Cұрақ: Бақытты жанұя болудың құпиясы қандай?
Жауап: Негізінде отбасылық бақытты бал жасайтын екі араға ұқсатуға болады. Себебі, бұл аралар қаншалықты еңбек қылса, балдың мөлшері де соншалықты арта түседі. Көптеген адамдар отбасылық бақытты армандап, оның қайда кеткенін іздейді. Үйдегі береке мен татулықты арман етеді. Оларды қалай қайтарып алуға болады? деген сияқты сұрақтармен әлек.
Бақытты отбасы некеден бастау алады. Сондықтан шариғат жас жұбайлар үшін ақ некені әмір етеді. Некесіз жанұя, азаматтық отбасы деген сияқты т.б. некесіз жұптық қарым-қатынастың барлығы мұсылманшылыққа жат. Мұндай некедегі азамат өзінің отбасы алдындағы міндеті мен борышын сезінбейді. Отбасына немқұрайлы қарайды.
Расында да бақытты отбасын құру екі жастың қолында. Бақытты отбасын құруды қалайтын азамат әуелі махаббат пен парасаттылықты басшылыққа алуы тиіс. Алайда бұл айтылып отырған махаббат – жарқ етіп пайда болып кейін қайта өшіп қалатын әуестік махаббат емес, рухани үйлесімділік пен жоғарғы сезімді нәзік махаббат. Алла тағала Құранда: «Сендердің өз табиғаттарыңа үйлестіріп (өз қастарыңнан) әйел жынысын жаратқаны да, оларға тіршілік ләззаті етіп, сүйіспеншілік, мейірім бергені де ұлылықтың белгісі», – деп хабар берген (Рұм: 21).
Сондықтан отбасылық бақытқа жету үшін махаббатпен бірге ерлі-зайыптылардың өзара кешірімділігі, бір-біріне түсініспен қарауы, отбасы мүшелерінің арасында сенімнің берік болуы сияқты т.б. ізгі қасиеттердің маңызы үлкен. Өйткені адамның намысына тиетін кез-келген жаман сөз және уақытында тежелмей қалған ашу-ыза отбасының ыдырауына соқтырады. Ал көзге елеусіз көрінетін жас жұбайлар арасындағы ерегісу мен қыңыр сөздер отбасы бақытына сыза түсіреді.
Отбасын бақытты ететін арнайы дұға жоқ. Ол үшін жғарыда айтқанымыздай жастар өздеріне сеніп, дініміз бен дәстүріміз көрсеткен отбасылық құндылықтарын дәріптеумен қатар шамаға қарай оларды орындауға тиіс. «Менің қолымнан келмейді» немесе «Бақытты отбасы жай қиял» деген сияқты писсимистік көзқарасқа түспеу керек. Сен үйлендің бе, үйлі болдың ба демек, Алла саған отбасы бақытты ету мүмкіндігін берді деген сөз. Шаңырақты бақытқа толтыру сенің міндетің, алдыңдағы асқақ мақсатың.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ