Уағалейкумсалам, Бекзат! Ханафи мәзһабында “әттәхият” дұғасын оқыған кезде, «Лә иләһә» деген тұсында сұқ саусақты көтеріп, «иллаллаһ» (Алла бар) деген жерінде түсірудің үкімі – мұстахаб амалға жатады. Яғни, істесең сауап жазылады, істемесең – күнә емес.
Сонымен, “әттәхиятта” сұқ саусақты көтеру сүннет емес – мұстахаб.
Ал, «саусақты қимылдату – шәйтанның басына ол күрзі боп тиеді» деген түсінікке келер болсақ, біріншіден, бұл мағынада келген хадистердің барлығы әлсіз. Екіншіден, бұл хадистерді тура мағынасында емес, ауыспалы мағынасында түсіну қажет. Яғни, Алланың бір, дара екендігін растап, саусағыңды көтеріп, ишарат етуің шайтанға ауыр соққы болып тиетін амал дегенді білдіреді. Әйтпесе, қолдың астында шайтан тұр, саусақты үздіксіз қимылдатқан сайын шайтанның басынан күрзімен ұрасың деген сөз емес.
Бұл жөнінде Хафиз Әбу Бәкір Ибнул-Араби әл-Мәлики Тирмизиге хадис жинағына түсіндірме ретінде жазған «Ъаридатул-ахуази» атты кітабында:
«Тәшәһһудта саусақтарыңды үздіксіз қимылдатудан сақ болыңдар!… Сұқ саусақты үздіксіз қимылдатсаң, шайтанға ол тоқпақ болады дейтіндерге таң қаламын. Біліп алыңдар! Сендер шайтанға бір саусақтарыңды қимылдатсаңдар (бір рет тоқпақтасаңдар), ол сендерге он рет қарсы қимылдатады (Яғни, намазда көңілдеріңді қажетсіз бос нерсеге бұру арқылы сендерді он рет тоқпақтайды). Шын мәнінде, шайтанды саусақтарыңды үздіксіз қимылдатумен емес, оны өздеріңнің ықыластарың, Алла құзырында намазды шынайы беріліп оқуларың, зікір-дұғаларың, Аллаға сыйынуларың арқылы тоқпақтайсыңдар», – дейді.
Қорыта келе айтарым, қазақ – 12 ғасыр бойы Ханафи мәзһабы арқылы Ислам дінін көркем түрде ұстанып келген халық. Мешіттерімізде намаз оқушыларды 95 пайызы сұқ саусақтарын қозғамайды.
Ендеше, саусақты намаздың үстінде шұқшита қозғап, жанындағы отырған намаздас бауырларын мазалаудың орнына, бір рет қана көтеріп-түсіріп немесе мүлде көтермей көпшілікпен бірге болу – сүйікті Пайғамбарымыздың (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетті дер едім. Өйткені, Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Сіздер үлкен топпен бірге болыңдар!» деген.