Сұрақ: Ауырып қалған адамның игі істері тоқтап қала ма?
Жауап: Егер бір кісі ауырып қалса немесе сапарға шықса, оның сол дерті немесе сапарға шығуы өзінің үнемі жасап жүрген жақсы игі істерін жалғастыруына кедергі келтірсе де, оған денсаулығы дұрыс кезіндегідей сауап жазылады.
Бұл жайында Әбу Муса әл-Әшғари (Алла оған разы болсын): «Мен Алла елшісінің (с.ғ.с.) қасында бір емес, екі емес бірнеше мәрте бірге болдым. Сонда пайғамбардың (с.ғ.с.):
– Алланың құлын оның істеп жүрген игі істерінен ауру немесе сапар кедергі жасайтын болса да оған денсаулығы дұрыс, муқим (жолаушы емес) кезіндегі сияқты сауап жазылады – деп айтқанын естідім», – деген (Әбу Дәуіт).
Демек, жақсылық істеуді әдетке айналдырған адам, ауырып төсек тартып қалса немесе сапарға шығып жақсылық жасауға қолы тимей кетсе де оның бұл жағдайы оған күнделікті сияқты сауап жазылуына кедергі келтірмейді екен. Оған сау-саламат кезіндегі немесе сапарға шықпай жақсылық жасап жүргені сияқты сауап жызла бермек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ