Үкілі үміт
Жас кезінде кез келген ата-ана ұлдарының тезірек өсіп, білім алғанын қалайды. Ал әскерден келіп, жоғары оқу орнын бітірген соң, оның ғұмырлық серігін тауып, өз алдарына жеке шаңырақ көтергенін армандайды. Барын да, нарын да соларға арнайды. Қысқасы, болашақ тойға ертерек дайындала бастайды.
Олар үшін ендігі басты мәселе – болашақ келін жайы болмақ. Оның тәрбиесі, рухани жан-дүниесі, болмыс-бітімі, адамгершілігі, ақыл-парасаты да толғандырады. Алайда бәрі де өмірде бұлардың дәл ойлағанындай бола бере ме? Қазақта «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» деген де аталы сөз бар. Айналып келгенде, бәрі де осы бұйрыққа келіп тірелетін секілді.
Дегенмен де, босағаны аттар, тұқымыңды көбейтер, әулетіңнің ар-намысы болар келініңнің үмітіңді ақтағаны жақсы қой. Өкінішке орай, кейде бұл үміт құр арман күйінде қалып қояды.
Сәкен мен Ақмаралды біздің өңірде білмейтіндер аз. Екеуі де иманды, қызметтерінде абыройлы, ашық-жарқын мінезді, Құдай деген жандар. Бұлардың отбасында үш бала өсті. Тұңғыштары жоғары оқу орнын бітіріп, қолына дипломын алған соң, бір күні төрт көздері түгел жиналған кезде отағасы: «Балам, біздің де немере сүйетін уақытымыз келді. Сенің не ойлағаның бар? Егер сөз байласқан қызың болса, тезірек алып кел. Бізбен таныстыр. Қазақтың жөн-жоралғысымен құда түсейік», – деді.
Шамасы ұлы да үйленуге бекінгенімен, оны әке-шешесіне айтуға батылы жетпей жүрсе керек. Сондықтан ол екі сөзге келмеді. Өзі серттескен қызы бар екендігін, егер ата-анасы қарсы болмаса, бір күні жұмыстан соң ертіп келіп, таныстыратындығын мәлімдеді. Оған әрине, ата-анасы да қуанып қалды. Қайсы әке-шеше ұлы мен қызының бақытты болғанын қаламайды дейсіз?..
Сәкеннің ұлы Ералы сөзінде тұрды. Айтқан күні келісті де келбетті Ботагөз есімді бойжеткенді жанына ертіп келді. Оны көргенде Ақмаралда ес қалмады. Қанша дегенмен, ол да біреудің алақанына салып, аялап өсірген қызы ғой. Ертең келін болып табалдырығын аттап жатса, ғанибет емес пе? Отбасындағы шағын кездесу мен танысу жаман өткен жоқ. Қыз бала да әңгіме арасында Ералыны ұнататындығын, екеуінің танысқанына үш-төрт жылдың жүзі болып қалғандығын айтты.
Шыны керек, әке-шешеге Ботагөз бір көргеннен-ақ жақсы әсер қалдырды. Бірақ, «Малдың аласы сыртында, адамның аласы ішінде» демекші, бұлар оның кейін үйленген соң, арада жарты жыл өтпей жатып ажырасып кететіндігін білген жоқ. Білсе, бәлкім, шашылып, банктен несиеге қомақты ақша да алмас еді.
Ата-анасын жерге қаратты
Содан кейін де Ералы Ботагөзді үйге бірнеше рет ертіп келді. Болашақ келін де бастапқыда сыр берген жоқ. Тіпті, Ақмаралдың қолын ұзартып, шайын қойып, зыр жүгіріп жүретін. Соған да іштей қуанған Ақмарал: «Мынау біздің көңіліміздегі келін болатын түрі бар» деп кәдімгідей марқайып қалатын.
Сәкен де игі істі созғысы келмеді. Бәйбішесі Ақмаралмен ақылдасып, жастарды тезірек үйлендіріп, еншілерін беріп, бөлек шығаруға бел буды. Өйткені, одан кейінгі балалары да ержетіп, жоғары оқу орындарын бітіруге таяп қалды.
Бұлар алдымен шалғайда жатқан аудандағы құдаларының алдынан өтті. Жөн-жоралғыларын жасады. Екі жақ бір келісімге келіп, той өтетін күнді белгіледі. Ұл жағының тойы жоғары деңгейде өтті деуге әбден болады. Тұңғышы болған соң, ата-ана байғұс аясын ба, бар жиған-тергенін екі жастың қуанышына жұмсады.
Мұны естіген барша ағайын-туыс, жекжат қуаныштарын бірге бөлісіп, сол тойға дер кезінде жиналды. Сол күні бұл өмірде Сәкен мен Ақмаралдан бақытты адам болмаған шығар. Екі жақтағы құдаларға сөз берілгенде алғашқы перзенті үйленіп жатқан соң ба, Сәкен қуаныштан көзінен жастың қалай ытқып шыққанын да білмей қалды. Ақмарал да бір ақтарылды дейсің.
Тойға жиналған ағайын жас жұбайларға ең ізгі тілектерін білдіріп, осы кештен жақсы әсермен үйлеріне тарасты. Ертеңіне олардың келіндерінің қолынан шай ішкендерін де естіп, тілектес кісілердің төбелері көкке жеткендей болып қалды.
Осылайша, олардың әулетінде қызықты күндер жалғасып жатты. Жас жұбайларға баспана мәселесінде қиындық бола қойған жоқ. Өйткені, олар шаңырақ көтерместен бұрын Ералыға үш бөлмелі пәтер сатып алып қойған еді. Оларды бірден сонда көшірді. Сәкен мен Ақмаралдың да көңілдері жайланып, иықтарынан ауыр жүк түскендей болған еді.
Шыны керек, біз қуаныштың ізін ала артынан кесірдің де келерін күтпеп едік. Арада төрт-бес ай өткен кезде әлгі шаңырақ шайқалды. Келіндері Ботагөз төркініне кетіп қалды деп естідік. Бастапқыда «Қой, жай сөз шығар. Олай болуы мүмкін емес. Себебі, жастар ұзақ уақыт бірін-бірі сынасты. Сүйіп қосылды», – деп аса мән бере қойған жоқпыз. Бірақ, солай болып шықты. Достарына Сәкенге жұбату сөзін айтудан басқа ештеңе де қалмады.
Аз уақыттың ішінде азаматтың тауы шағылып, сағы сынды. Жұрт бетіне көрінбеуге тырысып, кейбір достар арасындағы басқосуларға келмей қалатынды шығарды. Ақмарал болса баяғыда гүлдей жайнап жүруші еді. Оның да жүзінде мұң пайда болды.
Міне, осы жай естігендердің бәрін де қатты ойландырып тастады. Олар бастапқыда: «Ботагөз ойланар, құдалар жағы қыздарына ақылын айтып, ұяларын бұзуға жол бере қоймас» деп үміттенді. Алайда бұлай бола қоймады. Сол кезден бастап бұл жайды қозғауды да қойды. Өйткені, Сәкен мен Ақмаралдың онсыз да жаралы жүректерін тырнағылары келмеді.
Содан кейін Ералы да қыз затына сенуден қалды. Өзінің қаншама жылдан бері ғұмыр бойы қуанышты да, қиындықты да бірге өткіземіз деп серттескен сүйген қызының бұлайша жеме-жемге келгенде сөзінде тұрмай, сырт айналуы бұған да оңай соқпады. Бәрінен бұрын әкесін аяды. Оның денсаулығы сыр беріп қала ма деп қорықты.
Әрине, екі жастың ажырасуына нақты себеп болған жайды ешкім де білмейді. Бірақ, жас келіннің бұлайша кенеттен өзгеріп салып, ата-анасының қолына барып отырғаны кімге жақсы дейсіз? Әдетте отбасындағы ұрыс-керіс әлеуметтік жетіспеушіліктен шығады. Ал бұларда ондай мәселе атымен жоқ. Үй десе үй, күй десе күй бар. Өзі де жоғары білімді маман. Ата-енесі де бұларға керек болса, жанын беруге де даяр. Тұрған пәтерлері кірсе-шыққысыз. Сонда бұларға не жетпеді десеңізші?
Шешесін көріп, қызын ал
Өмір деген өте күрделі. Тіпті өзіңнің сүйіп қосылдым, әбден сынақтан өткіздім деген адамыңның өзін жылдар өте ғана әрең білесің. Оның өзінде өкініп жүрген көптеген жұбайларды да білеміз. Олар амал жоқ, балалары үшін ғана бірге өмір сүреді.
Онда да болса, алды-артын ойлағандары ғана солай етеді. Ал кейбіреулер оған қарап та жатпайды. Содан амалсыз, қашқын әке атанады. Еркектерді осындай қадамдарға мәжбүрлейтін әйелдер де аз емес. Өйткені, күйеулерін үлгі тұтудың орнына балаларының көзінше олардың атына қаншама ғайбат сөздер айтып, отағаларының абыройын түсіретін адуын әрі көкбет әйелдер ауылда да, қалада да жетеді.
Сондықтан атамыз қазақта ежелден келе жатқан «Шешесін көріп, қызын ал. Аяғын көріп, асын іш» деген сөзді басшылыққа алған жігіттің тіршілікте ұтылмасы хақ. Өйткені, мынау өмірде айрандай ұйып отырған отбасылардың ыдырап, ажырасуларына кейде енелердің де үлесі бар секілді. Өйткені, олар ерлі-зайыптыларды жарастырып, ынтымағын арттырудың орнына қызының сөзін сөйлеп: «Ішіме сыйған қызым, сыртыма да сыяды. Сенің көзіңе көк шыбын үймелетемін», – деп көгеріп, сазарып отыратын шешесымақтарды көзіміз көрді.
Әрине, бұл жерде көп жайды әйелдердің ақылы мен санасы шешеді. Кейбір жас келіншектер анасының айтқанынан шыға алмайды. Оған қарсы шығуға батылы жетпейді. Бұған керісінше, шешесіне дер кезінде тойтарыс беріп, оны ақылға шақырып: «Апа, сіз неге менің отбасымның ішкі шаруасына араласасыз? Мен бұл азаматпен тағдыр қостым. Егер менің бақытты болуымды ойласаңыз, арамызға түспеңіз», – деп ойындағысын астарлап болса да айтатын замандастарымыз көп болса, шіркін…
Жалпы, еліктеудің де жөні бар. Кейбір ұлттарға еліктейміз деп, қазақ әйелдерінің арасында отбасында күйеуіне билік жасағысы келетіндер де кездеседі. Міне, соларды жастайынан көріп өскен қыздар да кейін соны өзінің жарына қайталайды. Ерінің бір сөзіне екі сөз қайтарады. Күйеуінің бетінен алады. Мұндайларды өз басымыз талай рет көріп, ондай орталардан шығып кеткен жағдайларымыз да бар.
Осы арада жастық шағымдағы бір оқиға еріксіз еске түседі. Өзіміз қазағы қалың, салт-дәстүрімізді берік ұстанатын өңірде туып-өстік. Бұл күндері марқұм, асыл анамыз әкемізге қарсы келмек түгілі, оған қатты сөйлегенін естіген емеспіз. Өзімізден үлкен апамыз кейде үйімізге қыдырып келген кезде: «Қалқам, сенің келгенің өте жақсы. Жиендерді көріп, қуанып қалдық. Енді үйде көп жатып алма. Ол қазақ қыздарына жараспайды. Шаңырағыңның ырыс-берекесі қарт ата-енеңе қара. Ақсақалдың ақ батасын ал, күйеуіңнің ас-суын дайында. Ер-азаматтың үсті-басы таза болуы керек. Енді сен менің қызым болғанмен, сол әулеттің абыройын ойла», – деп ақылын айтып отырушы еді.
Қайран, ақылды да дана аналар-ай десеңізші! Міне, осы шешеміздің айтқанын тыңдаған апамыз жаман болған жоқ. Сыйлы келін, сүйікті жар, ардақты шеше атанды. Тек балаларының қызығын көре алмай, өмірден ертерек кетіп қалды. Есесіне балаларының бәрі де парасатты азамат болып өсті. Ата-енесінің о дүниеден өткендегі көздерінен төккен жастарын көргенде сол жердегі адамдар әрең шыдап еді. Өйткені, олар біздің апамызды келінім емес, қызым деп қарады. Бұл да қазақы дәстүрімізге сай үлкен кісілерге сәлемін салып, ғұмыр бойы өзінің кішілік жолын білді. Инабаттылық пен ибалылық көрсетті.
Мен бұл жерде өз әпкемді мақтаудан аулақпын. Ең басты айтайын дегенім, ол кездегі келіндер әулеттің абыройын ойлайтын. Жарына адал болуға тырысатын. Қыздарына да жастайынан: «Әкең екеумізді ұятқа қалдырмаңдар. Келін боп түскен жерлеріңде тастай батып, судай сіңіңдер. «Қайта келген қыз жаман, қайта шапқан жау жаман» дегенді ұмытпаңдар», – деп отыратын. Сол жиендеріміз де қазір бір-бір үйдің шаңырағының түтінін түзу ұшырып, азаматының тіршіліктегі сенімді серігі болып отыр.
Бұны мысалға алып отырған себебім, қазіргі аналар да өздерінің қыздарының болашағын терең ойлауы керек. Олардың санасына жастайынан қыз бала білуге тиісті жайларды сіңіріп, отбасының бақыты сыйластықта, күйеуінің қадіріне жетіп, оның алтын басын балаларының алдында жоғары ұстауда екендігін айтып отырғандары жөн.
Егер шешесі мықты болса, қызы одан асып ешқайда да бармайды. Сонда жанұя да берік болады. Онда өскен балалардың дүниетанымы дұрыс қалыптасып, жан-жақты тәрбие көріп өседі. Ал, үйінен ұрыс-керіс, дау-жанжал арылмайтын шаңырақтарда тәрбиеленген ұл-қыздардың жүйкелері жұқарып, жасқаншақ, сенімсіз болып келеді.
Дәстүрдің озығын тиімді пайдаланайық
Кешегі Кеңес одағы кезінде интернационалдық отбасы деген сәнге айналып, қазақтың ежелден келе жатқан кейбір салт-дәстүрлері ескіліктің сарқыншағы болып есептелді. Сол да біздің санамызға өзінің белгілі дәрежеде зияны мен салқынын тигізген секілді.
Әйтпесе, бұрындары біздің ұлтымызда жаңадан туылған ұл мен қызға бесіктен құда түсіп, атастырып қою деген болған. Байқауымша, осындай салтпен үйленген жастардың некелері де берік, екі жақтағы құдалар да өте тату әрі ынтымақта ғұмыр кешкен.
Біздіңше, соны жаңғыртып, қолға алатын кез келген секілді. Әрине, бұл ретте бойжеткен мен бозбаланың бір-бірін ұнатуы қашан да алдыңғы кезекте тұрады. Өйткені, «Жүрекке әмір жүрмейді» деген де сөз бар. Тек бір-бірін сүйіп қосылған жастар ғана бақыты ғұмыр кешеді.
Өз басым, бұл ретте «қыз алып қашу» секілді ғұрыптарды онша қолдай қоймаймын. Өйткені, өмірде байқап жүргеніміздей, бойжеткеннің обалына қалып, оны өзі сүймейтін, тіпті, бұрын бірде-бір рет жүз көріспеген жігітке алып қашып баратын оқиғалар кездесіп қалады. Бұл дегенің, бейкүнә қыздың өміріне жасалған қиянат, обал емес пе? Солар қалай ғана осындай адам жанын жирендірер қадамға барады екен?
Айналайын, қазақтың қыздары көбіне үлкендерді сыйлап, ар-ұятты жоғары қойған. Сондықтан әлгіндей біреулер алып қашып, амалсыз келін болып түскен бойжеткендер ақжаулықты аналардың сөзінен аса алмай, қалып қоятындары да бар.
Бұл орайда біздің жігіттеріміз де әбден ойланғандары жөн. Өз басым сол баяғы құдалықты жаңғырту керек деп отырған себебім, ондай некелер тұрақты болады. Содан соң, екі жақтағы ата-аналар да бір-бірін бұрыннан жақсы білгендіктен, ұл мен қыздарының тәжірибесіздіктен жіберген кейбір қателіктерін түзеп, дер кезінде ақыл-кеңестерін қосып отырады.
Жалпы, шаңырақтың түтіні түзу болуы мемлекеттің де тұрақты дамуына ықпал ететінін есімізден шығармасақ, қанеки…
О. ЖАҚСАНОВ