Сұрақ: Ата-ана ажырасса баланың кімге қалғаны жөн?
Жауап: Шариғат бойынша ата-аналары ажырасқан жағдайда, балалар алдымен анасына қалдырылады. Алайда, әйелімен ажырасып кетсе де әкесі балаларын ішіп-жеммен, киім-кешекпен, баспанамен және өзге де дүниелік қажеттіліктермен қамтамасыз етуге тиісті. Әсілі, ерлі-зайыптылар ажырасқанда балалардың анасына қалдырылуының себебі, әйел адам еркек адамға қарағанда бала тәрбиесіне икемді және мейірімді, нәзік, сабырлы болып келеді.
Бірде, Алла Елшісіне (с.ғ.с) бір әйел келіп: «Жұбайым ажырасқаннан кейін менің құрсағымда жетілген, өзім емізген, құшағымда аялап өсірген ұлымды менен алып қоймақшы» деп шағымданғанда, Алла Елшісі (с.ғ.с): «Сен басқа бір адамға үйленбейінше, бала сенікі» (Әбу Дәут пен Байқаһи жеткізген. әл-Фиқһул-Ислами, VII/720) – деп, баланы иемдену ананың ақысы екенін айтқан еді.
Десе де, Ханафи және Шафиғи мәзһабының ғұламаларының көзқарасынша анасынан кейін (науқастанса, қайтыс болып кетсе) балаға нағашы әжесі, өз әжесі, әйелдің сіңлісі мен әпкесі қарауы керек. Егер, әкесі қайтыс болса, баланың материалдық қажеттіліктерін атасы (әкесінің әкесі), әкесінің бауырлары мен туыстары қамтамасыз етуі тиіс. Сондай-ақ, ажырасқан әйел басқа еркекке үйленсе, бала өз әкесіне берілуі мүмкін. Бірақ, баланың өгей әкесі мейірімді жан болса, ол да баланы өзінің қамқорына ала алады.
Шариғаттың «Хидана» тарауындағы ескертпелер бойынша ер бала есейген шағында (7-9 жас) әкесінің тәрбиесіне беріледі. Ал, қыз бала балиғатқа (9-15) толғанында әкесінің қамқорына өтеді. Оның себебі, баланың білім алып, мамандық таңдап, өмірге бейімделуіне, өмірде анадан көрі әкенің рөлі жоғары болады. Егер, бұл мәселеде баланың ата-аналары өзара мәмлеге келе алмаса, онда келіспеушілікті қазы (сот) қарап, дін атынан өз шешімін айтады.
Мұхан ИСАХАН