Қазақстанның діни-конфессиялық кеңістігі тәуелсіздік алғалы бергі уақыт арылығында құрылымдық тұрғыда ауқымды өзгеріске ұшырап, діни институттар сандық және сапалық тұрғыда айтарлықтай жетіліп, азаматтарымыздың діни санасының деңгейі өсті.
Мұның барлығы мемлекеттің Конституцияда көрініс тапқан азаматтардың ар-ождан бостандығын, рухани жетілуін, этносаралық келісімді нығайтуға бағытталған бірізді және салиқалы саясатты жүзеге асыруының және дін саласын реттейтін қолданыстағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптарының пәрменділігінің нәтижесі екені анық.
Бүгінгі күнде қоғам өміріндегі діннің рөлі айтарлықтай ұлғайды. Сәйкесінше, еліміздегі діни бірлестіктердің де саны жылдан-жылға артуда. Қазіргі күнде елімізде әділет органдарына тіркелген 18 конфессияның мүддесін білдіретін 3700-ден астам діни бірлестіктер заңды қызмет атқарып отыр.
Мемлекет тарапынан іске асырылып отырған дін саласындағы дәйекті саясаттың арқасында сақталып отырған қолайлы діни ахуалға еліміздің тұрғындарының дәстүрлі сенімі болып табылатын ислам және православиелік христиан діндері де оңды ықпал етіп отыр. Дегенмен қазіргі күнде мемлекетімізде қалыптасып отырған діни тұрақтылықтың өзгеруіне алып баратын алғышарттар да бой көрсетіп отырғанын айта кету керек. Атап айтар болсақ, елімізде ислам атын жамылған радикал діни ұйымдардың ошағы пайда болып, әртүрлі конфессиялар мен деноминациялардан тұратын шетелдік миссионерлік ұйымдар мен бірлестіктердің қызметтері белең ала түсуде. Бұлардың іс-әрекеттері өз кезегінде қоғамдағы дінаралық қатынастардың дамуына кері әсер ететін жағдайларды туындатуда.
Осы орайда оларды жалпылама және шартты түрде екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Бірінші топқа қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарға және мемлекетіміздің зайырлы қағидатына қатынаста жақтырмаушылық көзқарасты ұстанатын әртүрлі сипаттағы ислам атын жамылған деструктивті ағымдарды жатқызуға болады. Сәйкесінше, олардың идеологиясында демократиялық басқару жүйесі мен институттарына орын жоқ және олар теократиялық басқару формасындағы мемлекет орнатуды басты назарға қояды.
Біздің қоғамымызда бой көрсетіп отырған осындай бағыттағы дәстүрлі емес діни ағымдардың батыстан келген христандық діни қауымдастықтармен салыстырғанда ел тұрғындарының көзқарасы тұрғысынан біршама үйреншікті сипатқа ие.
Бұл, өз кезегінде, оларға қазақ қоғамына тән зайырлы құндылықтар мен дәстүрлі мұсылманшылықты қабылдамайтын көзқарастарын жасырын болса да біршама ұстануға және өздеріне айтарлықтай қомақты әлеуметтік база жасақтауларына мүмкіндік береді. Олардың бастапқы кездегі іс-әрекеттері, негізінен тұрғындардың ұлттық және азаматтық бірегейліктерін жоққа шығаруға және ұлттық құндылықтар мен дәстүрлерді сынға алуға бағытталса, осындай ұстаным бірте-бірте заңды билікке бойұсынбауға дейін жалғасады. Бүгінгі күнде мұндай үрдісті қоғамымыздағы салафизм атауымен жақсы таныс дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылардың көзқарастарынан аңғаруға болады.
Екінші топқа елімізде қызмет атқарып отырған шетелдік миссионерлік діни ұйымдар мен бірлестіктердің әрекеттерін жатқызуға болады. Олардың қатарында әсіресе христиан дінінің протестантизм бағытынан туындайтын жаңа діни ұйымдардың әрекеттері тым белсенді екенін айта кету керек. Еліміздің тұрғындары оларды күмән тудыратын діни ұйымдар ретінде қарастыратындықтан, қоғамда олардың іс-әрекеттеріне қатынаста біршама сенбеушілік, алаңдаушылық пен қарсылықтың бар екенін де айта кету керек.
Бүгінгі күнде осының нәтижесі тәрізді діни ксенофобияның туындауына әсер ететін себептер туындап, елімізге тарихи тұрғыдан тән дәстүрлі діни сенімді ұстанушылар мен батыстан келген діни ұйымдардың арасында қақтығыстық әлеует ұлғая түсуде. Бұған жаңадан пайда болған осындай діни ұйымдардың өз қатарларын жергілікті мұсылман және православ сеніміндегі тұрғындармен толықтыру бағытындағы белсенді әрекеттері негізгі себеп болып отырғаны жасырын емес. Осы ретте жоғарыда аталып кеткен исламдық бағыттағы дәстүрлі емес діни ағымдар мен неопротестанттық діни ұйымдардың өз қатарларын толтырудағы белсенділіктерінің болашақта экстремизм әлеуеті тұрғысынан еліміздегі діни ауызбіршілік пен татулыққа біршама кері ықпал ететін мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.
Сондықтан қазіргі таңда дін саласын реттеумен айналысатын барлық деңгейдегі мемлекеттік органдардың қолданыстағы заңнама талаптарын сапалы орындалуын түсіндіру және талап ету бағытындағы жұмыстарын күшейту арқылы қоғамдағы тұрақты діни ахуалға кері ықпал ететін үрдістердің алдын алуға болады.
Ол үшін жұртшылық арасында және діни бірлестіктермен кездесулер ұйымдастыра отырып, қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіруге бағытталған мынадай жұмыстарға басымдық беруіміз қажет:
– ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етілетінін және, сәйкесінше, тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландыру жауапкершілікке әкеліп соқтыратынын;
– Құдайға құлшылық ету, жоралар, рәсімдер және діни жиналыстар тәрізді діни шаралар заңмен белгіленген орындарда бөгетсіз өткізілетіндігін және, сәйкесінше, қолданыстағы заңда діни іс-шараларды өткізуге жол берілмейтін орындардың (мемлекеттік органдардың, әскери құрылымдар мен білім беру ұйымдарының ғимараттарының) белгіленгендігін;
– миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібіне сәйкес діни ілімдерді таратуды тек тіркеуден өткен азаматтар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалардың жүргізе алатынын, олардың Қазақстанда ресми тіркелген діни бірлестіктің өкілдері болуы тиістігін және, сәйкесінше, тиісті рұқсаты жоқ адамдардың қоғамдық орындарда діни уағыз, үгіт-насихат жүргізген жағдайда жауапқа тартылатындығын;
– елімізде бекітілген діни әдебиетті тарату тәртібіне сәйкес діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға болатынын және, сәйкесінше, басқа орындарда діни әдебиеттер тарату заң бұзушылық болып саналатындығын және, ең бастысы – еліміз аумағында тек дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған діни әдебиеттер ғана таратыла алатынын жеткізуіміз керек.
Қысқасын айтқанда, дін саласын реттейтін қолданыстағы заңнама ережелерінің мүлтіксіз орындалуына бақылауды қамтамасыз ету арқылы қоғамда бой көрсетіп отырған жат діни идеялардың таралуына пәрменді тосқауыл қоюды жалғастыра беру қажет.
Мейрам ИМАНБАЕВ,
сарапшы, с.ғ.к.