Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йоркте өткізілген 73 – сессиясының аясында БҰҰ Өркениеттер Альянсының «Достар тобының» министрлер кездесуінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 10-11 қазанда Астанада өтетін алдағы VI съезінің негізгі міндеттері мен маңызы туралы баяндады. –Алдағы съезд қауіпсіз әлемді сақтауда діни лидерлердің рөліне арналған. Рухани көшбасшылардың сенім мен өзара құрметтеуді нығайтуға, діни экстремизмге қарсы күрес және қауіпсіз әлемді құруға қол жеткізетіндігіне сенім артамыз, – деді Қ.Әбдірахманов кездесу барысында. Қ.Әбдірахманов діни және саяси көшбасшылар, халықаралық ұйымдардың басшылары және азаматтық қоғам өкілдерінің форумға қатысқандығын атап өтті.
Өркениеттер Альянсының басшысы, жоғары өкіл Насир Абдулазиз әл-Насер кездесу барысында Астанадағы Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезіне БҰҰ Бас хатшысы Антонио Антониу Гутерриштің арнайы өкілі ретінде қатысатынын айтты. Қ. Әбдірахманов «Байланыстарды орнату: бейбітшілік мәдениетін ілгерілету үшін жұмсақ күшті пайдалану» атты БҰҰ Өркениеттер Альянсының «Достар тобының» министрлік кездесуінің негізгі тақырыбына байланысты «қатты күш» құралдарының бастапқы шектеулі мақсаты аяқталғандығын, олардың табысы уақытша екендігін тәжірибе көрсеткендігін және әскери күш қолдану жаңа зомбылық тудыратындығын атап өтті. Жанжалдарды болдырмаудың және әлеуметтік бірлікті нығайтудың негізгі элементтері болып саналатын толеранттылық, білім беру, позитивті адами құндылықтарын ілгерілетуге ықпал ететін құралдар ұзақ мерзімді әсері бар «жұмсақ күштің» ең тиімді құралдары болып табылады.
Осы тұрғыда, Қайрат Әбдірахманов ұлттық бірегейлікті сақтауға және Қазақстанның жаһандық мәдени ортаға одан әрі ықпалдасуына бағытталған қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы айтып берді. Сонымен қатар, Министр Ауғанстан студенттерінің елімізде оқуына қаражат бөлу және ауған қыздарын Қазақстан мен Өзбекстанның жоғары оқу орындарында оқытуға бағытталған Өзбекстан мен Еуропалық Одақпен бірлескен жобаға қатысуды қоса алғанда Қазақстанның Орталық Азия аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылықты дамытуға бағытталған шараларына назар аударды.