Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында 22 ақпан күні «Отпан» ақпараттық түсіндіру және оңалту орталығы» ҚҚ директоры, РАТТ мүшесі Азамат Тулеповтың ұйымдастыруымен АТТ мүшелері мен мектептегі мұғалімдерге арналған «Діни конфликтінің себептері мен алдын алу жолдары» тақырыбында семинар өтті.
Семинар барысында теріс бағыттағы жалған діни ұрандар жастардың психикалық және физикалық жағдайына қауіпті екені айтылды. Осы ретте қалыптасқан әлеуметтік нормалар мен дәстүрлерді, мәдениетті жоятын, жалпы қоғамға қауіпті болып табылатын деструктивті идеялардың бар екенін жоққа шығара алмаймыз.
Деструктивті діни ағымдардың белгілері:
- Діннің, діни қағидалардың ерекшеліктері туралы идеялардың болуы.
- Зайырлы тәртіпті, оның ішінде заңдарды, билік және басқару органдарын мойындамайтын ұйғарымдардың болуы.
- Діни алауыздық немесе араздық тудыратын, қауіпсіздікке, өмірге, денсаулыққа, адамгершілікке немесе азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін ұйғарымдардың болуы.
- Діни догмалардың ғылыми түсіндірмесін мойындамау, мазхабтарды теріске шығару, оның ішінде Орталық Азия мұсылмандары үшін дәстүрлі исламды сыни түрде қабылдамау.
Кездесу соңында РАТТ мүшесі А. Тулепов семинарға қатысушылардың көкейінде жүрген әртүрлі сұрақтарына нақты жауап беріп, алдағы уақытта жастар арасында діни қақтығыстардың алдын алу мен ортақ мәміле таба білу маңызды дүние екенін айтып өтті.