Бұл туралы Алматы әкімі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Алматы – Тәуелсіздіктің Алтын бесігі!» атты мерекелік іс-шарада айтты.
Алматыда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған меркелік іс-шара өтіп жатыр. Жиында қала басшысы жиналған қауымды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.
Биылғы шұғылалы шуаққа маңдайын тосып, арайлап атқан әрбір ақтаңға қуана қараған қазақ халқы ұлт Тәуелсіздігінің 30 жылдық торқалы тойына да атбасын бұрып отыр. Бұл – биылғы мерейлі жылдың межесі биік, мәртебесі асқан ең ұлық мерекесі. Өйткені олжа салған 30 жыл заманауи қазақ тарихының жарқын да жасампаз беттері қалыптасқан, ұлттық рухымыз асқақтап, ұрпақтар сабақтастығы өрісін жайып, рухани өрлеу жылдары болғаны ақиқат, – деді Б. Сағынтаев.
Сонымен қатар ол ел Тәуелсіздігі күні мемлекетіміздің мызғымас беріктігінің, тұтастығын, татулығы мен шайқалмас шаңырағының биіктігін дәлелдейтін ұлы күн екенін атап өтті.
Жұмыр жердегі қай халық үшін болса да азаттықтан асқан ұлы ұғым, Тәуелсіздіктен биік тұғыр жоқ. Олай болса ұлттық Тәуелсіздігіміз біз үшін қашанда киелі, қашанда қастерлі, мәні биік, мәртебесі жоғары асыл қазына, – деді қала басшысы.