Ауғанстандағы қандасымыз Қазақстан үкіметінің ауғандағы қазақ жастарына көмек беруін сұрайды. 1996 жылы туған Тас Мұхаммед есімді этникалық қазақпын деген азамат Ауғанстанның Тахар қаласында дәрігер болып жұмыс істейді. Басты арманы – атажұрты Қазақстанға оралғылары келеді.
Тас Мұхаммедтің ата-бабалары 300 жыл бұрын Қазақстаннан Ауған жұртына қоныс аударған.
«Ауғанстанның Тахар қаласындағы мемлекеттік ауруханада дәрігермін. Медицина саласымен бірге заң жағын да тәмамдадым. Одан бөлек, жеке клиникам және дәріханам бар. Қарамағымда бірнеше адамға жұмыс берудемін. Бізде жыл мезгілдеріне қарай түрлі-түрлі ауру пайда болады. Сондай науқастарды емдеумен жүреміз. Ауғанстанның қысы өте суық, жазы тым ыстық. Дәрігерлердің кейде үзіліссіз жұмыс істеуіне тура келеді.
Тахарға отбасымызбен бірге көшіп келдік. Өзіміз және туыстарымыз шаһардың орталығында тұрамыз. Кабулда докторантураны оқып бітірдім. Тахар қаласында өзім шамамен білетін 7000-ға жуық қазақ бар. Кейбіріміз ара-арасында бас қосып тұрамыз. Қаланың сыртында да таныс ағайындар бар. Олармен жақын араласпасақ та, аталарымыз арқылы таныспыз.
Екі туған қарындасым бар. Атамекенге екі-үш отбасы көшіп барған. Олармен тек анда-санда ғана хабар алып тұрамыз. Үш ғасыр бойы қазақ кітабын көрмей, ана тілінен айырылған халықпыз. Бізден үлкен буындар қазақ тілін білді. Кейінгі мына біз және балаларымыз ұмыттық. Өзім қазақша сізді түсінгеніммен, ойымды жеткізе алмаймын», – дейді 25 жастағы азамат.
Көптеген қазақтар Ауғанстандағы соғысты көріп, әртүрлі топтардың қысымдарынан жапа шеккен. Тәліптер Ауғанстанды басып алғаннан кейін, мыңдаған қазақ Пәкістан, Иран және Түркия елдеріне көшіп кеткендігін айтады.
«Тахар қаласынан 2000-ға жуық қазағымыз босқынға айналды. Көбі үйлерін тастап кетті. Жастарымыз өз беттерімен талпынып, атажұртқа оқуға да бара алмайды. Оларды қолдайтын бізде үкімет жоқ. Қазақ үкіметі қаны бір азаматтарын қолдап, жастарды оқуға шақыратын арнайы бағдарламаларды ашса екен. Мысалы, осындағы өзбек халқы өз атажұртына барып, білім де алады», – дейді қандасымыз.
Бірнеше рет қаржы жинап, Қазақстанға баруға әрекет жасағанымен ештеңе шықпаған. Арасында арнайы турларды ұйымдастыратын алаяқтарға да ұрынғадығын айта кетті.
Ауғанстанда қазақтардың тарихын білетін үлкен ата-әжелердің барын айтады. Осы жақтағы қазақтардың өткен-кеткенін зерттегісі келетін әрбір жанға жол көрсетуге дайынбыз дейді.
«Ауғанстанда 34 түрлі ұлт өкілдері тұрады. Әрбір ұлт өз мүддесін ойлайды. Қазіргі кезде биліктің құзыреті тәліптерде. Басқаларымыз екінші дәрежеде өмір сүрудеміз. Қазақтардың көбі мал бағу, егін егу, т.б. ауыл шаруашылығымен күн көреді. Бірақ арасында сауда-саттық және жеке кәсіппен айналысып жүргендер де бар», – дейді ол.
Ауғанстанда екі ресми тіл – дари және парсы тілдері. Әзірге дейін құжаттарына «ауған» деп жазады. Тәліптер жақында электронды төлқұжат енгізді. Осыдан соң тәліптердің билігі 32 ұлтты цифрлық құжатқа енгізіпті. Осыған байланысты «қазақ» деп көрсетсе, биліктің жаңа құжатқа жаузының мүмкін екендігін жеткізді.
«Кабулдағы Қазақстан елшілігіне бармадым. Бізде ешқандай да мүмкіндіктер жоқ. Білім жағынан мемлекет құлдырап барады. Бұрын да білім сапасы жоғары емес-тұғын. Ауғандағы басқа ұлттардан гөрі қазақтарға кедергілер көп. Басты арманымыз – атажұртта өмір сүру. Бізді алып кетпесе де, жастарымызды Қазақстанда оқытса екен. Себебі қазіргі жүйе қараңғылыққа апаруда. Көшіп баруға да азаматтарымыздың бәрі де дайын.
Қарияларымыздан есте қалған дүниелер көп. Аталарымыз қыз қуу, ат баптау, т.б. дүниелерді жиі-жиі әңгіме қылатын. Ұлттық мерекеміз – әз наурызды білемін. Өкінішке орай, оны бізге тойлатпайды», – дейді қандасымыз.
Дайындаған Қадірәлі САРЫПБЕК