біріне мұрагер етіп, Мәдинаға хижрет еткен мүміндер мен һижрет етпеген мүміндердің туыстары арасындағы мұрагерлік қатынасты тоқтату туралы уақытша үкім шығарды.
– Содан…
– Содан соң ер мен әйелдің ара-жігін ажыратпай, туыстарына, әсіресе ата-анасына өсиет ету қажеттілігін баяндау арқылы мұсылмандарды алдағы уақытта түсетін мирас үкімдеріне дайындаған болатын. Бұл жайлы Бақара сүресінің 180-ші аятында: «Араларыңа қайсыбіріңе ажалдың төнгені белгілі болып, артына біраз дүние-мүлік қалдырып бара жатса, ондай жағдайда мал-дүниені шариғат талаптарына сай ата-ана мен ет жақын туыстарға өсиет етіп қалдыру сендерге парыз етілді. Мал-дүниені өсиет етіп қалдыру һәм сол өсиетті бұлжытпай орындау – тақуалық аясында өмір сүретін шын мүміндердің борышы» екендігі баяндалған.
– Сонда аят бойынша мирас әуелі туған туысқандарына беріле ме?
– Дәл солай. Туыстық байланысы барлардың мұрагерлікте басқа мүмін мен мұхажирлерден алда тұратындығы айтылады. Сонымен қатар Ахзаб сүресінің 6-шы аятында: «Алланың кітабы бойынша ет жақын туыстар бір-біріне (мирасқорлық мәселесінде) өзге мүміндер мен мұхажирлерден де жақын тұрады», делінген. Сондай-ақ, мұраның үлесі белгіленбей, әйелдердің де мұрагер бола алатындығы айтылған.
– Мирастан артылғанды басқа кімдерге беруге болады?
– Дінімізде артылған мирасты мұрагер болып табылмайтын туыстары, жетімдер мен кедейлердің де көңілдерін аулауға кеңес берілген. Бұл жайлы Ниса сүресінің 7 және 8 аяттарында былай делінген:
«Ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұрадан мирасқор ерлердің алар үлесі бар болғаны сияқты, ата-ана мен ет жақын туыстардан қалған мұра мейлі аз болсын, яки көп болсын, одан мирасқор әйелдердің де алар үслесі бар. Бұл – Алланың Өзі тағайындаған және мирасқорларға берілуі міндетті болған енші. Мұра бөлісу кезінде қастарыңда мұрагерге жатпайтын туыстар, жетімдер, пақыр-міскіндер болса болса, мұрадан оларға да азын-аулақ беріңдер һәм оларға жылы-жылы сөз айтып, көңілдерін аулаңдар».
Нәтижеде мұрагерлер мен олардың үлестері туралы «Ниса» сүресінің 11 және 12-ші аяттарында егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Сондай-ақ, ұрпақсыз қайтыс болған адамның мүлкіне кімнің мұрагер болатыны туралы да Ниса сүресінің 176-шы аятында нақты айтылған. Осы аяттың соңында мирас мәселесін қорытындылай келе, оның маңыздылығына баса назар аударып Алла Тағала былай дейді: «(Мұра мәселесінде) шатасып, қателік жасамауларың үшін Алла сендерге (осы үкімді) бүге-шүгесіне дейін баяндайды. Алла – барлық нәрсені білуші шексіз ілім иесі».
– Мұрагерлікке қатысты тағы да толықтыратын мәселе бар ма?
– Жеке тұлға мен отбасыны қорғауға негізделген үдерістер тұрғысынан қарайтын болсақ, исламдағы мұрагерлік құқығының бүгінгі күнде қабылданып жатқан құқықтық нормаларға жақын екендігін аңғарамыз. Исламдағы мирас құқығы мұрагерліктің ауқымын кең ұстайды. Ата-ана ешқашан мұрадан ажыратылмайды. Марқұмның қыздары, немерелес туыстары мұрагер болып табылады. Алғашқы дәрежедегі мұрагерден бастап соңғы дәрежелі мұрагерге дейінгі әрбір деңгейдегі мұрагер үлестің үштен екісіне ие бола алады. Әйелдің үлесі ердің үлесімен салыстырғанда жартысына тең. Мұрагерлікке кіретін топтарға – қаны бір туыстық, үйленуге болмайтын жақындары мен ата-анасы да жатады.
Бірінші дәрежелі үлескерлерге (асхабул фараиз) «күйеуі, әйелі, әкесі, анасы, қызы, ұлдың қызы, туған әпке-қарындысы, бір әкеден туған әпке-қарындысы, бір анадан туған ұлдар мен қыздар, өз ата-әжесі мен нағашы ата-әжесі және олардың әке-шешелері» кіреді.
Екінші дәрежелі үлескерлерге (асаба)- мұрагерге ер жағынан жақын туыстар және қандас туыстар, яғни ұлы мен қызы, ұлдың ұлдары мен қыздары жатады. Екінші дәрежелі үлескерлер бірінші дәрежелі үлескерлерден артылғанына ие болады. Ал егер марқұмның бірінші деңгейлі үлескерлері жоқ болса, онда екінші деңгейлі үлескерлер мұраның толығына ие болады.
– Жалпы мұрагерліктің шарттар қандай?
– Ислам ғұламалары мұрагерліктің шарттарын төмендегідей бекіткен екен:
- Марқұмның қайтыс болуы. Тірі адамның мүлкі мұрагерлікке берілмейді. Алайда, ұзақ уақыт бойы хабарсыз кеткен адамдарға соттың өлді деген үкімі шыққан жағдайда, олардың мүлкі мұрагерлеріне белгілі бір заң шеңберінде үлестіріледі.
- Марқұм дүиеден өткен кезде мұрагердің тірі болуы шарт. Егер мұрагер мирас иесінен бұрын қайтыс болса, онда мұрагерліктен айрылады. Ал, екеуі бір мезгілде дүниеден өтсе, бір-біріне мұрагер бола алмайды. Ананың құрсағындағы нәрестеге мұралық үлес бөлінеді. Егер құрсақтағы бала тірі туылса үлеске ие болады, өлі туылса, үлесі жойылып, қайта есептеледі. Ал, нәресте қасақана (әділетсіз әрекеттің салдарынан) өлтірілсе, оған тірі туылғандай үлес рәсімделеді.
- Мұрагерлік кедергілердің болмауы. Мұрагер мүлік иесін өлтіретін болса, онда үлестен толықтай айрылады.
– Біздің бабаларымыз мирас мәселесін қалай шешкен?
– Ата-бабамыз жетпіс жыл бойы кеңес өкіметінің дінсіз идеологиялық қоғамында өмір сүргеніне қарамастан дінімізде маңызды болған мирас үкімін ұмытпай, шама-шарқынша орындауға әрекет еткенін тарихтан жақсы білеміз. Марқұм болған кісінің артында қалған ұрпағы оның заттары мен киім-кешегін туыстары мен жақындарына үйлестіріп беріп отырған. О замандарда мирасқа қалған мүлікті үлестіру үшін есептейтін дін мамандары болмағандықтан тым болмағанда Алланың бұйрығын осылайша орындағанын аңғарамыз. Біз бұдан ата-бабамыздың мирас құқығына аса мұқияттылықпен қарағанын көреміз.
– Мирас мәселесі бойынша алдағы уақытта не істемек керек?
– Бүгінде егеменді елімізде дін ғылымдарын меңгерген жастарымыздың саны артып келеді. Соның ішінде мирас ілімін меңгерген мамандар да баршылық. Ендігі кезекте ғалымдарымыз тарапынан мирас құқығы жайында көлемді және толыққанды кітап әзірленіп, халыққа ұсынылса нұр үстіне нұр болушы еді. Бұл маңызды болған мирас мәселесін қолға алып, халық арасында мирас құқығын қайта жандандыру әрбір мұсылманның мойнына түсетін жауапкершілігі мол міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.
– Жаке уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ