Ауғанстан азаматы Хамит Тадаш он жылдан бері Қазақстан елшілігіне өзінің қазақ екенін дәлелдей алмай келеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайық басылымына сілтеме жасап.
Ер адам Қазақстандағы туыстарын табу үшін көмек керек екенін айтады.
“Анамның айтуынша, 20 ғасырдың басында отаршылдық саясат күшейген кезде қазақтар қысымшылыққа ұшырап, әр жаққа кете бастаған. Негізінен Кіші жүздің таз руынан шыққан адамдар тұратын ауылда барлығы да шетелге көшіп кеткен. Атамның әкесі Ташмет Қырғызстанға көшіп келген. Ол қайтыс болғаннан кейін біздің атамыз Шермет жетім қалып, сол жерден Ауғанстанға көшеді. Осы елде өмір сүрдік. Мен Құндыз деген жерде дүниеге келдім”, – деді Хамит.
Оның екі ағасы уақыт өте келе Иранға кетіп қалады. Ал Хамиттің өзі 2002 жылы Кабул университетіне түсіп, түрік тілі мен әдебиетін оқиды. Бұдан соң Анкарадағы Гази университетінде білім алады. 2012 жылдан бастап Кабул университетінің шет тілдер факультетінде түрік тілінен сабақ береді.
“2010 жылы Анкарада болған кезде мен Қазақстан елшілігіне тарихи отаныма оралғым келетінін айтып, өтініш білдірдім. Олар бұл үшін Ауғанстандағы елшілік жауап береді деді. Ал Ауғанстандағы елшілік қазақ екенімді дәлелдеу үшін Қазақстанда туыстарым болу керек екенін айтты”, – дейді ол.