Жуырда Маңғыстау облысының әлеуметтік желілерінде жергілікті дүкендердің бірінде “ALLA” деп аталатын аяқ киімдер сатылып жатқаны туралы мәлімет тарап, мұсылмандардың орынды ренішін туғызған болатын. Маңғыстау облысы Дін істері басқармасының мамандары аталған жайтты тексеріп, басқарманың әлеуметтік желілерінде оның мән-жайын баян етті.
“Ақтау қаласындағы сауда нүктелерінің бірінде «ALLA» жазуы бар аяқ киімдер сатылымға шыққан болатын. Бұл жайт қаламыздың мұсылман жамағаты арасында сұрақтар туындатқан соң, әлеуметтік желіде тарап жатқан бейнематериалға зерттеу жүргізілген еді.
Нәтижесінде аталмыш брендтегі «ALLA» сөзі ресейлік әнші Алла Пугачеваның есімі екені белгілі болды. Ол «Эконика» брендімен бірігіп, өзінің есімімен аталатын аяқ киімдерді саудаға шығарған.
Ал шын мәнінде араб тілінде «Аллаһ» сөзі дыбысталуы және жазылуы тұрғысынан латын әріптерімен «ALLAH» деп жазылатыны барша мұсылманға мәлім. Сондықтан Ақтау қаласы мұсылман қауымын мұндай мәселенің астарынан қандай да бір ұлтаралық немесе діни алауыздық іздеместестен бұрын, сабырлық танытып, жағдайды егжей-тегжейлі мұқият зерделеуге шақырамыз! Сатылымдағы аяқ киім брендінің суреті қосымша ұсынылып отыр”, – делінген басқарма таратқан мәліметте.