Аязды күні үсіп қалмаудың амалдары бар. Ондай жағдайға тап болсаңыз, не істеу қажеттігін білген жөн. Төтенше жағдайлар министрлігі бірқатар кеңес ұсынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
ТЖМ мәлім еткендей, үсіп қалмаудың қарапайым ережелері бар.
Біріншіден, алкогольді ішімдік ішпеңіз. Мас адамның денесі тез тоңазиды және үсік белгілерін байқамай қалады.
Екіншіден, суықта темекі шекпеңіз. Темекі шегу адамның перифериялық қан айналымын азайтады, аяқ-қолды әлсіретеді.
Үшіншіден, кең киім киіңіз. Бұл қанның қалыпты айналымына ықпал етеді. Төртіншіден, сыртқы киім міндетті түрде су өткізбейтін болуы керек. Сондай-ақ, қолғапсыз, малақайсыз және шарфсыз аязға шықпаңыз.
Бесіншіден, желді, суық күні сыртқа шықпас бұрын, дененің ашық жерлерін арнайы креммен майлаңыз.
Суықта ұзақ серуендеу үшін өзіңізбен бірге ауыстыратын бір-екі шұлық, қолғап және ыстық шай термосын алып жүрген жөн. Серуендеу кезінде сіз тоңғаныңызды сезсеңіз, жылыну үшін мүмкіндігінше кез келген жылы жерге, атап айтқанда дүкенге, дәмханаға, үйге кіріңіз. Аязда ұзақ серуендегеннен кейін үйге оралғанда, аяқ-қолдың, арқаның, құлақтың, мұрынның және т.б. үсіп қалмағанына көз жеткізіңіз.
Егер сіздің көлігіңіз елді мекеннен алыс немесе бейтаныс жерде тоқтап қалса, көлікте қалып, телефон арқылы көмек сұрағаныңыз жөн немесе жолда басқа көліктің өтуін күткен дұрыс.
Желден қорғаныңыз, желде үсік шалу ықтималдығы әлдеқайда жоғары.
Балаларда дененің жылу реттелуі әлі толық қалыптаспағанын есте ұстаған жөн. Сондықтан, баланы аязды күні далаға серуендеуге жібергенде, оған әр 15-20 минут сайын жылы жерге кіру керек екенін ескертуді ұмытпаңыз.
Егер көмек қажет болса, 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.