Сұрақ: Әзірейіл адамдарға әртүрлі бейнеде көрінетіні рас па?
Жауап: Әзірейіл періштенің ажалмен арпалысып жатқан пендеге қорқынышты яки ұнамды кейіпте көрінуі көптеген діни кітаптарда айтылады. Мысалы, бөлмедегі жүз айнаның біреуі шағылысқан затты қара, екіншісі көк, үшіншісі ұзын әрі жеңішке, ал енді бірі толық, басқасы қысқа етіп көрсететін болса, бөлмеге кірген бір ғана адам жүз айнада жүз түрлі кейіпте көрінеді. Міне, сол сияқты Әзірейіл періште де рухын алатын кісінің иман, құлшылық, мінез-құлық, күнә немесе сауапты істеріне сәйкес рухани айнадағы жағдайына қарай әртүрлі бейнеде көрінеді. Күнәһар адамға үрейлі кейіпте келіп, жанын құдықтан шелекпен су тартқандай ауыр және қинап шығарады. Ал тақуа адамға сұлу бейнеде келіп, рухын майдан қыл суырғанды етіп оп-оңай алуы мүмкін. Әбу Хамид әл-Ғазали ажал періштесі мен Ибраһимнің әңгімесі туралы оқиғаны былай деп баяндайды:
«Бірде Ибраһим пайғамбар Әзірейілге имансыз адамға қандай бейнеде көрінетінін сұраған екен. Сонда өлім періштесі:
– Уа, Ибраһим! Сен бұған шыдай алмайсың, дейді.
Ибраһим болса алған бетінен қайтпады.
Әзірейіл періште:
– Жарайды, онда мұнда қара, – деген деген уақытта Ибраһим пайғамбар басы көкке тиіп, құлақтары мен ауызынан от алаулап тұрған, бет-әлпеті қап-қара қорқынышты бейнені көргенде шыдай алмай талып қалады. Ибраһим есін жиғанда Әзірейіл әу бастағы өз бейнесіне қайта оралды.
Ибраһим пайғамбар:
– Уа өлім періштесі! Имансыз сенің бұл бейнеңді көрсе, басқа азап тартпаса да ол үшін бұл азап жеткілікті. Енді мүміндерге көрінетін бейнеңді көрсетші, деп өтінеді.
Әзірейіл періште:
– Жүзіңді ана жаққа бұр, деді. Ибраһим пайғамбар қарай салысымен көркем жүзді, жұпар иісті, жас жігітті көріп:
– Бұл кім? – деді еріксіз таңырқап, артынша: «Егер мүмін үшін өлім алдында ешқандай да нығмет берілмесе де, мына сенің көркем жүзің ол үшін жеткілікті болғандай екен, деген еді» (Ихиа -у Улум әд-Дин).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ