Сұрақ: Азанды телефонға қоюға бола ма?
Жауап: Бүгінде технология дамыған заманда гаджеттер (ұялы телефон, электронды сағаттар мен планшет және т.б.) біздің өмірге түптеп кіріп, арнайы орын алды. Онымен біздер үйде, жұмыста, қоғамдық орында, тіпті демалған уақытта біргеміз. Сондықтан да кейбір намаз оқитын азаматтардың азанды немесе Құран аяттарын ұялы телефондарына жазып алу үрдісі байқалады.
Азанды ұялы телефонға жазып алудың зияны жоқ, бірақ қатаң түрде ескерілуі тиіс жайт бар. Мұны мұсылман адамның естен шығармауы қажет. Мысалы, қалтасында немесе сөмкесінде ұялы телефоны бар адам әжетханаға кірді делік. Сол уақытта намаз уақыты кіріп, азан шақырды немесе қоңырау соғылып, азан дауысы шықты не болмаса Құран аяты оқылды делік, жағдай не болмақ?
Құран аяттары, азан шақыру ислам дінінде қасиетті саналатын артибуттар. Әжетхана, монша сияқты орындарда Құран аятының немесе азанның шақырылуына болмайды. Ал телефон парасатты жан емес, ол қоңырау келсе немесе намаз уақыты кірсе дауыстайды да кетеді. Бұл өмірде болып жатқан жағдайлар. Кейбір әжетханаларда ұялы телефоннан азанның дауысы шығып жатады.
Бұл азанға, ислам атрибуттарына құрметсіздік саналады. Сондықтан да ондай жерлерге кірген уақытта телефонды дауыссыз режімге қою керек немесе азанды телефоныңызға мүлдем қоймаңыз, дұрысы осы. Себебі сіз қанша жерден мұқият боламын десеңіз де моншаға немесе әжетханаға кіргенде, оны өшіріп қою естен шығып кетуі мүмкін. Қажет болса, ұялы телефоныңызға намаз уақыттарын еске салатын басқа қоңырау қойыңыз. Сондай-ақ әжетханада сөйлесуге және дауыстап сәлем беруге де болмайды.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ