Әурет дегеніміз – адамның басқаларға көрсетуге болмайтын ұятты жерлері. Ал әуретті жабу осы ұятты жерлерді жабуды білдіреді. Намазда болсын, былайғы уақытта болсын, әурет жерді сырт көзден таса етіп, жабық ұстау – парыз.
Құранда «Ағраф» сүресі, 31-аятта: «Уа, Адамның ұрпақтары! Әркез мешітке жақсы киімдеріңді киіп барыңдар» деп бұйырылған. Осы аяттағы «жақсы киімдеріңді киіп барыңдар» дегенді ғалымдар әурет жерлерді жабу деп түсіндірген.
Еркектер үшін әурет кіндіктен төмен тізенің астына дейінгі аралық. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінде: «Ер адамның әуреті – кіндігі мен тізесінің арасы», «Ер адамның әуреті – кіндіктен төмен тізесінің астына дейінгі жер» (Ахмед ибн Ханбел, Мүснәд) деп айтқан.
Әйелдер үшін саусақтарының ұшынан білезікке дейін қолы, табанынан тобық арасы аяғы және беттің тысындағы мүшелер тегіс әурет болып табылады. Құранда «Нұр» сүресі, 31-аятта: «Мүмін әйелдерге айт, өздігінен көрінетін жерлерінің тысында, әсемдігі және әшекейлерін көрсетпесін» делінген. Әйелдердің өздігінен көрінетін жерлері: білектері мен жүздері. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балдызы Әсмаға (р.а.): «Уа, Әсма! Балиғат жасына жеткен қыздың (сырт көзге) мына екеуінен басқа жерінің көрінгені дұрыс емес» деп жүзі мен екі қолын көрсеткен болатын (Әбу Дәуіт, Сүнән).
Міне, осы хадисте әйелдердің әурет саналатын жерлері нақты айтылған. Олар намазда беттерін, білектерін және екі аяқты (табан мен тобық арасын) жаппай-ақ қойса да рұқсат. Әйел кісілердің аяқтары (табан мен тобық арасын) әурет жер болып санала ма дегенге ғұламалар түрлі пікір білдірген. Бұлардың ішіндегі ең дұрысы табан мен тобық арасын әурет жер емес деген көзқарас. (Тахмаз, Фиқһул-ханафи фи сәубиһил-жәдидә)
Көпшілік қолдаған көзқарас бойынша, әурет жердің жабық жүруі жалғыз намаз оқушы кісіге ғана қатысты емес, жалпыға ортақ міндет.
Алау ӘДІЛБАЕВ,
теология ғылымының докторы