Әзірет Әлімен күрескен қыз кім? Осылай сауалдап көрейікші. Әрине, аға буын және жалпы зиялы қауым ол алып арудың кім екенін білгенімен, кейінгі жастар онан бұрын нәйеті төрт шадиярдың бірі болған Әлінің өзін біле ме екен? Өкінішіке қарай, тап бүгінде осылай сауалдауға мәжбүрміз.
Иә, аңыз-әфсаналарға қарағанда, Орта Азия аумағында яки шығыс елінің бірінде сондай бір палуан да алапаты асқан сұлу қыз өткен. Оның есімі – Дариға яки жалпыхалықтық тілде «Дариға қыз».
«Дариға қыз – «Дариға қыз» дастанының басты кейіпкері. Аңыз байынша, Әзіреті Әлимен күрескен және оның жары болған. Түркі халықтары арасында «балуан қыз» деген атпен танымал болған қыпшақ қызы» деп деректейді «Бабалар сөзі» жүзтомдығының «Мәтіндерде кездесетін тарихи және діни есімдер» анықтамалығында.
«Алла шері арсылан» атанған, Пайғамбардың (с.ғ.с.) күйеу баласы, немере інісі Әліге қатысты мұсылмандар арасында көптеген аңыз-әфсана, қисса-дастан, әңгімелердің таралғаны мәлім. Қазақ арасында да осы тақырыпқа арналған шығармалар аз емес. Дейтұрғанмен солардың ішінде оның басты рөлде көрініс беретін жерін «Дариға қыз» дастанынан да табуға болады. Онда зерттеушілер атап өткендей, ерлікпен үйлену мотивінің классикалық үлгісі мақсатты түрде пайдаланылып, хазіретінің еш уақытта, ешкімнен жеңілмейтін батыр қыз Дариға туралы хабар алуы, оның еліне келуі мен екеуінің жекпе-жегі, қызды жеңуі мен өз дініне кіргізуі, үйленуі және тағы қаншама шытырман сюжеттік линиялар қамтылған.
Мысалы, «хабар алуы»:
Қатыран шаһарында бір қыз болған,
Жақын жерде шаһардың бәрін жиған.
Балуан қыз Қатыранда бар деген соң,
Ер Әли Арысланға есітілген.
Бір күні қыз Дариға сөз сөйлейді,
Отырып сарайында көп сөйлейді.
«Көп қуат маған берді Жаппар Құдай,
Жалғанда кім жығады мені?», – дейді.
Бұ сөзден Әли Арыслан хабар білді,
Орнынан намыс етіп түрегелді.
Бұ қызбенен күресуге тілек қылып,
Пайғамбарға рұқсат ала келді дейді.
Осының бәрі ел ішінде мың жылдан аса тынбай жырлана келіп, ақырында алғаш рет басты нұсқасы 1897 жылы Қазан қаласында басылып шыққан ілкі де өміршең дастанның ислами құндылығын көрсетуге таптырмас мысал.
Белгілі ғалым Бақытжан Әзібаева бұл туралы «Бабалар сөзі» кітабының кіріспесінде: «Дастандағы Әлидің күшті қарсыласы – Дариға бейнесі де жан-жақты сипатталған. Оған тән белгілер – орасан зор күш, архаикалық күрескер қыздардың табиғатына тән қасиеттер, т.б. дастанда жекелеген суреттер арқылы берілген. Ол бірде аққу құсқа теңелсе (нәзіктігі жөнінен), «бір қойдың етін бір өзі жеген» деп бірде алыптығы суреттеледі. Сонымен бірге, Дариға – асқан ақыл мен сезімнің иесі» деп жазады.
Өз кезегінде, қазақ арасында бұл жай ауызша былай баяндалады:
Баяғыда Дариға деген (…) батыр қыз болыпты. Бір тамақтанғанда қырық қойдың етін жейді екен. Бірде-бір батыр жеңе алмай кете берген екен. Мұсылманның Әзірет Шері деген батыры қызбен күресуге барады. «Егер жеңсем, мұсылман қыламын» дейді. Пайғамбардан бата алып, күресуге шығады. Он бес күн Құдайға құлшылық етіп, намаз оқиды. Сөйтіп екеуі қырық күн, қырық түн күреседі. «Он бес күнгі намазым бекер болды, тағы да оқиын» деп, тағы он бес күн намаз оқиды. Құдайға құлшылық етеді. Сонда Жәбірейіл періште келіп «Сен енді күресуіңе болады. Алла Тағала саған сексен адамның күшін берді» дейді. Алла аян беріп: «Сен жеңесің» деп айтады. Сонымен, Әзірет Шері қызбен тағы күреседі. Сексен адамның күші бар Әзірет Шері Дариғаны аспанға атып жібереді. Алла тағы аян беріп: «Қызды тосып ал, әйтпесе, күлпаршасы шығады» дейді. «Я, Алла, медет ете көр» деп, қызды тосып алған екен. Қыз жеңілгенін айтып, қосылуға келісімін береді. Екеуі қосылып, Дариға мұсылман болып, күндер өте береді.
Бір күні әзірет Шеріге Алла тағы аян береді: «Бүбатпа сені күтіп, күнде жылап жүр, еліңе қайт» дейді. Әзірет Шері Дариғаға өзінің жары бар екенін, олардың елінде күтіп отырғанын айтып түсіндіреді. Дариға оны еліне аттандырады (Бабалар сөзі. Т. 78, Тараз аймағынан жазып алынған).
Осы жерде бір «бірақ» бар. Оны қазақ жырларында, атап айтқанда мазмұны «Дариға қыз» дастанына өте жақын «Қисса Шаһизинда» дастанында (Жүсіпбек Шайхысламұлы нұсқасы) көп версияларындағыдай Қатыран шаһарынан емес, айперен сұлудың мекен-жайын самарқандық етіп бейнелеу үрдісі барлығын да айта кету керек:
Бұл өзі – өлең қылған кітап сөзі,
Шаhарын Самарқанның биледі өзі.
Бек палуан, сұлулығы туған айдай,
Бар еді Дариға атты жалғыз қызы.
Қаратты палуандықпен тірі жанды,
Сол қыздың қайратына жұрт таң қалды.
«Бар ма екен ерге тиер көңілің», – деп,
Қызына Қатыран патша кісі салды.
– Бір іске жазған шығар Ием, – деді,
Ойланып Дариға қыз именбеді.
«Теңін тапқан кісі азбас» деген сөз бар,
Өзімдей палуан болса тием, – деді.
Қазақ қисса-жырларындағы осы бір балуандыққа атын атап, түсін түстеп, айдарына дейін күреске арналған жалғыз «Қали арыстан мен Дариғаның күресі» (1995 жылы Өлгийде шыққан «Халық жырлары») атты жырда да осы самарқандық версияның қуатталғанын айрықша атаған жөн.
…Өтіпті Қатыран деген бір патша,
Жазайын бұл қиссаны жұрт ұнатса.
Бұл қиссаға құлағың құрышы қанар,
Естіген ғашық болар дәмін татса…
Бұдан шығатын тұжырым сол, «Қатыран» деген елдің я болмаса шаһар емес, патшаның аты. Осыны «бір» деп түйіп қою керек.
Енді осы тақырыптағы жырлардың ең әсерлі тұсына келелік. Әзірет Әлінің палуан қызбен күреске түсіп жеңу сәті ел арасына кең таралған «Дариға» дастанында (Мәтінін ел аузынан жинап, баспаға дайындап алғаш жариялаған Мәулекей Жұмашұлы) былайша баяндалған:
Арыслан «иә, Алла» деп түрегелді.
Аяңдап майдан жерге және келді.
Үстіне майдан тастың барғанында,
Өне бойы қуаттанып күреседі.
Жалғыз келіп майданда Әли тұрды,
Шаһарынан аққудай боп қыз да келді.
Ұйқы ұйықтап, тынығып, ажарланып,
Әлимен алысқалы қыз да келді.
Басады Әли аяғын кердең-кердең,
Жалғанда кім құтылар біздей ерден.
Арыслан «иә, Алла» деп алып кетті,
Көтеріп Дариғаны көрген жерден.
Жарандар, тыңдасаңыз мінекей кеп,
Қарап тұрған тамаша жиылған көп.
Әрі-бері басынан айналдырып,
Бір уақытта алып ұрды «иә, Алла» деп.
Әлиге қуат берген бір Құдай-ды,
Тамам жұрт мұны көріп қайран қалды…
Ғалым Бақытжан Әзібаева дастанға қатысты тағы бір ой толғамында «Әли – күшті, даңқты ер. Ал Дариға сұлу одан да күшті. Бірақ оған қарамастан Әли оны жеңеді. Дариға өз күшінің басым екендігін біле тұра өзін Әлидің жеңетінін алдына ала сезеді және оған ескертеді. Ол болашақ ұлының әкесіне: «Әли, менен артық емес тіпті күшің, Аллаға жаққан екен қылған ісің», – дейді. Яғни, мұнда да Әлидің басым түсуі оның мұсылман болғандығымен түсіндіріледі» дейді.
Ал М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Жанат Салтақова «Даңқы алысқа кеткен Дариға қыз» мақаласында: «Әйел затынан шыққан Дариғаның даңқын алыстан естіген Әли батыр онымен күш сынасуға бел буады. Үлкендерден бата алып, сапарға шығады. Дариғамен 15 күн, 15 түн күресіп, қаза болған намаздарын өтеу үшін бір мәрте ғана рұқсат сұрайды. Балуан қызды жеңе алмағанына намыстанған Әли Алла тағаладан жалбарынып, көмек сұрайды. Оның тілегі қабыл болып, Дариғаны жеңіп, оны әйелдікке алады. Мешіт, медресе салдырып, кәпірлерді ислам дініне кіргізеді» деп талдайды.
Айта кетерлік бір жайт, біріншіден, Дариға секілді күрескер де қаһарман жанды тек Әлі сияқты құдай қолдаған батырдың батыры ғана иліктіре алады. Екіншіден, Әлі – мұсылман халықтарының ең сүйікті кейіпкер-персонажы. Мұсылмандық-бұқаралық сана солай шешкен. Бұл тұсқа комментарий беріп жату артық болар.
Осынау Дариға образының қазақ қыздары, ер-азаматтарының болмысына әсері зор болғанын да естен шығаруға болмайды. Мысалы, Үгедей ханның немересі, Жетісудағы найман, керей, қаңлыны бауырына басқан Қайду ханның қызы Айжарық ханшайым да осы санаттан. Он төрт бауырының ортасында еркелеп өскен қыз өте алғыр, батыр, балуан болып, бүкіл хандықта оны жекпе-жек сайыс пен күресте жеңе алатын ешкім болмаған. «Ханшайымның жасы жиырмаға тақағанда әкесі мен анасы оны тұрмысқа бергісі келеді. Бірақ жас ханша өзін күрес алаңында жеңген адамға ғана жар болатынын айтып, шарт қойған. Бір қызығы, оны бірде-бір жігіт жеңе алмаған» дейді ескі сөз.
Бергі заманнан алсақ, Маңғыстаудағы Қараш Есей Есенғараның Қызанбайының үш ұлдың ортасындағы жалғыз өскен қызы Ұмсынның да бойжеткесін «Күйеуді өзім таңдап тиемін» деп, жеңгелері арқылы әкесіне хабар жеткізіп, өз алдына отау тіккізгені ел аузындағы әңгімелерде жақсы сақталған. Құда түсіп келгендерді ұнатпай, ол да «Мені алатын адам өзінің өнерін, не күшін басқадан асырып барып алады» деген шарт қойған-дүр.
Айтып айтпай не керек, көне грек жылнамашыларынан мифологиялық тұрғыда интерпретацияланып жеткен: «Егер сақ жігіті үйленгісі келсе, алдымен өзінің болашақ қалыңдығымен күресіп жеңуі қажет. Олай болмаған жағдайда, жігіт сол қыздың қол астына күтуші құлы ретінде өтеді» деген мәліметтің өзі неге тұрады! Бұл да болса далалық танымда ежелден күрескер қыздардың ер таңдауының айыпталмайтынына, өзіне сенімді алыптардың ол үрдіске қалыпты құбылыс ретінде қарағанына да дәлелет. Ал кейіннен келген ісләмдік ұғым Әли бейнесі арқылы онымен мазмұндасып, мағыналасып, заңдасып кеткен десек артық емес.
Ел аузында Шәуілдірде отырып бірде атақты Қажымұқанның:
«Қазақта балуан бар ма менен асқан,
«Менмін» деген балуанның көңлін басқан.
Мұқанды қартайғанша топқа салып,
Әруағын көтере гөр Қазақстан!», – деп өлеңдеткені айтылады. Сондай-ақ ол тағы да ескі дастаннан жылап отырып үзінді айтқан деседі: «Барт болып терледі, қызды. Көзінен әнтек жас ақты. Кәріліктің жеткені көрініп тұр. Балаша екі ернін ашып, ел алдында тағы да біраз өлең айтты. Соның бірі – Дариға қыздың Хәзірет Ғалымен күрескен жері» (Бабалар сөзі, 96 том) деп куәлік беріпті бұл туралы көзкөргендер.
Расында, Қажы балуанның басынан да Дариға қыздың оқиғасына ұқсас жағдай өткенін былайға жұрт біле бермейді. Сондықтан оның неге нақты қыз бен Әлінің күрескен жерін ерекшелеп айтты деуге болмайды.
Оның бүгінге жеткен ауызекі әңгімелерге қарағанда мәнісі мынау екен:
Қажымұқанның алғашқы әйелі поляк қызы Надежда Николаевна Шаткова балуан әйел болған. Бұған Қажымұқан 1907 жылы Петерборда үйленген. Қажымұқанның өз сөзіне қарағанда, бұл кісімен балуан сол жылы жазда Петербордың бауында күресіп, жығып алған: «Оның қайраты Хәзіреті Ғали күресетін Дариғадан кем емес еді. Шартымыз – кім жықса, жығылған кісі соның дініне кірмек, оның үстіне бір-біріне тимек болады». Бұл күреске қыпшақтан Жаманшалов дейтін оқымысты, татардан: Яушиев, Опанаеев, Бақтеев, Жүнісов, Ғизатуллиндер барып қатысқан.
Бұл әйелмен Қажымұқан үш сағат күреседі. «Дін күресі болды», – деген Қажымұқан. Әйел жығылған кезде Жаманшалов қолынан ұстап, қазақша киім кигізеді, мұсылман қылады. Атын татардың әлгі миллионерлері «Фатима» деп қояды. Сол жерде үлкен той жасайды. Сол Фатимадан 1909 жылы Халиолла деген ұл туған.
Мұндайға қатысты қазақ бәйіті не деген еді?
«Жауды күшті деме,
Ерлік етсең жығасың.
Тауды биік екен деме,
Талап етсең шығасың».
Сонымен, қорыта айтқанда, дариғалық сарындағы дастандарда көне фольклорлық мотивтер мен құрандық желілер өзара кірігіп, астасып, араласып кеткен деуге болады. Сонымен қатар ондағы сюжеттер бір-бірін руханилық-қисындық жағынан толықтырып қана қоймай, діни кейіпкерлер, ислам батырларының образдары арқылы эпикалық қалыптарға сай сомдалған.
Жалпы, «Дариға» аты – иран тілінде «шіркін-ай, ойпыр-ай» деген көңіл күйді, таңдануды білдіретін сөз, «керемет, тамаша» деген мағыналы есім. Дариғадайын аңыздық қыздың артындағы әдеби-рухани һәм спорттық мұрасы да қазақ ішінде тап сондай дегеннен басқа сөзіміз жоқ.
Ақын Қасым Аманжолов жырлағандай-ақ, «Дариға, сол қыз!».
Мәдениеттанушы-лингвист
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ