Ислам дінінде әйел адамға үлкен құрмет көрсетілген. Оның нәзіктігі, әлсіздігі ескеріліп, күн көрісі ер азаматтардың мойнына жүктелген. Мысалы, қыз бала тұрмыс құрғанға дейін күн көрісі, нәпақасы әкесінің, әкесі болмаған жағдайда кәмелетке толған аға-інілеріне, олардың шамасы келмейтін болса, атасы немесе әкесінің бауыры секілді жақын туыстарына жүктеледі. Ал тұрмыс құрған соң бұл міндет толығымен күйеуінің мойнында болады.
Егер, әйел күйеуімен ажырасса, онда оның нәпақасына кім жауапты болады? Әйел күйеуімен ажырасқан соң ғиддат кезінде (ажырасқан әйел ислам діні бойынша бірден басқа біреуге тұрмысқа шыға алмайды, 3 етеккір мерзіміндей уақыт күтеді. Мұны ғиддат кезі деп атайды. Ғиддат кезеңі біткен соң ғана басқа біреуге тұрмысқа шығуға рұқсат етіледі. ) нәпақасы күйеуінің мойнында болады. Ал, егер әйел аяғы ауыр күйде ажырасса, оның ғиддат кезеңі босанғанға дейін жалғасып, сол уақытқа дейін нәпақасы күйеуінің міндеті болып қала береді. Ал, ғиддат кезі біткен соң әйелдің нәпақасы кәмелетке толған балаларына жүктеледі. Ал, егер кәмелетке толған баласы болмаса, онда қайта тұрмысқа шыққанға дейін нәпақасы әкесіне, ол болмаса өзінің туған бауырларына, олар болмаған жағдайда әке және ана жағынан ең жақын туыстарына жүктеледі. Туыстары да болмаса, әйелдің нәпақасы көпшілікке, яғни көпшілік атынан мемлекетке жүктеледі. Егер, әйелдің нәпақасын ешкім мойнына алмаса, онда о дүниеде сол жердегі мұсылмандардың барлығы жауапты болады. Яғни, әйел адам еш уақытта қараусыз қалдырылмайды.
Ажырасқан күйеуі ғиддат мерзімі біткен соң әйелдің напақасына жауапты болмағанымен, балаларының нәпақасына жауапты болады. Сол секілді егер баласы кішкентай болып, әйел сол баласына қарағандықтан жұмысқа шыға алмайтындай немесе басқа да шаруаларын атқара алмайтындай болып, күйеуінен балаға қарау үшін қызмет ақы талап етсе, күйеуі оны әйелге төлеуі қажет. Әкенің балалардың нәпақасына жауаптылығы былай қарастырылады:
Егер ұл бала болса, онда:
- Кәмелетке дейін баланың нәпақасы әкесінің жауапкершілігінде болады. Ал егер бала кәмелетке толғанымен, өз күнін көре алмайтындай науқас, мүгедек болса, онда нәпақа әкенің жауапкершілігінде қала береді.
- Нәпақасы берілетін бала кедей болуы керек. Ал егер баланың байлығы болса (мұрагерліктен қалған немесе сыйға тарту етілген, т.б.), онда нәпақасы сол байлығынан алып жұмсалады.
- Әке баласының нәпақасын тауып бере алатын мүмкіншілікте болуы керек. Егер әкесі мүгедек, науқас немесе өзі кедей болып баланың нәпақасын тауып бере алмайтындай болса, онда баланың нәпақасы келесі кезектегі жақын туыстарына жүктеледі.
Егер қыз бала болса, онда:
- Қыз бала тұрмыс құрғанға дейін нәпақасы әкесінің мойнында болады. Тұрмыс құрған соң бұл жауапкершілік күйеуіне өтеді. Күйеуі қайтыс болса немесе ажырасса қыз әкесінің үйіне қайта оралады. Қыз баланы өз күнін көру үшін ешкім табыс табуға мәжбүрлей алмайды. Бірақ өз еркімен ислам дінінің шарттарына сай жерде жұмыс істеп ақша табуына болады.
- Қыздың өз байлығы болса (жоғарыда ұлда айтылғандай), онда нәпақасы сол байлықтан алынады.
- Әкесі қызын асырауға шамасы жетпесе (мүгедек, науқас, кедей болса), онда қыздың нәпақасы келесі туыстарының мойнына жүктеледі.