Сұрақ: “Қажылық” қай кезеңнен басталады?
Жауап: Исрайлият* қайнар-көздерінедегі мәліметтерге сүйенер болсақ, Меккедегі қасиетті Қағбаны Алла-Тағаланың Жебірейіл бастаған періштелері тұрғызған. Олар алғаш болып Меккедегі Қағбаға қажылық ғибадатын өздері жасаған көрінеді. Кейін Адам ата мен Хауа ана жерге түсірілгенде, Мекке маңайындағы Арафат** тауында жолыққан екен. Арафатта кездескен Адам ата мен Хауа ана періштелердің жолбастауымен Меккеге аяқ басып, ол екеуі пенде атаулыдан тұңғыш болып қасиетті Қағбаны тәу етеді. Алла Тағала бұл жөнінде Құран-Кәрімде: «Негізінде адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол» (Әли-Ғимран, 96) деп баяндайды (Хамидуллаһ, 123-127 бб).
Жылдар тезіне шыдамай көнерген Қағбаға алғаш рет әзіреті Шит пайғамбар дәуірінде қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, абаттандырылады. Нұһ пайғамбардың кезіндегі топан судан соң Қағба ұзақ уақыт құм астында қалады. Бірақ, топан су қаптағанда періштелер Қағбадағы қасиетті қара тасты жеті қабат көкке көтеріп әкетіп, Топан су басылғанда, қайта әкеліп өз орнына қояды.
Адамзат тарихында Меккенің қайта культтік орынға айналуы әзіреті Ибрахим пайғамбар дәуірінде жүзеге асты. Ханиф дінінің пайғамбары Ибрахимге Алла Тағала қасиетті Қағбаны қайта тұрғызуға уаһи түсіреді. Әзіреті Ибрахим пайғамбар баласы Исмайыл екеуі еңбектеніп, қасиетті Қағбаны қайта қалпына келтіреді. Құрылысты аяқтаған соң Қағбаға тәу етіп, сонда намаз оқиды. Алла Тағала бұл хақында Құран-Кәрімде: «Ибраһимнiң (с.а.у.) орнын намаз орны етiңдер» («Бақара» сүресi, 125 аят) – деп бұйырған.
Сондай-ақ, осы Ибрахим пайғамбар мен оның үмбетіне қажылық рәсімдерін қалай атқару керектігі туралы нақты аяттар түскен еді. Алла Тағала ол жөнінде Құран-Кәрімде: «Сол уақытта Ыбрахим (ғ.с.) ды Кағбаның орнына: “Маған ешбір нәрсені ортақ қоспа! Тауап етушілерге, тік тұрып, еңкейіп және бас қойып, құлшылық қылушыларға таза ұста” деп, орналастырған едік. Адамдарды хажға шақыр. Олар жаяу және көлік үстінде әрбір алыс жолдардан саған келеді. Олар өздеріне тән пайдаларын көрсін. Сондай-ақ өздеріне берілген малдардан белгілі күндерде Алланың атын алсын. Одан өздерің де жеңдер және жоқ-жітікке де жегізіңдер. Сонан соң олар кірлерін кетірсін. (Шаш, тырнағын алып, ыхрамнан шықсын.) Және айтқан нәзірлерін орындап, Кағбаны тауап кылсын» (Хаж, 26-29) деп бұйырған.
Алла Тағаланың осы кәламынан кейін Ибрахим пайғамбар мен баласы Исмайыл жыл сайын белгілі мерзім ішінде Палестинадан Меккеге сапар шегіп, қасиетті Қағбаға тәу ететін. Жаббар Хақтың разылығы үшін қажылық құлшылығын жасау рәсімі осылайша таухидті (ханиф) ұстанушылар арасында дәстүр болып бекіген еді.
Мұхан Исахан
* Яһуди қауымының деректері
** Таудың «Арафат» аталуының себебі, «арафа» араб тілінде «білу» немесе «тану» деген мағынаны білдіреді. Адам ата мен Хауа ана кездескенде бір-біріне «танисың ба» деп айтқан екен
Бізге де хажға бару нәсіп болса екен…
Қажыларымыздың ниетін Алла қабыл етсін!