Иә, осы жылы да ораза аптапты ыстық шілде айына тұспа-тұс келді. Алла тағалам оразаны аман-есен ұстап шығуды нәсіп етсін. Өйткені, Алла тағаланың «Мен ораза құлшылығының сауабын Өзім беремін» деуі ораза құлшылығының сауабының қаншалықты мол екенін көрсетеді. Сондықтан бұл жердегі сіздің қорқынышыңызды нақты анықтау керек. Егер шын мәнінде бұрынғы тәжірибелеріңізден ондай ауыр жұмысқа шыдай алмайтындығыңыз белгілі болса немесе денсаулығыңыздың ауыр жұмысқа шыдамайтындығын білікті, сенімді мұсылман дәрігер анықтаса онда ораза ұстамауыңызға рұқсат.
Мына мәселеге мән беру керек. Егер ораза ұстау денсаулығына зиян тигізсе немесе жұмысты тастап кеткен жағдайда нәпақа таба алмай күн көрісі қиындап кетер болса онда ораза ұстамауға рұқсат. Мұндай жағдайда күнә болмайды. Ораза ұстамаған күндерінің қазасын кейін өтейді. Ал егер жұмысын тастаған жағдайда қиналмай күн көрісін жалғастыруға мүмкіндігі бола тұра оразасын бұзса онда күнә болады.
Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша ауыр жұмыс істейтіндер егер жұмыс істеу барысында қатты қиналып, денсаулығына зиян келіп жатса ораза ұстамауға рұқсат. Бірақ кейін сол күндердің қазасын өтейді. Ал ораза ұстауды бастап қойып, жұмыста әлсіреп кетіп, қиналып, оразасын жалғастыруға шамасы келмей жатса онда оразаны бұзу уәжіп. Өйткені Алла тағала Құранда: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер! Алла тағала сендерге тым мейірімді» («Бақара» сүресі, 195-аят) дейді. Сондықтан осындай ауыр жұмыста істейтін кісілер мүмкіндік болса жылдық демалысын ораза кезінде сәйкес алып, мол сауаптан құр қалмаудың шарасын жасауға мейлінше күш-қайрат жұмсағаны абзал.