Күндердің күнінде спорттың бір түрінен әлем чемпионы СПИД ауруына шалдығады. Бірнеше уақыттан кейін оның жағдайы күрт төмендейді. Оның жақын досы ауруханаға жағдайын сұрауға келеді де, өлім халінде жатқан спорт саңлағына:
– Неге осы ауруды Алла Тағала саған берді? Неге сені таңдады?-деп күрсінеді. Сонда жеңімпаз досына:
– Мені тыңда! Балалық шақта әлемде 50 млн. адам белгілі бір спортпен айналысады. Оның ішінде 5 млн. спортшы ғана тұрақты түрде жалғастырады. Алайда, кәсіпқой дәрежеге 500 мыңы ғана жетеді. Сондай-ақ, 50 мыңы ғана жарыстарға қатыса алады. Оның ішінде 5 мыңы халықаралық дәрежеде бақ сынаса алады. Ал, 500-і ғана жүлделі орындарға ие болады. Бұлардың ішінде 50-уі ғана әлемдік жарысқа жолдама ала алады. Ал, оның төртеуі жартылай финалға, екеуі финалға шығады. Соңында біреуі ғана жеңіске жетеді. Мен осындай әлемдік жеңімпаз атанғаннан кейін бұл Алланың қалауы екенін білдім. Енді қалайша мына бойымдағы ауруды берген Алланы сынай аламын?- деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы