Ауызашар десе ойға бірден таза су мен жұмсақ құрма, жайылған дастарқан мен дәмді тағам келетіні анық. Бұған дейін дұрыс тамақтану тәртібі жайында кеңесімізді жазсақ, бүгін ауызашар әдебін сөз еткелі отырмыз.
Әрине, мақсатымыз алдына ас келген адамға, оның үстіне күні бойына ораза ұстап, қарны ашып, шөліркеп отырған адамға тамақты былай жеу керек деп нұсқау беру емес. Бәлкім, Пайғамбардың (с.а.у.) сүннетіне амал етсек деген ниет қана. Сонымен, ауызашар сәтіндегі әдепке тоқталайық.
Ауызашарға асығу
Сәресін кешіктіру деген уақытынан кешігіп ішу емес, таң намазына тақалған шақта ауыз бекіту дегенді білдіргені сияқты, ауызашарға асығу деген де ертерек тамаққа қол салу деген сөз емес. Минут, секунд санап асығуға жүрекпен ниеттену. Сондай-ақ, хадисшіл ғұламалар ауызашарға асығу – су ішуге, тамақ жеуге асығу емес, керісінше, күні бойы ұстаған оразасы, жасаған амалының сыйын алатын уақытқа, яғни, аман-есен оразасын бұзып алмай, ауызашарға жеткеніне шүкір айтатын сәтке асығу дейді.
Дұға жасау
Ауызашар сәтіндегі дұғаның кері қайтарылмайтыны хадистерде айтылған. Сондықтан аузы берік адам ауызашарға 5-10 минут қалғанда шын жүрегімен Аллаға жалбарынып, дүние-ақіретіне қажетін сұрағаны жөн.
Құрма немесе сумен ауыз ашу
Ақшам намазының уақыты кірісімен-ақ, ауызашар дұғасын жасап, бірінші құрма, ол болмаса таза сумен ауыз ашқан абзал. Сүннетке сай жұмсақ құрма немесе кепкен құрма болса да, тақ санмен, яғни, біреу, үшеу немесе бесеуін жеу керек. Суды да асықпай ішіп, әр жұтқан сайын Аллаға мадақ айту мұстахаб амалдардан.
Ақшам намазын оқу
Сахабалардың басым көбі Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) құрма немесе сумен ауыз ашқаннан кейін дастарқанға отырмай, бірден ақшам намазын оқығанын жеткізген. Бұл бір жағынан адам денсаулығына пайдалы. Асқазанға түскен құрма мен су адам намаз оқып жатқанда дереу қанға өтіп, ағзаға күні бойына қажет болған қорек таралып үлгереді.
Тамақты аз жеу
Дастарқанға қойылған асты да аз-аздан жеу. Мейлінше асқазанға ауыр болмаған, құнарлы тағамдар жеу, суды көп ішу түнгі құлшылықты мүлтіксіз атқаруға, тарауих намазын оқуға септігін тигізеді.