Сарапшылардың дерегінше, елімізде жылдан-жылға ажырасу саны азайып келеді. Алайда әлі күнге ажырасулар саны көңілге кірбің ұялатады. Оның себебі неде? Шаңырағы шайқалған отбасылардың көп болуының салдары қандай?
Қазіргі күні Президент Әкімшілігінің тапсырмасы бойынша елімізде отбасы институтын нығайту және ажырасудың алдын алу бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Құжатпен Мәдениет және ақпарат министрлігі, Әділет министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Ішкі істер министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ мамандары және отбасылық қатынастар саласындағы сарапшылар жұмыс істейді.
Олардың мәліметіне қарағанда, 2019 жылы Қазақстанда ажырасқандар саны 59 796 жұп болса, 2023 жылы – 40 227-ні құраған. Көрсеткіш төмендегеніне қарамастан, елдегі ажырасу мәселесі өзекті болып қалып отыр. Не істеу керек? Шешімдердің бірі неке қатынастарын реттеу жөніндегі іс жүргізу нормаларын қатаңдатуды көздейді. Сарапшылардың пікірінше, ажырасу процесінің жеңілдетілген автоматтандырылған жүйесі медиативтік жұмысты жүргізуді қиындатады.
Жуырда жоғарыда аталған мемлекеттік органдар сарапшыларының кездесуі өтіп, некенің дағдарыстық кезеңдерін еңсеру шаралары талқыланды. «Мамандар жүкті әйелдерге босануға дейінгі кезеңде білім беру, саналы ата-ана болу, отбасылық өмір мәселелері бойынша ерлі-зайыптыларға кеңес беру үшін цифрлық платформа әзірлеуді ұсынады. Айта кетейік, мұндай тәсілді Мәдениет және ақпарат министрлігі қазірдің өзінде қолданып көруде. Астана мен Шымкентте пилоттық режимде некеге дейінгі тегін кеңес беру жобасы іске қосылды. Дағдарыс кезінде отбасыларды қолдау шараларының бірі – декреттік демалыстағы әйелдерге арналған оқыту курстары» делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінде.
Сонымен қатар отбасы институтын нығайту үшін мамандар мектептер мен колледждердің оқыту бағдарламасына отбасылық тәрбие бойынша арнайы курстарды енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Жол картасына қазақстандықтардың репродуктивті денсаулығын нығайту жөніндегі шаралар да енгізіледі.
Жалпы қазіргі таңда ел жастары отбасы құндылықтарының адам өміріндегі ең бағалы құндылық қатарына жатқызады. Бұған «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген зерттеу нәтижелері дәлел. Жуырда орталық өкілдері Мәдениет және ақпарат министрлігіне «Қазақстан жастары» әлеуметтік зерттеуінің нәтижелерін таныстырған болатын. Сарапшылар жастар ортасындағы басты құндылықтар мен мүдделерді атап өтті. Зерттеуге 14 пен 34 жас аралығындағы 2000 респондент қатысты.
Сауалнама нәтижелері бойынша жастардың көпшілігі (80,1%) отбасын негізгі өмірлік құндылық деп санайтыны айқындалып отыр. Осындай нәтижелердің қорытындысы төрт жыл қатарынан көрініп келеді.
Тағы бір айта кетер мәселе, сауалнамаға қатысқандардың көбі күнделікті өмірде қазақ тілінде жиі сөйлейді (72,9%).
«Қатысушылар сондай-ақ жас ұрпақтың өмір сүру сапасы мен болашағын жақсартуға бағытталған тәжірибелерімен және әзірлемелерімен бөлісті. Мұндай зерттеулер жастар саясатының тиімді стратегиясын құру үшін қажет» делінген Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінде.
Астана қаласындағы «Ырыскелді қажы» мешітінің бас имамы Нұрлан Байжігітұлының айтуынша, ең алдымен отбасының берекеті деген не, соны түсініп алу керек. Біреулер берекет деп байлықты түсінеді. Шын мәнінде, отбасындағы берекет – Алланың рақымы.
«Біз бәріміз «Амал ниетке байланысты» деген хадисті білеміз. Кейбір ғалымдар бұл хадисті «діннің жартысы» деп айтады. Қалай болғанда да ниет – адамның келешегіне жол салатын нәрсе. Бұны қалай түсінеміз? Мысалы, егер адам өзінің бар амалын дұрыс ниетпен бастап, соны ұстанса, оның несібесі көбейеді. Егер ниет дұрыс болмаса, ол мың жерден жақсы жұмыс істегенмен, оның отбасында берекет болмайды. Адам барлық ісін «Алла разылығы үшін» деп жасау керек. Сонда Жаратқан иеміз оған байлықты да, үлкен отбасыны да, жақсы мінез-құлықты да, денсаулықты да сыйға тартады» дейді ол.
Нұрлан имам қазіргі таңда жас отбасыларда өзара түсіністік пен ынтымақ аз екенін айтады. Өйткені, олар ата-баба салтын ұстанбайды. Алланың бұйрықтары мен тыйымдарын орындамайды. «Ескексіз қайықты қалай жүргізесің? Дәл сол секілді егер отбасында дін мен дәстүрге орын болмаса, ол жерде берекетті сақтау қиын» дейді имам.
Нұрлан Байжігітұлы айтқандай, ислам дінінде отбасы берекесін сақтауға қатысты хадистер өте көп. Егер құлақ асар адам болса, соның өзі шаңырақты шайқалтпау үшін жеткілікті. Мақаламызды бірқатар маңызды хадиспен аяқтағанды жөн көрдік.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) өз сөздерінде былай деген:
«Мұсылманның Алла Тағаланың сауабынан үмiт етiп, отбасының қажетiне жаратқаны – садақа»;
«Сенiң Алла Тағала жолына жұмсау, құлдықтан азат ету, дымы жоқ бейшараға садақа етiп беру және бала-шағаңның қажетiне жұмсау үшiн шығарған ақшаңның ең абзалы – бала-шағаңның қажетiне жұмсағаның»;
«Пенденiң жұмсаған ақшасының ең абзалы:
1 – Бала-шағасының қажетiне;
2 – Алла Тағала жолында күрес үшiн мiнетiн көлiкке;
3 – және Алла Тағала жолында әрекет етiп жүрген жолдастарына жұмсағаны»;
«Сендердiң әрбiрiң жауапкерсiңдер және жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар. Патша өз қоластындағылар үшiн жауапкер және солар үшiн сұралады. Отбасы жанұя үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Әйел күйеуi сыртта болған уақытта үй шаруасы мен балалардың тәрбиесi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Қызметшi қожайынның мүлкi үшiн жауапкер және сол үшiн сұралады. Сендер барлығың жауапкершiлiктерiңде болған нәрсе үшiн сұраласыңдар»;
«Әйелдердiң сендерге қатысты мiндеттерi бар. Сондай-ақ, сендердiң де әйелдерiңе қатысты мiндеттерiң бар»;
«Ер кiсi – жанұяның тәрбиешiсi. Сондықтан ол жанұяның тәрбиесi үшiн жауапкер»;
Муғауийа ибн Хайда (родиял-лаһу ғанһу) айтады: «Мен: «Уа, Расулуллаһ! Әйелдерiмiзге қатысты бiзге не нәрсе мiндеттелiндi?»,-деп сұрағанымда, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Өзiң жегенiңнен жегiзу, өзiң кигенiңдi кигiзу. Әйелiңдi бетiнен ұрма және жаман сөзбен балиғаттама! Сондай-ақ үйiңнен тыс орында дауысыңды көтерiп ұрыспа!»,-деп жауап бердi»;
«Мүминдердiң iшiнде иманы ең кәмiлi – мiнез-құлығы жақсы болғаны. Ал сендердiң ең жақсыларың – әйелiмен жақсы мәмiледе болғаны»;
«Бұл дүние – өткiншi нәрсе. Сол өткiншi нәрсенiң iшiндегi ең абзалы – салихалы әйел».
Жасұлан БАҚЫТБЕК