Нұр-Сұлтан. 11 тамыз. KAZISLAM – Қазақ елі құрбан айт мерекесін тойлауды бастады. Таң сәріден ерте тұрып, мешітке жиналған көпшілік имамға ұйып айт намазын оқып, құрбан шалып жатыр.
Нұр-Сұлтан қаласының «Нұр-Астана» мешітіне жиналған елорда тұрғындары құрбан айт мейрамының негізгі рәсімдерінің бірі айт намазын жамағатпен оқып, дұға жасады. Ғибадат үйінің бас имамы Асқар Мұқанов жамағатқа құрбан айт мерекесі жайында уағыз айтып, мерекені қалай өткізу керектігіне ерекше тоқталды.
– Құрбан айт – мұсылмандардың қуанып, бір-біріне сый жасап, ағайын-туыстың басы қосылып, ренжіскен жандар татуласатын күн. Достың досқа сыйы, ағайынның қадірі артатын күн. Мереке күндері жәй күндер секілді өтіп кетпеуі тиіс. Тек шариғатқа сай тойласақ, мәселен, ұлттық ойындарымызды, салт-дәстүрімізді дәріптегеніміз абзал, – деді А.Мұқанов.
Айт намазы оқылып, құтпа тыңдалған соң қалың көпшілік мешіт алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараларға, ұлттық ойындарға қатысып, жайылған дастарқаннан дәм татты.
Дәл қазір мешіт маңында қайырымдылық жәрмеңкесі мен қол күрес, гір тасын көтеруден сайыс өтіп жатыр.
Құрбан айт құтты болсын, Қазақ елі!