Құрбан айт – исламдағы екі ұлық мерекенің бірі. Ата-бабамыздың мың жылдан аса уақыттан бері тойлап келген рухани мейрамы.
Оның маңызы жайында Пайғамбар (с.ғ.с.): «Алланың алдындағы ең ұлы күн – Құрбан айт, ал сосын одан кейін келетін күн», деп айтқан. Биыл күллі мұсылман әлемі 16 маусымда айт намазын оқып, құрбандық шалуды бастайды. Тарихшылар қазақ жеріне Құрбан айт мерекесі ең алғаш рет ислам діні келген уақыттан тойлана бастағанын айтады. 751 жылы Атлах шайқасынан кейін түрік халықтарының мұсылмандануы басталды деп есептесек, ислами мерекелердің де атап өтілуі сол кезден етек алды деуге негіз бар. Одан бергі уақытта қазақ арасында мұсылмандық берік орныққанын бұрынғы жыршы-жырауларымыздың, ғұламаларымыздың еңбектерінен кездестіреміз.
Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағында Құрбан айт пен зекет туралы жазылған деректер кездеседі. Ал Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылық тұтқасы» мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Мұсылмандық шарты» атты еңбектерінде Құрбан айтқан арналған арнайы бөлімдер бар.
Мәселен, Шәкәрім еңбегінің «Құрбан шалмақ» деп аталатын бөлімінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады. Өзіне тиісті байынан бөлек малы болса, қатыны да һәм сүнетіне басқан, яки бір мирастан тиген жас баласының малы болса, зекетке толымды болса, оған да құрбан шалмақ әкесіне уәжіп. Біреу өлсе, қатыны һәм ер жеткен балалары яки әке-шешесі қалса, шариғат бойынша малын мирас қылып бөлгенде, әрқайсысына зекетке толарлық мал тиетұғын болса, бәріне де құрбан шалмақ уәжіп болады», деп жазады.
Дана ақын құрбандыққа қандай мал жарамды екенін де осы еңбегінде егжей-тегжей баяндаған: «Құрбанға қой менен ешкінің он екі айды бітіріп, он үшінші айға кіргені жарайды. Қойдың алты айдан өтіп, жеті айға кірген тоқты жарайды деген нашар сөз. Оны шалуға жарамайды, себебі енесімен бірдей болса жарайды деген. Ол енесіменен бірдей болмайды. Оған қарамай, әжептәуір жарайды деді ғой деп шала берген жарамайды. Сиырдың жиырма бесінші айға кіргені жарайды. Түйенің алты жасқа кіргені жарайды. Бір қой бір кісіге жарайды. Түйе менен сиырдың біреуі жеті кісіге дейін жарайды, онан көпке жарамайды. Құлағының яки құйрығының үштен бірінен көбірегі жоқ болса, жарамайды. Жілігі татымайтұғын арық мал, шалатұғын жерге басып бара алмаған ақсақ қаттырақ ауру мал жарамайды. Құрбанды құрбан айттың үш күнінің қайсысында шалса да дұрыс. Бірақ алғашқы күн жақсы, онан соң орта күн, онан соң аяқ күн», дейді.
Қазақ халқы исламмен бірге келген ұлы мерекелерге өзіндік ұлттық ерекшелігіне сай салт-жораларын да қосып, өзге халықтардан бөлекше атап өткені белгілі. Мәселен, Рамазан айында «Жарапазан» айтып жырға қосса, Құрбан айт көктем мезгіліне келген жылдары оны Наурыз мейрамы секілді тойлайтын. Сол күні ағаш отырғызып, бұлақтың көзін ашып, дін құндылықтарын жыр-термеге қосып, елді имандылыққа шақыратын. Айт күні ат шаптырып, бәйге ұйымдастыратын.
Құрбан айт күндері бір-бірінің үйіне айттап бару – қазақтың байырғы баба салты. Ал келген қонаққа айттық беру – үй иесінің міндеті. Одан бөлек жайнамаз, тақия, тәспі, кестелі орамал секілді кәде-сыйларын да жадынан шығармайтын. Мерекенің шын қадірін сезіндіретін осы салттар тіпті кеңес одағында дінге тыйым салынғанда да ел ішінде кеңінен атап өтіліп жүрген.
Айт күні дастарқан жайып, ата-баба рухына құран бағыштау – қазақ ауылдарында тіпті үзілмеген дәстүр.
1921 жылы 5 наурызда Орынборда Сейтқали Меңдешовтің төрағалығымен өткен Қазақстан Автономиялық Республикасы Орталық атқару комитеті төралқасында «Мұсылмандар мерекесі» туралы шешім қабылданып, Ораза айт 3 күн, Құрбан айт 3 күн, Наурыз 1 күн ресми мереке ретінде атап өтілетін болған еді. Бұл төралқа мәжілісіне А.Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары қатысқаны айтылады. Алайда қуаныш көпке созылмай, 1926 жылы мұсылмандық мерекелерді атап өту күштеп тоқтатылды.
Тек тәуелсіздік алғаннан кейін ғана ел мұсылмандары ұлық мерекені қайта тойлауға қолы жеткені белгілі. Ал 2005 жылғы 28 желтоқсанда Парламент депутаттары «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңына толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қабылдап, соған сәйкес мұсылмандық Құрбан айттың бірінші күні мен православтардың Рождествосы елімізде демалыс күндері болып жарияланды.
Құрбан айттың құлшылық ретіндегі сауабы, оның Аллаға жақындататын амал екендігі көп айтылып келеді. Негізі Айт – «мерекелеу», «хал сұрасу», «бір-бірін қуанту», «қуанышқа топталу» деген мағыналарды білдіретін сөз. Бұл күні адамдар тек айт намазын оқып, құрбан шалумен шектелмейді. Адамның ішкі ниеті, шын пейілі, тақуалығы, басқаларға жанашырлығы таразыға түседі. Сондай-ақ пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы да сыналады. Барша мұсылман жұртшылығын бір-біріне жанашыр болуға, қамқорлық жасауға, өзара мейірімді болуға шақырады.
Елімізде кейінгі жылдары Құрбан айт, ораза секілді діни күндері әлеуметтік деңгейі төмен отбасыларға қайырымдылық жасау, көмектесу күніне айналды.
Міне, осылайша, қайырымдылық іс-шаралары өзара сүйіспеншіліктің артуына ықпал жасап келеді. Имамдар бұл күні адамдардың бір-біріне сыйлық жасауы да сауапты амалға жататынын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бір-біріңе сыйлық беріп, татуласыңдар… Бір-біріңе берген сыйлықтарың – араларыңдағы өшпенділікті жояды», деп өсиет еткен. Яғни мейрам күндері араздасқан, араласпай кеткен ағайын-туыстың, дос-жаранның татуласуға қадам жасап, бір-біріне деген реніштерін кешіруі де ізгі амал болмақ.
Сөз соңында қазір қоғамда көп көтеріліп жүрген бір сұрақ – «Несиесі бар адамға құрбан шалуға бола ма?» деген мәселеге жауап іздеп көрсек. Бүгінгі таңда несиесіз адам аз. Тапқан-таянғанының бәрін банкке құйып жатқан адам құрбан шалмаса бола ма? Елімізге белгілі Kazislam сайтының теологі Икрам Айтаев бұл сауалға былай жауап беріпті: «…Өмірлік қажеттілік адамды несие алуға мәжбүрлейді, осы несиенің арқасында кәсіп ашып немесе пәтер сатып алып жатқан жандар бар. Шариғат аса қажеттілік болмаса, несие алуды насихаттамайды. Күнделікті табысыңыз несиемен кетіп жатса, құрбандық шалу міндет емес. Егер табысыңыз несиеден артылып тұрса, сауап үшін шамаңыз келген (қой, ешкі, т.б.) малды шалып, құрбандық етін отбасыңыз және ағайын-туысыңызбен пайдалансаңыз болады».
Иә, Жаратушының ризашылығы үшін шалынған құрбандық адамдардың жүрегіндегі кір-қоқыс пен көңіліндегі пенделікті жуып шайып, халқына, еліне, дініне деген сүйіспеншілікке толуын тілейміз. Шалған құрбандықтарыңыз қабыл болсын!