Бүгін, қасиетті жұма күні Ақмола облысы Атбасар ауданында жаңа мешіт ел игілігіне берілді.
Игі іс-шара қасиетті Құран аяттарымен ашылып, Бас мүфти еліміз бен жеріміздің тыныштығы үшін арнайы дұға жасады. Күрделі жөндеу жасалып, қайта ел игілігіне берілген мешіттің ашылу рәсіміне арнайы қатысқан ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде: «Кім Алланың разылығын қалап, мешіт салса, Алла ол кісіге жәннаттан үй тұрғызады», – деген. Мешіт – Алланың үйі, барша жақсылықтың тоғысқан құтты мекені. Мешіт елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын қасиетті орынға айналды. Адамның өмірге келгеннен бастап, өмірден өткенге дейінгі діни рәсімдер мешітте өткізіледі. Мәселен, балаға ат қою, неке қидыру, жаназа шығару сынды көптеген діни рәсімдер мешітте орындалады. Бұдан бөлек, жабыққанға жігер беру, сүрінгенді сүйеу, адасқанға жол көрсету, мұқтаждарға жәрдемдесу тәрізді істер де Алла үйінде жүзеге асатыны ақиқат. Міне, қоғамдағы мешіттің рөлі, орны осындай дәрежеде биік. Осы орайда, Алла үйінің бой көтеруіне тілеулес болған жамағатқа да Алла разы болсын. Жаңа мешіт құтты болсын, ағайын», – деді.
Жиында Бас мүфти мешітті тұрғызуға үлес қосқан азаматтарды Алғыс хатпен марапаттап, ізгі ниетін жеткізді.
Айта кетсек, «Атбасар» мешітінде бір мезетте 700 адам құлшылығын өтей алады.