Соңғы кезде қоғамымызда өздерін атеист санайтын жандар көбейіп кеткен секілді. Көбейіп кеткенде, бұрын да сол санды болуы да мүмкін, тек соңғы кезде ғана өздерін ашық жарнамалап, атеист екенін көрсетуге құмар болып алды. Бұны түрлі БАҚ-тарда да, әлеуметтік желілерде де жиі көрсетіп те жүрміз. Түрлі ток-шоулардың да қонағы болып қоғамға ақылын айтып жатады.
Сонда бұл не тенденция? Неғылған белсенділік?
Әңгімеміздің әлқисасын бастамас бұрын, әуелі сол “Атеизм” деген ұғымға үңіліп көрелікші. Алдымен қолға бірінші ілігетін “Уикипедия” ашық энциклопедиясынан алынған мәліметке қарап көрелік. Онда былай дейді:
“Атеизм (дінсіздік, көне грекше: ἄθεος — «құдайға сенбеушілік») — ғылыми негізге сүйене отырып, құдайды бекерге шығару. Атеист — дінге сенбейтін, құдайға сенбейтін адам”
Жалпы бұл энциклопедианы ақпарат көзінің ең оригиналы, шырқау шегі деп қарай алмасақ та, “Атеизм” ұғымының мағынасы осы екеніне шек келтірудің қажеті болмас.
Әнебір жерден байқадыңыз ба, “ғылыми негізге сүйеніп отырып”, құдайды жоққа шығару дейді. Осы мақаланың да басты кілтсөзі де сол болатын.
Яғни ғылымның мақсаты – дүниенің дамып-жетілуін парадигмаларға сүйене отырып, рационал түрде түсініп, талдау, зерттеу. (Әрине, ғылым дегенде – материализм тұрғысынан және жаратылыстануды айтып отырмыз. Әйтпесе ғылым ұғымына кеңірек тоқталуға тура келер еді). Ал рационал түсіну үшін астам текті күштерді араластырмау керек екені белгілі.
Бұдан шығатын қорытынды, ғалымдар Құдайды жоққа шығаруға емес, дүниені тану (ғылым үшін деп айтайық) үшін жұмыс істейді. Ал ғалымдардың атеизмі – өздерінің жеке тұжырымдарының нәтижесіне сеніп, Құдайдан бас тартуы деп айтуға негіз бар. Яғни өзінің зерттеуі, сол арқылы туған тұжырымдарының арқасында осы сенімге келді. Өзгелер де сол тұжырымдарға сүйеніп атеист болады. Демек атеизм де – сенім.
Хош, бұнымен айтқымыз келгені атеизм туралы білім беру емес, осы ұғымды атеистпіз деп жүргендердің өзі дұрыс ұғып жүр ме, сол маңызды болып отыр. Өзгені қайтеміз, өзіміздің отандастарымызды алайықшы.
“Діншілге қарап, дін деп ойлап жүр”
Кеңшілік Тышхан
Жалпы өзім пікірлесіп, көріп, сөйлесіп жүрген, өзін атеист санайтын жандардың да басты аргументі – діннің негізгі пікірлерін ғылымның жоққа шығаруы немесе дәлелдемеуі. Сондықтан өзін рационал ойланатындардың қатарына жатқызатындардың дені құдайға сеніп, дін жолын ұстануды ұят санайтыны бар.
(Әрине, бұл жерде ұят санайтындардың нақты статистикасы болмағандықтан, дені деп кете беруге мәжбүр екенімізге оқырман ренжи қоймас).
Сондай-ақ пәлен ғалым дінге сенбеген, түген ілімді ғалым құдайды жоққа шығарды деп, атеизмді дін мен діндарларды реті келсін-келмесін келемеждеу деп түсінетіндер қоғамда басым болып тұр.
Бірақ бір ғана қарапайым логика, егер Құдай жоқ екеніне сенімді болса, діннің әрбір рәсімі мен діндардың ырым-тыйымына шатағы не?
Ал егер Құдайға емес, дін мен діншілдің әрекетіне қарсылық болса, онда жоғарыда айтқандай атеисттің қатарына жата ма?
Әрине, жоқ дер едім. Өйткені атеизмді сенім десек, ол өзінің жеке мәселесі. Ал сенімін өзгелерді келемеждеуге пайдалануға жол беру, ол енді – өзгенің құқына қол сұғу болып саналады.
“Сенің құқың өзгенің құқы басталған жерден бітеді”
Сөзіміздің басында зайырлық туралы айта кеттік. Бұл сөздің анықтамасы мен мағына-мазмұнына толық тоқталудың қажеті жоқ шығар. Бір ғана нәрсе айтып өтсек, зайырлық – атеизм дегенді білдірмейді. Діннің мемлекеттен бөлек екенін, дін – жеке адамның сенімі екенін мойындай отырып, бейтараптық ұстану.
Демек атеист болған жан Құдайдың жоқтығына күмән келтірсе, өзінің ішкі мәселесі,өзгенің неге сенетініне шаруасы болмауға тиіс. Сәйкесінше діндар да өз сеніміне өзі ғана ие болған жөн. Зайырлы елде тұрғымыз келсе, осыны ұстану міндетке айналады. Өйткені жоғарыда айтылғандар – зайырлық пен толеранттылықтың алғышарттары.