ХХ ғасырдың соңғы он жылы, яғни, Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алып, азаттықтың алғашқы жылдары балалық шағымен тұспа-тұс келген жандардың бірі – республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб-имамы Бақытжан Өткелбаев. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында бас мешіттің жамағатына рухани білім беріп жүрген исламтанушымен ширек ғасырдағы еліміздегі діни саласындағы жетістіктер жөнінде аз-кем сұхбаттасқан едік.
Алғашқы діни ұстазымыз теміржолшы еді
90-шы жылдардың басы біздің мектеп жасындағы кезіміз еді. Орталықтандырылған жүйеге үйнеріп қалған, бірдей тамақтанып, бірдей киініп, дайын еңбекақы алған халыққа шынында тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қиынға соқты. Ел басындағы азаматтар халықты қалай тамақтандырамыз деп жарғақ құлағы жастыққа тимей жұмыс істеді. Өйткені, ешкімде ақша жоқ еді. Ақша болған күннің өзінде сатып алатын нан жоқ болатын. Себебі, бидай жоқ. Біз Арыс қаласында тұрдық. Үйде он баламыз, күніне он шақты нан алу үшін бес-алты дүкенді аралап, ұзын-сонар кезекке тұратынбыз.
Білім алу да оңай болды дей алмаймыз. Әсіресе, қыстыгүні мектептер жылытатын көмір болмағандықтан түгел жабылатын. Сөйтіп, ауылға барып мал бағып, көкпар шауып, әке-шешемізге көмектесетінбіз. Дүниелік жағынан жетіспей жатқанда діни ахуалды ойлайтын уақыт та болмады. Десе де, егемендік алғанымыздың ең үлкен нығметінің бірі – осы ата-баба діні қайтадан қанат жайып, салт-дәстүріміз оралды. Бірақ, бәрі бір де діни ахуалымыз ауыз толтырып айтарлықтай емес еді. Өйткені, діни білімді азаматтар болмады. Қазақстан бойынша Абдулла Жолдасов, Арыс қаласында имам болған Құттықожа секілді Бұхара медреселерінен шыққан бірен-саран ғана діни мамандар қызмет істеді. Ал, қалғаны намаз-оразаны аталарынан үйренген адамдар еді. Әлі есімде 93-жылдары мешіт қасындағы кішігірім медреседе сауат аштық. Қазір қарап отырсам, бізге білім берген ұстаздың өзі білімді емес екен. Тек басқаларға қарағанда Құранды тәуір оқығандықтан оны мешіт жамағаты имам қылып тағайындап қойған. Ол кісі негізінен темір жолда жұмыс істейтін. Күнде кешкісін шаршаса да бізге білгенін үйретіп отыратын.
Діни университеттің алғашқы түлектері болдық
Әкем өзіміз туып-өскен Ақдала ауылында имамдық қызметте болды. Мені 1995 жылы Алматыға медресеге оқуға жіберді. Бірақ, медреседе жатақхана мәселесі қиындау әрі бала көп болғандықтан екі ай ағамның үйінен қатынап жүрдім де, кейін ауылға қайта келдім. Сөйтіп, әкем қызмет ететін мешіт жанынан медресе ашылып, оған зерек, оқыған, білімді діни маман келді деп марқұм анам мені сонда берді. Бұдан кейін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында медресе болып бастап, кейін институт, 1998 жылы университет лицензиясын алған Шымкенттегі жоғары оқу орнына түсуге қарекет жасадық. Оған түсер алдында бес ай дайындық курсынан өтіп, сол жылы қыркүйекте қазір «Отырар» университеті аталатын, сол кездегі Халыақаралық қазақ-араб университетіне түстім. Ол жерден бүгінде елеулі еңбек етіп жатқан еліміздегі беделді діни мамандар шыққан. Міне, биыл Білім министрлігі университет дәрежесін берген ЖОО-ға жиырма жыл толса, біз – соның алғашқы түлектеріміз. «Отандық өнім» деген бар ғой, сол секілді біз де – тек Қазақстанда оқыған отандық мамандармыз. Абай атамыз да шетелде білім алмай-ақ, шетелдің кітаптарымен сусындап өскен ғой. Аллаға шүкір, қазір шетелге шықпай-ақ елімізде діни білім алуға барлық жағдай жасалған. Мәселен, «Нұр-Мубарак» университетінен бакалавр өз алдына, магистратура мен доктарантураға дейін оқуға мүмкіндік бар.
Исламтанушы ұстаздардың еңбегі зор
Әрине, діни білім де дүниелік ілімдер секілді ұстаздың алдын көрумен, кітап оқумен жетіледі. Елімізде діни білім алам деп талаптанған кез келген адамға жоғарыда айтқанымдай барлық жағдай жасалған. Қазақ тіліндегі оқулықтар, кітаптар күн санап көбейіп жатыр. Ұстаздардың, теолог, исламтанушылардың да қатары жыл сайын толығып жатыр. Ал, егемендік алып, еңсемізді тіктеуге енді ғана кірісіп жатқан тұста дүниелік жағдайдан діни ахуалды артық қойған Абдолла Жолдасов ақсақалымыздың еңбегін ерекше атай кету керек. Әлі күнге дейін Шымкентте тұратын ұстазымыз – араб тілін өте жақсы меңгерген және ислам тарихын түбегейлі зерттеген маман. Оның алдын көрген шәкірттері қазір еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Одан кейін алғашқы болып университет ашқан Төрежан Жүніс және оның жұбайы Оразгүл Көбеева апайымыздың еңбегі ерен. Оларды көпшілік біле бермеуі мүмкін, бірақ, Қазақстандағы ислам діні саласына олардың сіңірген еңбегі өлшеусіз деп білемін.
Араб тілінің маманы Нұрлан Мансұров, білікті аудармашы Ықтияр Палтөре, қазір Маңғыстау облысының өкіл имамы қызметіндегі Смайыл Сейтбеков сынды ағаларымыз шетелден білім алып, білгенімен туған елімізде бөлісіп жатқан жайы бар. Мысалы, С.Сейтбеков ағамыз арабша, түрікше жазылған ислам тарихына қатысты оқулықтарды қазақшаға аударып лекция жаздырса, кейін солар жиналып-жиналып «Ислам тарихы» деген кітапқа айналды.
Тәуелсіздік – Алланың берген үлкен нығметі
Тізе берсек, дін саласында да ширек ғасырда жеткен жетістіктеріміз көп. Тоғыз медрсеміздің түлектері мемлекеттік қызметте немесе орталық мешіттерде еңбек ете алады. Қазірдің өзінде республика бойынша 2500 мешітте 6 мыңнан аса діни маман қызмет істеп жатыр. Орталық Азияда теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітіне де жамағат сыймай жатыр. Әсіресе, Айт намаздарына 45000 адам қатысады екен. Жақында Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен аумағы 60 мың шаршы метр болатын, «Әзірет Сұлтан» мешітінен үш есе үлкен жаңа мешіттің құрылысы басталмақ. Мінеки, осының бәрі – ел тәуелсіздігінің арқасы. Баяғыда Мөңке би бабамыз:
«Ораза, намаз тоқтықта,
Бостандығың болмаса,
Сәлдең қалар боқтықта»-деген екен. Осы бостандығымыз болмаған тұста өмір сүрген үш-төрт толқын өзге тілде сөйлеп, діннен бейхабар болды. Қазір Құдайға шүкір, егемендігіміз бар, кейбір шет мемлекеттердегідей мылтықтың даусынан емес, азанның даусынан оянып жүрміз. Әлемде Қазақстан халқынан бес, он, тіпті жүз есе көп босқындар, жұмыссыздар, аштықта, кедейлікте, соғыс жағдайында өмір сүріп жатқан адамдар бар. Ендеше, бұған тәубе етіп, шүкір деу керек. Аллаға шүкір етуді тек қана құлшылық деп түсінсек қателесеміз. Шүкір ету – құлшылықпен бірге, адамдарға жақсылық жасау, ата-анаңнан бастап, ағайын-туыс, көрші-көлем, ең ақыры қазақ бауырыңа немесе өзге ұлт, дін өкілі болса да оған адам баласы ретінде құрметпеу қарау, қолыңнан келсе көмектесу, шамаң жетпесе жақсы тілекте болу.
Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімнің «Ибраһим» сүресінде «Маған шүкір етсеңдер нығметтеріңді арттыра беремін. Ал, күпірлік қылсаңдар, біліңдер, менің азабым – қатты» деп ескертеді. Демек, кешегі бабаларымыз армандап өткен Тәңір берген тәтті сыйымыз, баға жетпес нығметіміз тәуелсіздігімізді қадірлеуге тиіспіз. Алла Тағала еліміздің тәуелсіздігін бекем, болашағын баянды қылғай! Әмин!
Сұхбаттасқан – Ермұрат НАЗАРҰЛЫ