Күндердің күнінде Куфа қаласында әскер басшысы жалғыз басты әйелді жар етіп алады. Бірақ, олардың үйленулері шариғат талаптарына сәйкес болмай, екеуара келісім арқылы ғана (азаматтық неке ретінде) жүзеге асады. Содан арада бір жыл өтіп, әйел жүкті болады. Мұны естіген күйеуі құптамай, баладан бас тартып, ақырында әйелді де тастап із-түссіз жоғалып кетеді. Мұнан соң әйел жергілікті қазыға шағымданады. Қазы өз кезегінде үйленгендері туралы құжат немесе қандай да бір дәлел сұрайды. Бұған әйел:
– Ол маған үйленгенде менің тарапымнан қорғаушым Алла Тағала болды, ал куәгер ретінде екі періште болды, басқа айтар, не берер дәлелім жоқ, – дейді. Мұндай жауапқа қанағаттанбаған қазы әйелдің өзін кінәлап қуып шығады.
Еңсесі түскен бойда ол танымал ғалым Әбу Ханифаға барып, шешім табу үшін жөн сұрағысы келеді. Ғалымға келіп мән-жайды айтқаннан кейін ол да бұл некенің дұрыс болмағанына қынжылып, қазыға қайта барып, оның алдында не айту керектігін үйретеді. Әйел ертесіне қайтадан дәлел сұраған қазыға:
– Менің қорғаушыма (Аллаға) және екі періштеме сенбеген қазының қателігін Жаратушы кешірсін! – деп үнсіз қалады.
Сонда қазы не деп жауап қайтарарын білмей, баланың әкесін тауып алып келуді бұйырып, әкелікті мойындау туралы қарар шығарады және оған әйелге тиісті мәһір мөлшерін беруді міндеттеген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы