Қазақстан зайырлы мемлекет құра отырып, азаматтардың діни сенім бостандығы қамтамасыз етіп келеді.
Әсіресе халқымыздың 70 пайыздан астамы ислам дінін ұстанатын мұсылман қауымы бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып құлшылығын жасап келеді. Елімізде діни рәсімдерді орындау ешбір кедергі жоқ.
Солардың бірі еліміз тәуелсiздiк алғаннан кейін қажылық парызды кедергісіз өтеуге мүмкiндiк алды.
Қажылыққа баруға жол ашық
Кіші немесе үлкен қажылыққа баруға кез келген азамат үшін жол ашық. Тек құжаттарыңыз дұрыс, мемлекет алдында қарызыңыз болмаса болды. Қазақстаннан биыл 3200 адам қажылыққа аттанады. Олардың атқарар құлшылығы бірдей. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан бекітілген арнайы имамдар уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің өкілдері мен арнайы білікті дәрігерлер қызмет көрсетеді.
Мекке, Мәдинаға сапар шегiп, қажылық парыздарын өтеу бақытына ие болған бауырларымыздың қатарында ислам дінін ұстанатын 26 ұлттан тұратын отандастарымыз қамтылған.
Қажылыққа кезексіз баруға болады
Қажылық парызын өтеуге мемлекетте қажыларымыздың қауіпсіз әрі қолайлы барып келуіне бар жағдай мен мүмкіндік қарастырылған.
«Отандастарымыз Қағбаны бетке алып, бес парызының бірін өтемекке ниет етіп отыр. Елімізде қажылыққа баруға кез келген азамат кезексіз және бірнеше мәрте де бара алады. Мәселен 210 млн. мұсылман тұратын Индонезияда азаматтар қажылыққа бару кезегін 6 жылға жуық күтеді екен. Ал Түркияда кезекте жүз мыңдаған мұсылмандар тұрса, Өзбекстанда бұл кезекті бес жыл, Тәжікстан мен Қырғызстанда 2-3 жыл күтуде. Тіпті Сауд Арабиясының өзінде Меккеден басқа қалалардан қажылыққа бес жылда бір рет баруға ғана рұқсат етіледі екен. Қазірдің өзінде әлемде алғашқы қажылар легі Сауд Арабиясы корольдігіне бара бастады» – дейді дінтанушы ғалым Балғабек Мырзаев.
Қажылық деген…
Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.): «Амалдар ниетке қарай құны артады. Адамның ниеті қандай болса, қолына тиетіні де сондай» деген екен.
Қажылық құлшылығы Алла Тағаланың ризалығы үшін орындалуы керек. Өзгелер «пәленше қажылыққа барып келіпті» деп айту үшін қажылыққа барған дұрыс емес дейді дін ғалымдары.
Сондай-ақ, адам баласы өзінің құлшылығын шын ықыласымен орындай отырып, біреуге тақуа көріну мақсатынан да аулақ тұру қажет.
Қажылық – серуендеу немесе қыдыру емес. Қиындығы мен машақаты қыруар, орындалуы ауыр құлшылық.
Қажылық адам баласын сабырлылыққа, төзімділікке, шыдамдылыққа, қанағатшылдыққа, кішіпейілдік пен ізеттілікке тәрбиелейді.
Ислам ғалымдары қажылықты дұрыс атқарған адамның ақыреттегі сыйы жұмақ, ал бұ дүниедегі сыйы үзілмейтін ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы дейді мешіт имамдары.
Қабыл болған қажылық
Бірде Айша анамыз (р.а.): «Уа, Алланың елшісі! Жиһадты – амалдардың ең абзалы деп білеміз, біз де жиһадқа шықсақ қайтеді? – деп сұрадым деді.
Сонда Ол (с.ғ.с.) былай деп жауап берді:
– Жиһадтың ең абзалы әрі ең көркемі – ешқандай күнә жасамастан, шарттарына сай жасалған қабыл болған қажылық –деп жауап берді.
Айша (р.а.): «Мұны естігеннен кейін қажылықтан ешқашан қалмадым» дейді.
Хадистің басында «Жиһадтың ең абзалы» деген тіркес кездеседі. Бұл жерде қажылықтың шын мәнінде жүгі ауыр, машақаты көп құлшылық екенін, ол үшін әрбір қады өз нәпсімен шынайы күресу керектігін меңзеп тұрғандай.
Сондай-ақ хадисте «қабыл болған қажылық» жайлы да сөз болады. Ал, қабыл болған қажылық деген – шарттары мұқият орындалып және күнә араласпаған қажылықты айтады.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жиһадтың ең абзалы – адамның өз нәпсісімен, жаман пиғылды қалауларымен күресуі болып табылады» деген. Сондықтан да қажылық құлшылығы қабыл болуы үшін адам баласы машақатқа толы құлшылығын аса сабырлықпен өтегені жөн.
Дүниенің төрт бұрышынан қасиетті мекенге ағылған миллиондаған адамның арасында қажылық секілді жауапкершілігі зор өте маңызды құлшылықты өтегенде сабырлық таныту біз ойлағандай оңай шаруа емес.
Сабыр, сабыр және сабыр
Қажылыққа ниет етуші кісі үнемі сабыр етуі тиіс. Себебі қиыншылықтарға, түрлі келеңсіздіктерге, ұзын сонар кептеліске тап болуы бек мүмкін. Сонда сабыр сақтай отырып, шыдамдылық таныту керек болады. Дүниенің төрт бұрышынан келген мұсылман халықтардың түрлі салт-жоралғыларына түсіністікпен қарау, құлшылықтың ләззатын сезіну, әсіресе қолдарына, тіліне ие болу аса сабырлылықты талап етеді.
Сондықтан қасиетті мекенге барғанда адамдардың мінін іздеп, оларды сынаудан да аулақ болған жөн.
Кез келген жағдайда басына түскен қиыншылықтарға сабырлық танытып, өз-өзіне: «Мен мұнда Жаратқанның разылығын алу үшін келдім. Әлдекімдермен дауласып, таласып, тартысу үшін келген жоқпын. Уа, Раббым! Маған сабырлық бере гөр және мені әр түрлі келеңсіз жағдайлардан, Сен разы болмайтын істерден сақтай гөр!» деп қажылығын орындаса, әрі өз құлшылығының берекетін сақтайды, әрі Алла Тағаланың ризалығына ие болады.
Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ