Ауғанстандағы жағдайдың ушығуына байланысты Ресей Орталық Азия елдерінің әскерилерімен бірнеше оқу-жаттығу өткізеді, деп Sputnik Қазақстан жазады.
Ресей Қарулы күштерінің арнайы және бітімгерлік құрылымы тамыз бен қыркүйекте Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан әскерімен терроризмге қарсы бірлескен тоғыз оқу-жаттығу өткізеді. Ауқымды іс-қимылдар топтамасын қамтитын бұл оқу-жаттығулар Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері қарулы күштерінің «Бітімгерлік миссиясы – 2021» стратегиялық маневрлерімен аяқталады. Егер ауған жеріндегі жағдай өзгерістер алып келмесе, оған Үндістан, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстаннан мыңнан астам әскери қызметкері қатысады деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстандағы Ресей әскери базаларының авиация топтары, 201-ші әскери базаның құрамындағы С-300 зениттік зымыран жүйелері тартылады. Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстан атынан жүріп-тұру күрделі таулы аймақтарда жұмыс істеуге арнайы дағдыланған бөлімшелер қатысуы ықтимал.
«Талибан»* өкілдері қауіпсіздікке кепілдік ұсынғанымен Ресей және оның Орталық Азиядағы одақтастарына Ауғанстандағы жағдайдың ең нашар сценарийіне дайындала берген абзал. Себебі заңсыз қарулы құрылымдардың көзін жою үшін әскерді сапта, қаруды қолда ұстаған дұрыс. Өйткені Ауғанстандағы бұл дүрбелең жағдайды отызға жуық террористік ұйым өз пайдасы үшін қолдануы мүмкін.
Тамыздың басында өтетін оқу-жаттығу кезінде Ресей мен Өзбекстанның біріккен әскери топтары өзбек жеріндегі Сурхандария облысында, яғни Ауғанстан шекарасына жақын маңда бірқатар маневр жасайды. Олардың басым бөлігі өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталады. Айта кетері, Термез атты өзбек полигонында ресейлік арнайы жасақ тұрақты жаттығып келеді. Мұнда шекарадан заңсыз өткен және Өзбекстандағы елді мекеннің бірін басып алған террористік топтың көзін жедел жою сценарийі пысықталады.
Күздің басында Тәжікстандағы 201-ші ресейлік әскери базада да әскери маневрлер жиілейді. Қазірдің өзінде 100 әскери қызметші Красноярск өлкесінде 3000 метр биіктікте – «Ергаки» оқу орталығында таулы биіктіктегі іс-қимылдар дайындығынан өтті. Ресейлік әскери база құрамында бірнеше мотоатқыш батальоны, артиллериялық дивизион, авиатоп және қамтамасыз ету бөлімшелері бар.
Тәжікстанда Ауғанстандағы әскери қауіпке қарсы әрекет етуді жоспарлаумен Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Бірлескен штабының жедел тобы айналысып жатыр.
Ауғанстанның солтүстік провинцияларындағы мыңдаған адам тәлібтердің шабуылынан кейін өз үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды. Содырлар ауған жерінен кеткен АҚШ пен НАТО қару-жарағының біразын иемденіп алғаны да жасырын емес. Сондықтан содырлардың қарқынды шабуылы үдей түсті. Алдағы уақытта жағдайдың қалай өрбитіні белгісіз. Ауған шекарасын түгел жауып тастау мүмкін емес.
Ауған бейбіт процеске қолдау көрсету мақсатында Өзбекстан, АҚШ, Пәкістан мен Ауғанстан консультацияларға арналған төрт тарапты жаңа алаң құру туралы шешім қабылдады. Бірақ АҚШ ауған жерінен өз әскерін шығаруды аяқтап жатқан шақта және Баграм авиабазасын тағдырдың тәлкегіне қалдырған бұл кезде америкалықтардың қатысуымен өтетін кез келген келіссөздер алаңы сенімсіз сипатқа ие болып отыр.
Пәкістан Ауғанстан бойынша бейбіт конференция өткізу жоспары туралы мәлімдеді. Бірақ ресми Кабул егер ауғандар Спин-Болдау ауданынан (Пәкістанмен шекарадағы) тәлібтерді ығыстыруға әрекет жасаса, пәкістандық әскери-әуе күштері күш қолдануға дайын екені туралы хабарлама алғанын жеткізді.