Қазақ ғұламаларының, әсіресе, XIX-XX ғғ. өмір сүрген ұлы тұлғалардың еңбектеріне жүгінетін болсақ, дінді тықпалап міндеттеудің орнына әуелі ақыл таразысына салып ойлануға, қабыл еткен сенімінің мәнін ұғынуға жетелейді.
Қазақтың ағартушысы Ы.Алтынсарин, өзінің «Мұсылманшылықтың тұтқасы (Шариат-ул-Ислам)» атты еңбегін, «Ғалым кісі» жайлы әңгімесін былай сөз етеді:
«Бір зор ғалым молдадан жаңа дінге кірген бір адам:
– Тақсыр, мен иманды қалай үйренемін? – деп сұрады. Ғалым айтты:
– Шыққан күн мен айдан, көк пен жерден, су мен желден, жер мен таудан, жаңбыр мен қардан үйрен, – деді.
Сұрап тұрған адам бұл сөз не сөз екенін біле алмай, дағдарып тұрды. Сонда ғалым айтты:
– Далаға шықсаң көк пен жерді көресің, күн мен айды, көк үстінде жұлдыздарды, тауды-тасты, жел мен жаңбырды – осының бәрін көресің; соларға қарап ой жібересің, оның бәрін адам жаратуға қолынан келер істер емес; олай болса, соның бәрін жоқтан бар еткен бір Құдіретті Ие болса керек, біз көрмеген. Сол ақылға ойланып жетсең, иманыңның жартысы тамам болғаны, – деді» (Ыбырай Алтынсарин, Өмірі мен шығармалары/құраст. Ардақ Мұқашева. 67 б.).
Яғни, адам баласы ақылымен жаратылысқа қарап Жаратушысын тануды сенімді шыңдайтын бір жол ретінде нұсқайды.
А.Құнанбайұлы,
«Күні-түні ойымда бір-ақ Тәңірі,
Өзіне құмар қылған оның әмірі», – дейді.
Бұл жерде Абай аспан мен жердің тепе-теңдігін сақтауы, күн мен түннің алма-кезек ауысуы сияқты Алланың әмірімен тоқтаусыз жүріп тұрған жаратылыс заңдылықтарына таңданатынын жасырмайды. Алайда, «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі мен өлшеусізді білуге болмайды.
Біз Алла тағаланы – «бір» (Жалғыз) дейміз, «бар» деміз: ол «бір» демелік те – ақылымызға ұғымның бір тиянағы үшін айтылған сөз. Болмаса, ол «бір» демелік те Алла тағалаға лайықты келмейді. Оның үшін мүмкинаттың (мүмкін нәрсенің) ішінде де нәрсенің үжуді (барлығы) бар болса, ол «бірліктен» құтылмайды», – деп Алла Тағаланың затын толық білуге адам дәрменсіз екендігін ескертеді. Ескерту жасау арқылы «Алла бар болса, ол қандай?» дейтіндерге жауап береді, саналы адам әуелі жаратылысқа ой жүгіртсе, Жаратушысын тани алатынын да айтады.
Ш.Құдайбердіұлы болса,
«Бастағы көз, құлаққа сенімім жоқ,
Терең ой мен ақылға айтамын дат.
Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы,
Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат.
Шатақ дінге, әдетке, не білгішке,
Ноқталатпай ойымды қылам азат» деген өлең жолдарында ақылға ерекше орын береді (Ш. Құдайбердіұлы, Шығармаларының үш томдық жинағы, 1-том, 376 б.).
Сондай-ақ, ақынның «Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы, Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат» деуі, оның пайғамбар хадистері мен әулиелік кәрәматты жоққа шығарғанын білдірмейді. Мүмкін, кейбір ойдан тоқылған хадистерден сақ болуға, хадиске жауапкершілікпен қарау керектігін айтса керек. Алайда, шатақ (бұрмаланған) дінге, шаман дінінен қалған ырымшылдық сияқты әдеттерге, сәуегей-білгір бақсы, балгерге құлай сеніп, оған бас ұрудан адамды айықтыра алатын өз күшіне енген ақыл ғана дейді. «Пайғамбар, әулие айтты десе-дағы, Ақыл қабыл алмаса, ол маған жат» деген өлеңдеріне келесі мына өлең жолдарымен түсінік жасайды:
«Жаман тәпсір жайылып жер жүзіне,
Дін десе тұра қашты есті азамат.
Бар обалы олардың тәпсіршіде,
Адасып нұрлы аятқа жағыпты тат.
Ол қатені түзеткен әлімдер көп,
Соның сөзін оқысам боламын шат.
Қиянатың бар болса – иманың жоқ,
Маған десе мың жылдай қыл ғибадат» (Ш. Құдайбердіұлы, Шығармаларының үш томдық жинағы, 1-том, 376-377 бб.).
Бұл жерде Ш.Құдайбердіұлы, өзінің Құран аяттары мен Пайғамбар хадистеріне деген ерекше құрметін білдіре келіп, оны қынжылтатын іс діннің дұрыс түсіндірілмеуі болып тұр. Яғни, аяттың мәніне ой жүгіртпейтін, буквалистік көзқарасы басым діндарларға налиды. Солардың кесірінен көптеген адамдарға теріс түсінік қалыптасқанын, өзгелерге кесірі тигенін айтады. Мұндай діншілдікті Хақ дінге жасалған үлкен қиянат, шынайы иманды жанның ісі емес деп біледі. .
Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, «Бес қымбат» деген өлеңінде адам үшін ең керегі иман болса, сол иманында берік ететін ақыл-санасы екендігін былайша жырлайды:
«Ең әуел керек нәрсе – иман» деген,
«Ақырет істеріне (ишларына) илан!» деген.
«Құдай кешірер!» дегенмен, іс бітпейді,
«Иман шартын білмесе, есен (сау қалу)» неден.
«Екінші керек нәрсе – ғақыл» деген,
Ғақылсызда таупық жағы (шағы) тақыр!» деген.
«Аз іске ашуланып, дінін бұзар,
Иманын кәпірлікке сатар!» деген (Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Көп томдық шығармалары, 2-том, 93 б.).
Қорыта айтар болсақ, қазақтың бір туар ғұламалары дінді жеткізуде әркімге өз таңдау еркін бере отырып, Жаратушы иесін ақыл-парасатымен танудың жолын көрсетеді, ойландырады. Дінді өзіндік дәлелді көзқарасымен қабыл етуді – түрлі қиындықтардан алып шығар жол деп біледі. Демек, дінді махаббатпен қабыл еткен адам бойында дінге деген сүйіспеншілік, жанашырлық болады. Әрбір ісін мұқиятпен, әдемі жасауға тырысады. Міне, осы тұрғыдан дінге ізденіс, зерделі ақылымен пайымдап келудің орны ерекше болмақ.
Cамет Оқан,