Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көпконфессионалды Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде орныққаннан кейін қоғамда радикалды ағымдардың таралуы «қазақстандық бірегейлік» принциптерін шайып кету қаупін туғызды. Осы орайда бұл үрдіске қарсы тұру үшін мемлекет зайырлы қағидаттарды нығайтуға бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясатты насихаттау және деструктивті діни ағымдардың әсерін шектеу бойынша кең ауқымды шаралар кешенін жүргізу міндетін жолға қойды.
Деструктивті діни ағымдардың таралуы діни бірлестіктер қызметінің еркіндігі, шетелдік миссионерлердің елге кедергісіз келуі, халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлар халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды.
Осыған байланысты мемлекет басшылығы деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылдай бастады. Діни білім беру мекемелері мен бірлестіктеріне бақылау күшейтіліп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу саласында заңнамалық базаны қалыптастырды.
2011 және 2012 жж. Атырау, Ақтөбе, Тараз қалаларында және Алматы облысында (жалпы алғанда 14 теракт ұйымдастырылып, нәтижесінде 70 адам қайтыс болды, оның ішінде 51 лаңкес, 13 күштік құрылым өкілдері және 6 азамат), сондай-ақ 2016 жылы Ақтөбе (17 адамның өмірі қиылып, Қазақстандағы ең ірі лаңкестік оқиға болды) мен Алматыда орын алған террористік актілерді ескере отырып, еліміздің антитеррористік құрылымдарының қызметіне сәйкесті өзгертулер енгізілді. Сол сияқты, терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша кейбір заңдарға өзгерістер енгізілді. Нақтырақ айтқанда, терроризмге қарсы іс-қимыл қызметтерінің негіздері қайта қарастырылды. Қарулы құрылымдардан өзге, терроризмнің салдарын азайтуда терроризмнің алдын алу маңызды басымдылық ретінде айқындалды. Сонымен қатар, саяси-экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, тәрбиелік, насихаттық және мемлекеттік органдар тарапынан жүзеге асырылатын өзге де шараларды жандандыру мәселесіне ерекше назар аударылды.
2013 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013 – 2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.
Аталған мемлекеттік бағдарлама діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қызметін ұйымдастырудың жаңа формалары мен әдістерін, соның ішінде, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру шараларын қамтыды.
Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл Қазақстанның ұлттық және рухани қауіпсіздігін сақтаудағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттары болып табылады. Осыған байланысты, экстремизм мен терроризмнің барлық түрлеріне қарсы іс-қимылға қатысты ауқымды жұмыстар жүргізеді.
Діни экстремизмге қарсы күрестің маңыздылығын ескере отырып, терроризмге қарсы қызметті үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Елбасы 2013 жылдың 24 маусымында «Қазақстан Республикасының антитеррористік орталығын бекітетін Ереже туралы»№ 588 Жарлыққа қол қойды.
Жаңа форматта қалыптасқан Қазақстан Республикасының Антитеррористік орталығы мемлекеттің басты ұлттық қауіптері терроризм мен экстремизмге қарсы мемлекет пен қоғамның қызметтерін басқару және үйлестірумен айналысады.
Антитеррористік орталық жоспарлы негізде ведомсвтоаралық өзара әрекеттестік және терроризм мен экстремизмге қарсы жалпы мемлекеттік жүйені одан әрі нығайтуға бағытталған шараларды қабылдауға арналған отырыстар өткізеді. Сондай-ақ, аталмыш Орталық терроризм мен экстремизм көріністеріне құқықтық тосқауылдар жасауға тікелей қатысады. Қазіргі уақытта террористік қауіптерге қарсы іс-қимылдардың барлық аспектілері заңмен бекітілген.
Антитеррористік қызметте оның ақпараттық және насихаттық құрамына ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Дін істері Комитетінің қызметі қоғамда толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған.
Аталмыш Комитет дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалынан халықты қорғау мақсатында діни бірлестіктердің жарғылары, әдебиеттері мен материалдарына, сондай-ақ интернет-ресурстарға мониторинг пен талдау жүргізеді және олар бойынша дінтану сараптамасын өткізеді. Мәселен, 2015 жылдың қорытындысы бойынша 6 мың интернет-ресурстардың мазмұны талданып, олардан 300-ден астам бұзушылықтар анықталды, 2016 жылы – 10 мың ресурстар және 1,5 мың бұзушылықтар, 2017 жылдың үш тоқсанында – сараптама жүргізілген 5 мың ресурстың жартысына дерлік бұзушылықтар анықталған.
Дінтану сараптамасын жүзеге асыру үшін 6 заңға қосымша актілерге негізделетін, сараптама жүргізу мен ұйымдастырудың стандарттары мен тәртіптерінен, кезеңдері мен механизмдерінен тұратын нормативтік-құқықтық база жасалды. Бұл экстремистік әдебиеттердің енуіне салмақты тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс – қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес мектептердегі 9 сыныптардың білім беру бағдарламаларына «Дінтану негіздері» (2016 жылдан бастап «Зайырлылық және дінтану негіздері») енгізілді. Бұл өз кезегінде өскелең ұрпақтың мемлекеттің зайырлы ұстанымы мен қоғамның дәстүрлі құндылықтарын меңгере отырып, деструктивті ағымдардың идеологиясына қарсы иммунитетті қалыптастыруға септігін тигізеді.
Ақтөбе мен Алматы қалаларындағы террорлық актілерден кейін 2017 жылы «Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды, сондай-ақ, 2017-2020 жылдарға арналған діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік бағдарлама әзірленді (кейіннен 2018-2022 жылдарға арналған жаңа бағдарламамен ауыстырылды).
Қазақстанда діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу шараларын жүзеге асыруда өңірлердегі дін істері басқармаларының атқаратын қызметі ерекше. Олардың басты міндеттері келесілер болып табылады:
– жергілікті жерлердегі діни ахуалға тиімді талдау жүргізу, соның ішінде, діни ахуалға қатысты болжамдар жасау мен оны жақсарту бойынша ұсыныстар әзірлеу;
– экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша мақсатты ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын ұйымдастыру;
– жергілікті деңгейдегі дін саласындағы мемлекеттік саясаттың барлық мәселелер кешенін әдістемелік және әдіснамалық тұрғыдан қолдау.
Осы тапсырмаларды сапалы жүзеге асыру мақсатында облыстардағы, республикалық маңызы бар қалалардағы Дін істері басқармаларының жанынан коммуналды мемлекеттік мекеме түріндегі Дін мәселелерін зеттеу орталықтары құрылды, олар дін істері басқармалары арқылы әкімдіктердің қызмет ету аясы мен мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Орталықтардың жұмыстары өңірлік антитеррористік комиссиялармен, діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестермен бірыңғай байланыста және ортақ ұйымдастырушылық негізде жүзеге асырады.
Орталықтардың жергілікті жерлердегі діни экстремизмге қарсы іс-қимыл мен алдын алу шаралары бойынша негізгі қызметтері келесілер болып табылады:
– жергілікті және орталық атқару органдары, сондай-ақ, өңірлік антитеррористік комиссиялардың жұмыстарында, сонымен қатар, дін және экстремизм мен терроризмнің алдын алу саласындағы мақсатты ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жетілдіру үшін өңірдегі діни ахуал туралы талдаулық базаны қалыптастыру. Бұл бағыт түрлі талдаулық материалдарға негіз болатын талдаулық және әлеуметтанулық зерттеулер, сарапшылар сауалнамасын, БАҚ-қа мониторинг пен контент-талдауды жүргізуді ұйымдастыруды қамтиды;
– Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Ақпараттық-түсіндіру топтарын ұйымдастыру, мақсатты топтар мен тақырыптарына сәйкес қызметтерін жоспарлау, сондай-ақ, Ақпараттық-түсіндіру тотарының жұмысын бақылау және ақпараттық-әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асыру. Бұл бағыт дәрістер, акциялар, кездесулер, консультациялар, баспасөз-мәслихаттарын ұйымдастыру, медиа-жоспарлауды жүзеге асыру, баспа және электронды БАҚ-пен өзара әрекеттестікті, интернеттегі жұмыстарды қамтиды;
– ақпараттық-құқықтық және психологиялық консультацияларды, сондай-ақ, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту жұмыстарын ұйымдастыру. Бұл мақсатта Орталықтар өңірлерде дін мәселесі бойынша қызмет ететін консультативті-оңалту орталықтары мен деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек көрсету орталықтарының қызметтерін үйлестіреді;
– деструктивті діни ағымдардың мүшелерін оңалту жұмыстарын ұйымдастыру, деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерді оңалту орталықтары мен көмек көрсету орталықтарының қызметтерін үйлестіру.
Сондай-ақ, еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалытастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шараларды тиімді жүзеге асыру үшін Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істеуде. Олардың құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, дін қызметкерлері, кәсіби теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жергілікті зиялы қауым өкілдері кіреді. Аталмыш ақпараттық-түсіндіру топтары 2017 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша 1 миллион тұрғынды қамтитын 23 мың іс-шара өткізген.
Сонымен қатар, 2013 жылдан бастап мемлекеттік-конфессиялық қатынастар саласында мемлекеттік көзқарасты ілгерілету мақсатында «Kazislam» интернет-порталы жұмыс істейді.
Қазақстанға сырттан келетін лаңкестік қауіптің негізгі көздері Сирия мен Ирак аумағында ҚР тыйым салынған «Ислам мемлекетіне» қарсы соғыс, Ауғанстандағы тұрақсыз жағдай және Синьцзян-Ұйғыр автономиялық өңірінен радикалды элементтердің елдің оңтүстік аудандарына заңсыз көші-қон болып табылады. 2019 жылдың басындағы Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен Сирия аймағындағы қазақстандық азаматтарды елге қайтару бойынша «Жусан» операциялары жүзеге асырылды. Бұл операциялардың нәтижесінде 595 азамат, олардың ішінде: 33 ер адам, 156 әйел және 406 (32 жетім) елге қайтарылды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, елге оралған барлық әйелдер мен балалар оңалту және бейімдеу курстарынан өтті. Террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін 31 ер адам, 12 әйел сотталған, тағы 14 адам тергелуде.
Осылайша, республикада деструктивті діни ағымдармен, терроризммен күресуде ауқымды жұмыстар атқарылды, нәтижесінде еліміздің діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресуде өзіндік моделі қалыптасты деуге болады.