Апат айтып келмейді. Биыл Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тілсіз жаудың кесірінен 91 үйдің иесі зардап шеккен болатын. Мемлекет басшысынан бастап жүрегі ізгілікке толы кәсіпкерлер, күллі саланың мамандары қиын кезде оларға қамқорлық жасап, қол ұшын созды.
Осындай ұйымшылдықтың арқасында үй-күйсіз қалған жандар қысқа мерзімде заман талабына сай қызыл кірпіштен өрілген тұрмысқа әбден қолайлы баспанамен қамтамасыз етілді. Газ бен су тартылып берілді. Осынау ауыртпалық тудырған шақта еліміздегі дін саласының қызметкерлері де азаматтықтың жарқын үлгісін танытты.
Қостанай облыстық мешіті ұжымының тікелей ұйымдастыруымен және ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Мақсатбек Қайырғалиевтің қатысуымен жаңа баспанаға қоныстанған жандарға 91 қап ұн, өзге де азық-түліктер, 91 дана күнделікті тіршілікте тұтынатын заттар, яғни кілем, төсеніш, көрпе, басқа да қажетті заттар табысталды. Қамқорлыққа бөленген отбасылардың айтар алғысы шексіз. Ең бастысы, күтпеген апат халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің мызғымас беріктігін көрсетті.