Сұрақ: Өзі әлі қажылығын атқармаған адамды біреудің орнына қажылыққа жіберуге болады ма?
Жауап: Біреудің орнына қажылық атқаруды бедел немесе өкіл қажылық деп атайды. Қажылық құлшылығы мойнына парыз бола тұра бірақ оны атқара алмайтындай дәрежеде науқас болған адамдар мен кәрі кісілер орнына біреуді қажылыққа жіберуіне болады. Сондай-ақ қайтыс болып кеткен кісінің атынан да қажылықты атқаруға болады.
Өкіл ретінде қажылық өтеу турасында Ибн Аббас жеткізген хадисте Жүһәйна тайпасынан келген бір әйел Пайғамбарымызға (с.а.с.): «Анам ниет ете тұра қажылық жасай алмай дүниеден өтті. Орнына менің баруыма бола ма?» – дейді.
Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Егер анаңның біреуге қарызы болғанда өтер ме едің?» – деп сұрайды. «Иә, өтеймін», – дейді әйел. Алла елшісі (с.а.с.):
«Олай болса, Алла тағаланың алдындағы қарызын да өтеңдер. Өйткені қарызы өтелуге ең лайық Алла тағала», – деп жауап берген екен. (Бухари)
Біреудің орнына қажылық атқаратын кісі балиғатқа толған, ақыл-есі орнында және қажылықтың қалай атқарылатынын білетін адам болуы тиіс. Яғни оның өзінің қажылығын атқарып-атқармағандығы шарт емес, ең бастысы қажылықты дұрыс атқара алатын кісі болуы керек.
Өкіл ретінде жіберілуші қажылық жасауға өзін жіберген адамның атынан ниет етуі және оның тапсырмаларын мүлтіксіз орындауы қажет. Мысалы қажылықтың қай түрін атқаруды немесе ихрамға қай миқаттан (яғни ихрамға кіретін шекара) кіру керектігі табысталса, сол тапсырмалар орындалуы шарт. Қажылықты өтеп болған соң өкіл кісі өзінің атынан умра атқара алады.
Алау Әділбаев
теология ғылымының докторы
Ммм түсінікті. Көп рахмеет.