Иә, аталарымыз ардақ тұтқан Алланың дінінен алшақтап қалғанымыз ащы шындық. Қазіргі діни ахуалдың күрделене түсуі сол отарлық саясаттың салдары. Сондықтан, исламды кеңінен насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бірнеше бағытта жұмыс істеуде. Біріншіден ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен «Дін мен дәстүр» кітабы оқырмандарымен қауышты. Сонымен қоса «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары» атты өзімнің кітабым жарық көрді. Бұл дегеніміз алдағы уақытта уағыз-насихат дін мен дәстүр сабақтастығынан бастау алады деген сөз. Сөзімізді сабақтай түссек, мешіттердегі жұма уағыздарының, күнделікті дәрістердің 80-90 пайызы қазақ тілінде, шамамен 10 пайызы орыс тілінде жүреді. Мәселен, Әзірет Сұлтан, «Нұр-Астана», Алматы орталық мешіттерінде, Павлодар, Қарағанды құлшылық орындарында насихат жұмыстары жамағаттың қажетіне қарай орыс тілінде өтеді. Өйткені, ислам дінімен әуестенетін контингенттің шамамен 80 пайызы жастар, ал жастардың басым көпшілігі уағызды орыс тілінде тыңдағанды жөн көреді. Жат ағымның жетегінде кеткендердің де көпшілігі орыс тілділер. Сондықтан да осы тілдегі уағыз-насихатты жандандырудамыз.
Ақпараттық кеңістікте де жастарды дәстүрлі дінге шақырамыз. «Facebook», «mail.agent», «ВКонтакте», «Twitter», «Google», «You tube» сынды әлеуметтік желілердегі насихаттарымыз оң әсерін беруде. Дәстүрлі ислам тағылымын дұрыс, әрі заманға сай формада ұсына алуымыз басты назарда тұр. Мәселен, жұма уағыздары жарты сағат айтылады. Біз оны ресми сайттарымызда, әлеуметтік желілерде бұқара халыққа ұсынамыз. Ал 30 минут уақыт жастардың ішін пыстырады, тыңдай алмайды. Сондықтан біз уағыз-насихатты қысқа формада жеткізуді, әр тақырыпқа бейнероликтер түсіруді немесе жұмада айтылатын уағызға бейнеанонс жасауды қолға алдық. Бүгінгі буынды дәстүрлі дінге баулуға арналған мативациялық ұрандар дайындаудамыз. Исламдағы құндылықтарды қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін сабақтастыра отырып, инфографика шығару да ойымызда. Мысалы, арақ ішу – қазақ мәдениетінде болған емес. Бұл – бізге социалистік дәуірмен келген үрдіс. Енді осыны «Арақ – атаңнан қалған ас емес» деп арғы жағына жағымсыз суреттерді қою арқылы инфографика жасадық. Онда бөтелке, бөтелкенің үстінде адамның суреттері қойылған. 150 грамм ішкен кезде ол «қызады», киімдерін шешіп тастаған эволюция кейін қарай, маймылға айналып бара жатады. 400-500 грамм ішкен кезде маймылдан өтіп, 700-800 грамм ішкенде доңыз хәліне түседі. Осыны «Facebook»-тағы парақшамызға ұсынғанымызда, бір сағаттын ішінде жақсы рейтинг жинады, қаншама бөлісулер болды, желіде көрермендер өз пікірлерін қалдырды.