Бүгінде ата-аналар арасында баланы қалай тәрбиелеу керектігі турасында көптеген талас-тартыстардың бары ақиқат. Біреу баласын ішкізіп-жегізіп шалқытып өсірсем жақсы адам болады десе, енді біреулері «аюға намаз үйреткен – таяқ» дегеннің кебін кимек. Ал, енді біреулері «есейе келе өз жолын өзі тауып алады» деп самарқау қоя салады. Ендеше, бұғанасы қатпаған баланың ержеткенде «әкенің ұлы емес, адамның баласы» болуы үшін қайтпек керек? Бұл тұрғыда асыл дінімізде қандай қағидалар дәріптеледі? Зерделеп көрелік:
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) бір хадисінде «Мен жер бетіне адамзатқа ұстаз етіп жіберілдім», – десе, тағы бір хадисінде «Мен көркем мінезді толықтырып, кемелдендіру үшін жіберілдім», – дейді. Міне, Исламның ең басты мақсаты да адамзатты көркем мінезділік пен жақсы құлыққа тәрбиелеу. Ендеше, адамзатты тәрбиелеу бала тәрбиесінен бастау алатыны белгілі.
Қазақ айтатын «баланы жастан» деген өмір пәлсапасын Ислам шариғаты да құп алады екен. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) «Әкесінің баласына жасаған жақсылықтарының ең бағалысы – жақсы тәрбие», «балаға бір мәрте көңіл бөліп, тәрбие беру – бір сағ (2120 граммға тең) көлемінде садақа бергеннен де жақсы» деу арқылы жақсы тәрбиенің қаншалықты маңызды екенін жеткізген. Әке мен шешеге тең дәрежеде жүктелген осы міндетті дұрыс атқару үшін асыл дініміздің рөлі ерекше. Бұл жайында хадистерде «әр қайсыларыңыз жауаптысыздар. Қарамағыңыздағыдан қиямет күні есеп бересіздер… Отағасы отбасынан сұралады» деп ескерткен.
Ал, Алланың ақырғы Елшісінің (с.ғ.с) «Әйелдің төрт сипатына қарап үйленеді» деп баталатын хадисте «діндарын таңда» дегені бекерден-бекер болмаса керек. Салихалы, тақуа жар тапсаң, балаңды да солай тәрбиелейді демек дүр. Ендеше, асыл шариғатымызда бала тәрбиесі арыдан, отбасы болмастан бұрын басталмақ. Ақ некенің маңызды мақсаттарының бірі де, бірегейі өмірге ұрпақ әкеліп, иманды, салихалы бала тәрбиелеу емес пе?!
Бейресми деректерге негізделгенде, жыл сайын елімізде 100 мыңнан астам бала ата-анасы бола тұра олардың қарауынсыз қалуы салдарынан кезбе-қаңғыбастыққа салынады екен. Бала нығыметін аялай алмаған бейбақтардың кесірінен күл-қоқыс арасынан да бейкүнә сәбилер табылып жатады. Ал, балаларын бұлай тастап, үлкен күнәға батпаса да, балаларын сабырлылыққа шақыра алмағандықтан, басы ауырып, балтыры сыздаған күні өзіне-өзі қол жұмсайтын оқу жасындағы балалардың саны да көбейіп келеді.
Мағжан Жұмабаевша айтсақ, «тәрбиелеудегі мақсұт – адамды һәм сол адамның ұлтын, асса, барлық адамзат дүниесін бақытты қылу». Осы «бақытты қылуды» армандап отырған баламыздың бірде болмаса бірде қателеспейтін, жаза баспайтын кезі болмауы мүмкін емес. Бұндайда не істеу керек?
Құранда Аллаһ Тағала Лұқманның баласын қалай тәрбиелегенін адам баласын былайша ғибрат етеді: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: “Әй, балақаным! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз ортақ қосу – зор зұлымдық… Әй, балақаным! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден” (дейді)» («Лұқман» сүресі, 13-17 аяттар). Жүсіп (а.с) пайғамбардың бала кездінде көрген түсін әкесі Жақып (а.с) пайғамбарға айтқанда, байыппен тыңдаған әкесі: «Балапаным, түсіңді бауырларыңа айтпа. Әйтпсе олра саған қастандық жасауы мүмкін», – дейді. («Жүсіп» сүресі, 5-аят)
Бұл аяттардағы Лұқман мен Жүсіп (а.с) қиссасынан баланы тәрбиелеу методикасы мен тәрбие кезеңдерін білуге болады. «Әй, балақаным!», «балапаным» т.б баланы баурап алар жылы сөздерден бастау, одан қала берді бұл аяттардан жақсылық пен жамандықтың ара жігін ажырататын «маңызды істерді» үйрету керек екенін, баланы сабырлылыққа тәрбиелеудің де маңызды рөл ойнайтынын аңғарамыз. Аяттың жалғасын оқи отыра «маңызды істердің» ислам құндылықтары екнін бірден байқаймыз. Демек балаға ислам құндылықтарын үйретпеу – бала тәрбиесіндегі орны толмас кемшілік болмақ.
Қазақ қоғамындағы діннен бейхабар кейбір ата-аналар балаларының денсаулығына, киім-кешегіне, ішіп-жеуіне, сұраныстағы мамандықты оқуына қатты көңіл бөліп, оның ислами тәрбиесіне көңіл бөлмейтіні жасырын емес. Соның кесірінен бүгінгі күнде біздегі жастардың бей-берекет кетуі басым. Үлде мен бүлдеге оранып, «шоколад, кәмпитпен» бағылған, бірақ арзан ойын күлкіні місе тұтып, үлкенді силамайтын, дөрекі, оғаш қылықтар мен бейпіл ауыз сөздерді ғанибет біліп жүрген жастардың алды ата-анасын қараусыз қалдырып, қарттар үйіне апарып, қоғамның жүгін одан арман ауырлатуда. Кеңес заманында балалар ислами тәрбие аз көрді, тіпті көрмеді де. Дінсіз ұрпақ көзі тірі ата-анасы мен бейкүнә баласын да қараусыз қалдырғанда басқа не ісемейді?
Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с) мәдиналық мұсылман кісі, бір кішкентай Рафиға ибн Әмір деген баланы жетектеп, дедектетіп алып келеді. Бала қорқып, түсі суық болып, реңі қашып кеткен. Сонда әлгі кісі айтады:
–Мына бала менің құрмама ағаштарыма тас лақытырып ұрлық жасап жүр. Тиісті жазасын беріңіз.
Әлгі бала Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қандай жаза береді екен деп үрейленіп тұрған кезде, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мейірімділікпен:
–Ботақаным, – дейді. Қорқып тұрған адамынан жылы сөз естіген әлгі бала жадырап шыға келді. Сосын:
–Бұны неге істедің? – деп сұрайды. Бала өзінің қарны қатты ашқандығын, сондықтан ұрлық істеуге мәжбүр болғанын айтып шағымданады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы да «ботақаным» деп бастап, жерде шашылып жатқан құрмаларды жесе болатынын айтып, ағаш басындағы құрмаларды алмауды өсиет етеді. Сосын баланың басына қолын қойып, Алладан оның қарнын тойдыруын, көркем ахылақ иесі етуін сұрап дұға қылады.
Бір қарамаққа қарапайым мысал болғанымен астарында күллі адамзат үшін Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) тәрбие мектебінің асыл өнегесі жатқан еді. Әуелі, мейірім мен жылы сөз. Одан кейін бала жасаған қателіктің себебіне үңілу. Содан барып дұрыс тәрбие беру керек екенін ұғындырады. Бұл күнде қателік жасаған балаға себебін сұрастырмастан «неге бүйттің», «неге бұзықтық жасайсың» деп зекіп ұрсып, жөні келсе тайақтап, «екінші қайталайсың ба» деп аузынан ант аламыз. Бәрібір, баланы сол істен тия алмаймыз. Себебі, бұл істер Алла Елшісінің (с.ғ.с) өнегелері емес.
Балаға Құран насихаттап, Пайғамбарымыз орындаған мейірім көрсетілген жоқ. Жүйелі көркем тәрбие берілген жоқ. Адамзаттың ұстазы Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ұрлық жасаған балаға, Құранда келтірілген Лұқыман, Жүсіп (а.с) бауырларының өнегесін бойынша, асқан мейірімділікпен байыпты тәрбие берген жоқ па?! «Жылы-жылы сөйлесе жылан ініне кіреді» дегендей жұмсақ мейірім мен жылы сөз де тәрбие методикасының құрамдас бір бөлігі.
Адамзатты жетілдіру үшін жіберілген ақиқат дін – мейірімділік пен ізгілік діні. Өз заманында Пайғамбарлар сардары Мұхаммед Мұстафа (с.ғ.с) сахабаларға мейірімділік ететіні соншалықты. Неше мың сахаба бар. Соның бәрі де «Пайғамбардың (с.ғ.с) ең жақсы көрген адамы мен шығармын» деп ойлап қалады екен. Міне, Адамзата асылының мұншалық мейірімділік үлгісін көрсетуі тегіннен-тегін емес. Адамның бақытқа, көп игілікке қол жеткізуінің өзі осы мейірімділіктен басталмақ. Бұл бала тәрбиесіне де қатысты.
Тағы Құранға жүгінсек, «Саффт» сүресінде Ибраһим (а.с) пайғамбардың ұлымен ақылдасу үшін оны серуенге шақырғаны баяндалады. Бұдан тәрбиелік методиканың аса қажет екенін аңғарамыз. Осыған қатысты Лұқыманның «Әй, балақаным! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден” (дейді)» («Лұқмн» сүресі, 17 аят) деген қиссасынан алатын тағы бір өнеге бар. «Расында Лұқыманға хикімет бағыштадық» («Лұқмн» сүресі, 12 аят) деп Құранда аты аталған салих пендесі Лұқыманның өзі істеген амалдарын баласына насихат етуін бізге өнеге ретінде айту арқылы, Ұлы Раббымыз қияметке дейін келетін адам пендесіне бала тәрбиесінде бірінші ата-аналар өзі өнеге болуы керектігін ескертеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) тағы бір хадисінде «Балаларыңды құрметтеңдер және жақсы тәрбие беріңдер» дейді. Ендеше, өзіміз істемейтін істі баламызға бұйырып жүрген біздікіне жол болсын! Баламызға «арақ ішпе», «темекіге жолама» деп тәрбие беріп, өзіміз қызып ап, тілімізді шайнап тұрсақ бала қалай арақ ішпейді. Темекіге жұмсаған баламыз қалай темекі тарпасын?! Міне, осылайша бізде балаға дұрыс тәрбие бергеннің орынна нені сұраса, соны беріп, бетінен қақпай, әлімізше еркелететін жаман әдет бар.
Ислам дінін жақсы ұстанған замандарда халқымызда «қарттар үйі», «жетімдер үйі», «тастанды бала» деген ұғымдардың атымен болмағанын жиі айтсақ та, әлі күнге дінімізге мән бермей келеміз. Аллаһ Тағаланың құлдарына берген сансыз нығыметтерінің бірі-бала нығыметі. Ендеше, осы баланың бақыт жолын Ислам құндылықтарынан қарастырып көркем қарым-қатынас, мейірім мен жанұя жылуы, өрелі өнеге көрсеткен абзал.
Оразбек САПАРХАН