Сұрақ: Авиценна медицинадан басқа қандай салаларда еңбектер жазған?
Жауап: Авиценаның шын есімі – Абу Али Хусейн ибн Абдаллах Ибн Сина, парсы нәсілді философ һәм ғалым. Оны Ибн Сина деуге тілдері келмеген еуропалықтар алғашқыда Абен Сина, Абенсен деп атап, кейін Авиценна деп кеткен. Сол себепті ғалым еуропалық дереккөздерінде Авиценна деп кездеседі. Бұл ғалымның атын естіген адамдар көп жағдайда мұсылман емес, еуропалық ғалым деп ойлайды.
Әлемдік ғылымның дамуына ойшыл, энциклопедист ислам философиясының көрнекті өкілі Ибн Синаның қосқан үлесі айқын. Ғалым тек медицина емес, философия, мораль, химия, астрономия, музыка сияқты т.б. ғылымдармен шұғылданған.
Ибн Синаның этикалық көзқарастары өзінің «Сауығу кітабында», «Білім кітабында», «Сыйлық», «Саламан» және «Абсаль», «Юсуф», «Махаббат туралы трактат», «Үй шаруашылығы туралы трактат» сынды т.б. шығармаларында көрініс тапқан.
Ибн Сина этика мен мораль категорияларын қарастыруда адамның жасы, жынысы, мамандығы мен қызметі сияқты ерекшеліктерге көп көңіл бөлген. Мысалы, «Жастар үшін ең жақсы қасиет қандай болуы керек?» және «Егде адамға тән қасиет қандай?» деген сұрақтарға ойшыл былай деп жауап береді: «Жастар үшін сыпайылық, өжеттілік пен батылдық, ал егде адамдар үшін – даналық пен байсалдылық қажет. Егде адам басқалар үшін үлгі, кеңесші. Ол әрбір ісін асықпай, байыппен істейді…»
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ