Бір жас жігіт Сүлеймен (ғ.с.) пайғамбардың мәжілісінде отырған болатын. Мәжіліске бір қонақ келіп кіреді. Ол келе сала әлгі жігітке өткір суық көзімен таңырқай қарайды. Қонақ кете салысымен мәжілісте отырған жігіт Сүлейменнен (ғ.с.) оның кім екенін сұрайды.
Келген кісінің адам кейпінде келген «ажал періштесі» екенін айтады.
Қорқып кеткен жігіт бірден Сүлейменнен (ғ.с.) желге бұйырып, алыс бір елге апарып тастауын өтінеді.
Жел оны Үндістанның қиыр шетіне апарып тастап, ол сондағы бір үңгірдің түбін мекен етеді.
Сәлден соң Сүлейменге (ғ.с.) өлім періштесі қайта келеді.
Сүлеймен (ғ.с.) одан әлгі жігітке неге тесірейіп қарағаны жайлы сұрайды. Сонда ол: «Маған Алла Тағала оның жанын Үндістанның қиыр шетіндегі үңгірдің ішінен алуды бұйырған еді. Саған келгенде қасыңда отырғанын көріп таң қалдым. Қалайша ол мұнда отыр, ол жаққа аз уақытта қалайша жетпек? – деп таңырқадым. Сосын Үндістанға барсам, үңгірдің ішінде отырғанын көрдім. Отырған жерінен жанын алып келіп отырмын», – депті.
Алла Тағала Құранда: «Сендер қашып жүрген өлім алдарыңнан жолығады. Сосын ғайып пен анықты Білушіге қайтарыласыңдар. Ол сендерге не істегендерің жайлы хабар береді», – деген. («Жұма» сүресі, 8-аят).
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz