Белгілі қоғам белсендісі әлеуметтік желіде соңғы жылдары елімізде таза қазақ мектептері ашылмай жатқанын жазды.
“Орыс сыныбын ашпасаң Путинге айтамын” деген дауды білесіздер ғой. Содан кейін біздің әкімдіктер мен білім басқармалары қатты қуланып алды. Бұрын жаңа мектептерді қазақ мектебі етіп ашып жариялап жіберетін де, кейін орыс сыныбын талап еткен ата-аналардың өтінішінен соң мектеп аралас боп жататын. Сосын неге аралас болады деп шу шығатын еді. Қазір сондай шу болмас үшін мектепті бірден аралас етіп ашады да, екі жақты да шулатпай қабылдай береді. Мысалы өткен жылы ашылған, биыл ашылатын мектептің бәрі аралас” деп жазды ол.
Оның айтуынша, екі жылда танымал болған Астана және Атыраудағы 8 BINOM мектебінің бәрі аралас. Одан бөлек, бүкіл өңірдегі биыл ашылатын жайлы мектептердің бәрі аралас.
“Енді таза қазақ мектептері ашылмайды ау деп қорқамын. Ал, бұның соңы неге апарып соғуы мүмкін? Ойлаудың өзі қорқынышты. 2017-2018 жылдары ҰБТ тапсырғандардың 76%-ы қазақ тілінде еді, биыл 74%-ға түсті. Қазіргі қазақ, орыс сыныптардың үлесіне қарасақ енді бес жылдан кейін 65%-ға түседі. Яғни бұл деградация. Ұлтты, тілді сақтап қалуға мүмкіндік іздеп қаламыз ба деп қорқамын. Мемлекеттік тіл туралы қатаң заң керек!” дейді ол.