Алматы облысы Қарасай ауданының Шамалған ауылындағы «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында Наурыз мейрамына орай «Әз-Наурыз – ұлттық сананың, ұлттық бірліктің жарқын көрінісі» атты діни бірлестік жетекшілерінің клуб отырысы өтті.
Жиын өркениетаралық және дінаралық ынтымақтастықтың жаңа идеяларын ілгерілету, қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту, жергілікті діни бірлестіктер жетекшілерінің өзара пікір алмасуына мүмкіндік туғызу және бірлесіп іс-қимыл жасау кезінде орын алатын мәселелерге қатысты ортақ көзқарастарын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚМДБ-ның Алматы аймағы бойынша бас имамы Наржанов Қ.Б., дін істері басқармасының қызметкерлері, дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер өкілдері қатысып, көпконфессиялық және көпұлттық қоғам азаматтарының мемлекеттің дамуы мен гүлденуіне қосқан үлесін, зайырлы мемлекеттегі дін мен діни дәстүрлердің мәнін, елдегі діни бірлестіктер өкілдерінің ұлттық деңгейде келісім мен диалогты дамытудағы рөлі туралы әңгіме қозғады. Облыс имамы Қуаныш Бақытбекұлы ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы атынан жиынға жиналған қауымға Наурыз мейрамымен құттықтауын жеткізіп, 2022 жыл дін басы бастамасымен «Ислам–ынтымақ пен бірлік діні» жылы деп жариялағанын атап өтіп, муфтияттың елдің бірлігіне қосқан еңбектерін баяндады.
Әрі қарай іс-шара Алматы облыстық «Қарасай батыр» мешітінің ауласына ағаш отырғызумен жалғасып, қонақтарға Наурыз көже дастарханы жайылды.