Маңғыстау өңірі «362 әулие жатқан қасиетті мекен» деген атпен танымал. Шын мәнінде Маңғыстау топырағынан осынша әулие шыққан ба немесе кейбір деректер бойынша бұл сан жыл он екі айдағы әр күннің әулиесі бар деген сенімнен туындаған тұжырым ба, ол жайында нақты тоқтамға келген пікір жоқ. Алайда, жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды демекші, «362 әулиелі мекен» деген сөз бұл топырақтың расында да талай арқалы азаматтар мен айналасына дін нұрын шашқан ишан-ахундарға бай болғанын аңғартса керек.
Әулие дегенде көптің көкейіне ең алдымен Маңғыстаудан шыққан атақты Бекет ата келеді. Одан бөлек, бұл өлкеден әр ғасырда өмір сүрген Шопан ата, Шақпақ ата, Қошқар ата, Қараман ата, Қаңға баба, Кенттi баба, Сұлтан Үфi, Сисем ата, Масат ата, Сислам ата, Темiр баба, Алтықұлаш әулие, Данысман, Ақшора-Белтұран, Қыз әулие, Есмәмбет ата, Бала әулие, Барақ әулие, Шiлкөз әулие, Жалғызағаш әулие, Құлбарақ, Құсшы, Құрманалы әулие, Әуеталық әулие, Ержан хазрет, Оғланды әулие, т.б. көптеген тұлғалардың есімдері ауызға ілігеді.
Ал біздің бүгінгі әңгімеміз – әр жерде жарияланған мәліметтерде есімі сирек аталса да, ел аузында «Әупірім әулие» деген атпен сақталған, осы өңірде Ислам дінінің таралуына үлес қосып, мешіт ашып, бала оқытқан, сондай-ақ емшілігімен де аты шыққан Төлей ишан туралы болмақ.
2018 жылы Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында жаңа мешіт ашылып, оған Төлей ишанның есімі берілді. Бұл құлшылық үйін адайдың ішіндегі бегей руынан шыққан ишанның ұрпақтары тұрғызыпты. Интернетті парақтап көрсек, Төлей ишан туралы мәліметтер жоқтың қасы екенін байқадық. Тіпті 1997 жылы Әбіш Кекілбайұлының жетекшілігімен жарық көрген «Маңғыстау» энциклопедиясында да ишан жайында ешбір мәлімет берілмепті.
Біз ел аузында аңыз-әңгімелері сақталған әулие кісі туралы ақпарат іздеу барысында Төлей ишанның тікелей ұрпағы, дәлірек айтсақ, шөбересі Дүйсенбек Төлеев есімді азаматты таптық. Бүгінде Маңғыстау ауданы, Жетібай ауылында тұрып жатқан Дүйсенбек ағаның айтуынша, ол әкесінің аманат етуімен 1991 жылдан бастап әулие атасының жатқан жерін іздеп, 15 жылдан кейін, яғни 2006 жылдың наурыз айында тауыпты.
Дүйсенбек аға атасы Төлей Құдайбергенұлының 1811 жылы туып, 1895 жылы дүние салғанын айтады. Кейбір деректерде оны 1847 жылы туған делінеді. Алайда: «Үлкендердің бізге қалдырған сөздеріне қарағанда, ол 1811 жылы туып, 84 жыл жасаған. Дұрыс мәлімет осы», – дейді Дүйсенбек аға.
Төлей ишан есейген шағында 2 баласымен бірге Бұхараға бара жатқан керуенге ілесіп, сондағы діни медресеге оқуға аттанады. Медреседе 7 жыл оқып, «ишан» деген атақ берілгендігі туралы шатырхат алғаннан кейін елге оралып, Қаражар деген жерде мешіт ашып, бала оқытқан. Оның елге оралған уақыты – 1878 жылдың күзі деген дерек бар.
Басқа мәліметтер бойынша, ол Бұхарада емес, Қазан шахарында білім алған делінеді.
– Елге келген соң мешіт ашып, 40 балаға дәріс беруді бастайды. Балаларға тек білім беріп қана қоймаған. Өзі Бұхарадан диқаншылықтың қыр-сырын үйреніп келгендіктен, мешіт жанынан бау-бақша салған, – дейді кейіпкеріміз. – Сол жерден үлкен су қоймасын салып, балалар үш күн су тасып соны толтырады екен. Қияр, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, жүзім сияқты жеміс ағаштарын отырғызып, ұстаздар мен шәкірттерді көкке тойғызып, әрі балаларды еңбекке баулиды екен. Қазіргі күні бабамыздың су қоймасы, құдығы, мешіттің орны мен қабырғалары сақталған.
Шәкірттерінің арасынан елге танымал білімді азаматтар да шыққан. Мәселен, Маңғыстау өңірінің атақты геолог ғалымы Оразмағамбет Тұрмағамбетұлы, Қосмағамбет ахун, Бегей Рахматулла ахун осы кісінің алдында сабақ алған. 8 жасында Бұхара медресесіне түсіп, 16 жасында бітіріп келген Рахматулла ахун сол Қаражардағы Төлей ишан мешітіне ұстаз болып еңбек етеді.
Төлей ишаннан Айтмағамбет, Әлмағамбет, Ермағамбет және Есмағамбет атты 4 ұл туады. Қазіргі күні ұрпақтары бар.
Шөбересі Дүйсенбек Алдасұлы әкесінің аманатымен әулие атасының жатқан жерін 15 жыл бойы іздеп тапқандығын жоғарыда айтып өттік қой. Енді сол жанкешті ізденіс қалай өрбігендігін өз аузынан қысқаша баян ете кетсек.
– 1991 жылы әкем төсек тартып жатып қалды, – дейді Дүйсенбек аға. – Ағаларым арқылы мені өзіне шақыртыпты. Барсам: «Балам, саған айтып кететін бір аманатым бар. Төлей ишан атаңды қазір іздейтін ешкім жоқ. Соны саған аманат қыламын. Жатқан жерін тауып, есімін халыққа жеткіз», – деді.
Кезінде кеңес одағы орнағанда атамыздың мешіті жермен-жексен етіліп, ол туралы халықтың жадынан мүлдем өшіруге тырысқаны белгілі. Біздің аталарымыз да қуғынға ұшыраған. Нәтижесінде Төлей ишан бабамыздың жатқан жері, мешітінің орны ұмыт болған.
Сол жылы әкем қайтыс болғаннан кейін мен оның аманатын орындау үшін әулие атамды іздеуге кірістім. Қандай да бір деректер табу үшін облыстағы бақсы, әулие, шежіреші деген кісілерді, қасиетті жерлердің бәрін жағалап кеттім. Ол уақытта үлкендерден атамыз туралы түрлі аңыздарды еститінбіз. Басқа ешбір дерек жоқ болатын. 15 жыл іздеп ақыры Бекет атамыздың мешітінен күншығыс жаққа қарай 50 шақырым жерде Қаражар дейтін қауым бар, содан таптым, – дейді.
Оның сөзінше, атасын іздеу барысында оның жатқан моласын бірнеше мәрте түсінде анық көріпті. «Құдайдың құдіреті шексіз ғой, бірнеше рет моланы көрсем де, оның қайда жатқанын білген жоқпын. Сұрастырған адамдардың бәрі де одан хабарсыз болып шықты, – дейді.
– Содан 2006 жылдың ерте көктемінде кезекті рет атамды іздеу мақсатымен Жаңаөзенге жетіп, одан әрі Шопан ата деген жерге жаяу бардым. Сол жылы қыс қатты болды. Қарға малтығып екі күн жүрдім.
Шопан атаның басында жасы егде тартқан бір шалды кезтестірдім. Жанындағы адамдарға осы аймақта бұрын-соңды өткен атақты әулие кісілердің тарихын, аңыз-әңгімелерін айтып отырғанын естіген соң, жанына барып, амандасып, өзімнің бұйымтайымды жеткіздім. «Мен Төлей ишан деген атамның қабірін іздеп жүрмін», – деп ол жайында ел аузында жүрген аңыз-әңгімені айтып бердім.
– Ее, жарықтық, менің ол жайында естігенім бар. Бегейдің атақты әулиесі ғой. Бекет атаның күншығыс жағында 50-60 шақырым жердегі таудың етегінде тұрған мола сонікі, – деді.
Бұл шал бұрын Түрікменстанда тұрған. Сол жақта жеке қожалық ұстап, асыл тұқымды түйе өсірумен айналысқан екен. Жас кезінде ағасы екеуі әдеттегіше Маңғыстауға түйелерін сату үшін айдап келе жатып, Аяққараған деген таудың етегіндегі бір құдықтың жанына аялдайды. Сол жерде тұрған бір моланы көріп, Құран аятын оқыған соң, жақын маңда мал бағып отырған бір қойшының үйінде түнепті.
– Біз қойшыдан «Мынау өзеннің арғы жағында тұрған мола кімдікі болды екен?» – деп сұрадық. Ол «Бұл жерде бегейдің бір дөкейі жатыр», – деді. Бірақ атын айтпады. Сенің айтып отырған аңыз-әңгімелеріңдегі әулие кісі сол.
Мен әлгі шалдың айтуымен молаға баратын жолдарды қағазға сызып алып, 2006 жылдың 25 мамыр күні әлгі қорымды іздеп барып тапқанымда, бұрын түсімде көріп жүрген моланы өңімде көрдім ғой! – дейді Дүйсенбек аға.
Оның айтуынша, моланы табу – істің жартысы ғана. Енді бұл Төлей ишанның жатқан орны екендігін дәлелдеу керек. Өйткені, ертең басқа рулар «Бұл біздің атамыздың моласы» деп таласып кетуі мүмкін.
– Құдайдың құдіретімен түсімде көрген моланы өңімде тапқасын бұл әулие атамыздың қабірі екеніне күмәнім қалмаса да, енді соны нақты дәлелдеудің жолын қарастыра бастадым. Ауылға қайтып барып, ағаларыма айтып, ақсақалдарды жинадық.
Сол жерде менің ұстазым болған Қуаныш есімді ақсақал маған: «Төлей ишанның моласын тұрғызғандардың ішінде менің әкем де болған. Нақты қай жерде екенін білмеймін. Бірақ әкемнің айтуынша, зиратты жердің үлкен қара тастарынан тұрғызыпты. Тастардың арасында үлкен диірмен тас бар. Оның үстінде доптың көлеміндей домалақ тас қойылған, онда адайдың таңбасы бейнеленген», – деп құнды ақпаратты айтты.
Мұны естігеннен кейін мен қайтадан Төлей ишан атамның басына бардым. «Бісміллә» деп үлкен тастарды бір шетінен ашып қарай бастағанда астынан алдымен адай таңбасы бар домалақ тас шықты. Сосын одан әрі қазбаладым. Нәтижесінде астыңғы жағынан диірмен тас көрінді. Осылайша бұл әулие бабамның басы екені толық дәлелденді, – деп әңгімесін аяқтады Дүйсенбек аға.
Сөз соңында біз одан ауыл-аймақ неліктен оны «Әупірім әулие» деп атайтынын сұрадық. Оның айтуынша, «әупірім» сөзі «әу, пірім!» дегенді білдірсе керек. Яғни түбірінде «пір» сөзі жатыр. Қазақта бір ауыр затты көтергенде «әупірімдеп көтердім» делінеді. Осы жерде «Пірім, қолдай гөр» деген сопылық сенім жатыр. Кейін келе «әупірім» сөзі «күшті, мықты, адуынды» деген мағынаға ие болған.
Мысалы, қатты желді «әупірім жел» деп те атайды. «Әупірім әулие» деген сөз де «адуынды, қасиетті әулие» дегенді білдірсе керек.
Міне, ХХ ғасырдың нәубет жылдарында халық жадынан өшіп кеткен талай ірі тұлғаларымыз осылайша табылуда. Асыл дінімізді өркендетуге, жас жеткіншектердің сауат ашып, білім алулары үшін ерен еңбегін сіңірген Төлей ишан секілді тау тұлғаларымыз аз емес. Олардың есімдері мен еңбектерін халыққа таныту, жарыққа шығару – біздің ұлы міндетіміз. Тарихын білген жұрттың тамыры берік, болашағы жарқын.
Азамат ТӨЛЕПОВ
Маңғыстау облысы Мұнайлы аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша