Күндердің күнінде Рияд қаласында 78 жастағы ақсақал кенет есінен танып, құлап қалады. Оны бала-шағасы дереу ауруханаға алып барып емдеуге жатқызады. Дәрігерлер оған дереу кислород беру үшін құрылғыны 24 сағат бойы аузына салады. Содан ақсақал есін жинап, жағдайы біршама жақсарған соң үйіне кетуге бел буады. Дәрігер алған емі үшін ауруханаға төлем ақысын беру керектігін ескертеді. Сол ақылы емдердің ішінде бір ғана кислород үшін 600 риал төлейтінін көріп көзіне жас алады. Мұны көрген дәрігер жаны ашып:
– Сізге не болды? Бұл емдердің ақысы сіз үшін тым көп пе екен?, – дейді. Сонда ақсақал:
– Жоқ, мен бұлардың барлығын қиналмай төлей аламын, ақшам жетеді. Әйтсе де, мен 24 сағат алған кислород ақысына қарап осы уақытқа дейін 78 жыл бойы тегін ақысыз ауа жұтып жүріп, Алла Тағаланың алдында қаншалықты қарыз екенімді түсініп жыладым. Осылайша біз көптеген нығметтерді ескерусіз қалдырады екенбіз-ау, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы