– Орта ғасырларды күллі ислам дүниесінде қалыптасқан, қазақ халқы да шет қалмаған бір игі дәстүр бар. Қалам ұстаған кез-келген сөз зергері әңгімесін Алла атымен бастап, тырнақалды туындысын дін исламның қағидаларын зерттеп-зерделеуге, талдап-түсіндіруге арнаған. Бұл дәстүр Алланың алдындағы парызынан арылудың бір жолы ғана емес, қаламгердің рухани білімін тұжырымдап, ой-пікірлерін тиянақтап, кем-кетігін саралап алуға деген талпынысы болса керек. Білгенін білмегендермен бөлісу, өзгеге жеткізе отырып, өз білігін жетілдіру мақсаты да осымен орайлас жатыр. Бірі ерте, бірі кеш жазылғанымен, Ыбырайдың «Мұсылманшылық тұтқасы», Абайдың «Қарасөздері», Шәкәрімнің «Мұсылмандық шарты», Мәшһүр Жүсіптің «Қара местегі» жиған-тергендері осы дәстүрдің заңды жалғасы іспетті. Әрбір ілім иесі өзіне дейінгілердің ой-пікірін бір саты ілгерілетіп, бір табан алға жылжытып отыратыны әлімсақтан аян жайт. Сондықтан бұл дәстүр имани ұстанымдар арқылы қалыптасатын қоғамдық ақыл-ойды бір арнаға тоғыстырып, үздіксіз ілгерілетіп отырудың тиімді жолы болған. Аталған ғұламаларымыз бізге өз мүмкіндігі шегінде өздері таныған шындықты жеткізуге тырысты. Өз білігін жинақтау, жетілдіру барысында ой бөлісті. Танымдық даму сатыларын аңдатып, тәжірибесін көш-жөнекей көрсетіп отырды. Аяқталған ақиқатты тану ажалды пенденің бәріне бұйыра бермесі белгілі. Сондықтан ұлтымыздың маңдайына бұйырған ұлылардың ұстанымдарына құрметпен қарап, туындыларын талдап-таразылап, танып, пайдаланып қана қоймай, қажет кезінде сын көзбен қарап, жетілдіріп отыру да бәрімізге парыз. Бұл әрбір жаңа буын үшін жазылмаған заң, ауызекі аманат болуға тиіс.
Ал Абай мен Шәкәрім пікірлерінің дінаралық түсіністікке қаншалықты негіз бола алатыны – дербес әңгіменің арқауы. Ойашар ретінде айтарымыз: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзді мәмілегер ұлттың құшағында өскен Абай ақын айтты. Сайын даланы санасына да, жүрегіне де сыйдырған ұлттың өкілі Шәкәрім діндер мәселесіне әлемдік деңгейдегі биіктен көз салуға тырысты. Ұлылардың болмысы ұлт болмысынан бөлек емес. Біздің «меніміз» бен «бізіміздің» айырмасы аз. Естілердің сөзін ескеріп өскен, тағдыр табыстырған сан ұлысты бауырына баса білген ұлттың ұстанымы осы.