Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елінің Ата Заңы турасында: «Конституция біздің Тәуелсіздігіміздің берік құқықтық негізін қалыптастырды. Мемлекеттің басты байлығы ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандығы танылды. Бұл құжатта елдің аумақтық тұтастығының, қоғамдық келісімнің, саяси тұрақтылықтың, заң үстемдігі мен демократияның қағидалары бекітілді. Жаңа қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудың құқықтық, саяси және әлеуметтік-экономикалық алғышарттары айқындалды», – деген болатын.
Иә, әрбір құқықтық мемлекеттің негізі – оның Ата Заңы. Ол тәуелсіз елдің басты нышаны, құқықтық өзегі. Қазақ тарихында «Қасым ханның қасқа жолынан» басталып, «Есім ханның ескі жолымен», «Тәуке ханның Жеті жарғысымен» жалғасқан заңдық жүйе елдігіміздің шаңырағын шайқалтпай, іргетасының беріктігін қамтамасыз етті.
Конституция дегеніміз – елдің саяси құрылымын, басқару формасын, территориясы мен дінге көзқарасын анықтайтын құжат. Ең басты мақсаты – азаматтардың құқығын белгілеп, оны қорғау.
Қазақ елінің жаңа тарихында екі Конституция болғанын білеміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін алғаш рет 1993 жылы Ата Заңымызды қабылдасақ, 1995 жылдың 30 тамызында жаңа Конституциямыз күшіне енді. Сол кезде мемлекет президенттік республика, парламент екі палаталы болды.
Жаңа құжат еліміздің жан-жақты дамуына кең даңғыл ашты. Өйткені заңы солқылдақ елдің жұмысы да өнбейтіні белгілі. Уақыттың өзі бұл келелі мәселені алдымыздан шығарған соң сол кезде бүкілхалықтық референдум арқылы қабылданған құжат қоғам өмірін құқықтық жағынан реттеп, тәртіпке салды десе болады.
Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Еділ Мамытбеков өзінің бір сөзінде былай деген болатын: «Әкімшілік және құқықтық реформалар, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, әлеуметтік жаңғырту – мұның бәрі берік конституциялық негізде жүзеге асырылған және халықтың өмір сүру деңгейін одан әрі ұлғайтуға бағытталған шаралар. Біздің сыртқы саясаттағы жүйелі бастамаларымыз Қазақстанның халықаралық беделінің ұдайы өсуін қамтамасыз етуде. Осыдан 25 жыл бұрын Қазақстан халқы тарихи таңдау жасап, бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясын қабылдады. Қоғамның өркендеуіне қарқын қосып, Қазақстан халқының бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген республикамыздың тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр».
Біздің Конституциямызда мемлекеттің ең басты құндылығы ретінде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары танылатынын жоғарыда айтып өттік. Сонымен қатар, қазақстандықтардың ешбірі тілі мен діні, нәсілі тұрғысынан кемсітілмейтіні, заң алдында бәрі бірдей екендігі, сондай-ақ зайырлы сипаттағы ел екендігіміз тайға таңба басқандай жазылған. Бұл еліміздің бейбітсүйгіштік бағыт-бағдарын анық аңғартады.
Қазақстанда 130-дан астам ұлт өкілдері мен 18 конфессия аясындағы дін ұстанушылар емін-еркін тіршілік кешуде. Конфессияаралық келісім мен дінаралық диалогтың өзіндік үлгісін қалыптастырған Отанымыз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірнеше съезін ұйымдастырып, дүниежүзі алдында еркіндік пен бейбіт күннің бесігі ретінде танылды.
Кез келген мемлекеттің Ата Заңы уақыт өте келе жаңа талаптарға сай өзгертулер мен толықтыруларды қажет етеді. Мамандардың пікірінше, барлық конституциялар әрбір 10-17 жыл сайын өзгеріп отырады екен. Бұдан біздің Ата Заңымыз да тыс қалмады.
1993 және 1995 жылдары екі рет Конституцияны қабылдаған болсақ, соңғы құжатқа алты рет өзгеріс енгізіліпті. Атап айтқанда 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және 2022 жылдары. Соның ішінде осы жылы бүкілхалықтық референдум арқылы енгізілген соңғы өзгертулердің маңызы айрықша. Бұл Жаңа Қазақстандағы алғашқы әрі кең көлемді өзгертулер болғаны айдан анық.
Қазақстан Республикасының Конституциясына реформа жасалатыны туралы Мемлекет басшысы осы жылдың басындағы халыққа Жолдауында айтқан болатын. Референдум алдында ол: «Бізге конституциялық реформа жасау керек. Осыған орай менің тапсырмаммен арнаулы жұмыс тобы құрылды. Олар Негізгі заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулардың жобасын әзірледі. Оны мұқият зерделеп, Конституциялық кеңеске жолдадық. Бұл орган өз қорытындысын ұсынды. Құжат жобасы Ата заң нормаларына сай келеді. Біз конституциялық реформаның шешуші кезеңіне қадам бастық. Енді Негізгі заңды өзгертуіміз керек. Шын мәнінде, мұның ел тағдыры үшін айрықша мәні бар», – деген болатын.
Биыл 5 маусым күні өткен референдумға Қазақстан халқының басым көпшілігі қатысып, өз таңдауын жасады. Дауыс беру нәтижесі ел халқының Президент бастаған үлкен өзгерістерді қолдайтынын, осы бағытта бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып атсалысып, Жаңа Қазақстан құруға дайын екендіктерін паш етті.
«…Елімізде ерекше тарихи мәні бар оқиға болды. Мемлекетіміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Ата Заңымызға ұсынылған өзгерістерді азаматтардың басым көпшілігі қолдады. Референдум жоғары деңгейде өтті. Мұны халықаралық және отандық байқаушылар да айтып жатыр. Референдум нәтижесі саяси жаңғырудың анық символына айналды. Азаматтарымыз зор жауапкершілік танытты және отансүйгіштік қасиетін паш етті. Біз жаңа, әділетті Қазақстанды құру жолындағы бірлігіміз бекем екенін көрсеттік», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев сол кезде.
Референдум барысын бақылауға келген халықаралық сарапшылар да елімізде өткен дауыс беру іс-шарасына жоғары бағаларын беріп, халқымызды Жаңа Қазақстанға аттаған құтты қадамдарымен құттықтады. Мәселен, Азиялық зерттеулердің еуропалық институтының атқарушы директоры Лин Гоэтальс референдум – Жаңа Қазақстанды құрудағы маңызды қадам екенін атап өтті.
«Бұл Қазақстанды трансформациялау үшін жасалған алғашқы маңызды қадам. Біз осы бағытта атқарылатын жұмыстардың қалай жүзеге асатынын асыға күтеміз. Сондай-ақ, біз Қазақстанды демократияландыру, биліктің есеп беруі және халыққа шешімдерді қабылдауға тікелей араласу мүмкіндігін беру тұрғысындағы өзгерістерді бақылап отырамыз. Сонымен қатар, Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы екіжақты қарым-қатынас одан әрі нығая түседі деп сенеміз», – деді бельгиялық сарапшы.
«Бірлік пен сенім – «Жаңа Қазақстанның» негізгі тірегі. Халқымызда ертеңге деген сенім бар, ауызбірлік бар, татулық пен тұрақтылық бар. Ендігі кезекте, Президентіміздің маңайына топтасып, осы сенім мен ынтымақты еселей түсуге тиіспіз. Алға қойған биік мақсаттардың бәріне бірге қол жеткізуіміз керек. Референдум – «Жаңа Қазақстанға» жол ашты. Оны халқымыз жақсы қабылдағанын көрдік. Бұл – үлкен істің басы ғана. Алымызда бұдан да маңызды әрі ауқымды жұмыс күтіп тұр», – деді Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов.
Иә, расында бұл өзгерістердің бәрі – алға қойған үлкен мақсаттарға басар қадамның бастамасы ғана. Оған жету және сол үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасау – қазақстандықтардың ортақ мақсаты әрі мүддесі. Қазақтың киелі Ата Заңында көрсетілген бар мақсатқа жету үшін ең алдымен бірлік керек, одан соң қажымас қайрат қажет. Бұл екеуі де қазақтың бойында бар.
«Ата Заң – айбыным» дейтін отаншыл ұрпақ өсіп-жетіліп келеді. Бүгінгі жасалып жатқан жұмыстар – сол ертеңгі ел тұтқасын ұстар жастардың игілігі. «Мәңгілік ел» идеясының мызғымас негізі. Әрбір қазақстандық Президентіміз бастаған саяси әрі құқықтық реформаларды жүзеге асыруға атсалысып, бірліктің ерен үлгісін көрсетуі тиіс деп есептеймін!
Гүлмира Қуатқызы БАЛҒОЖАЕВА,
“Ақтау қалалық ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімі” ММ басшысы