Сұрақ: Исламда ата-анаға бағыну міндет екені белгілі. Алайда жігіттің ата-анасы әйелінен ажырасуын талап етсе, жігіттің ажырасуы міндет пе? Ажыраспаса күнә санала ма?
Жауап: Ислам діні отбасыға, әсіресе, оның ең негізгі екі тірегі – ата-анаға ерекше мән берген. Мықты отбасы негізінде баянды қоғам қалыптасатынын айта отырып, осы күрделі мәселеге қатысты бұлжымас қағидаларды орнықтырған. Құранда әуелі Алла алдындағы борыштарымыздан кейін бірден ата-анаға деген міндеттеріміздің келуінде ерекше мән бар.
Алла Тағала бұны бізге: «Сендерге Раббыңыздың нені харам еткенін білдірейін. Оған (Аллаға) ешнәрсені серік қоспаңдар, ата-анаға жақсылық жасаңдар!» («Әнғам» сүресі, 151) деп білдіреді. Тағы бір аятта:
«Біз адамдарға әке-шешесіне жақсылық жасауды өсиет еттік. Анасы оны қиындықпен құрсағында көтеріп, сондай ауыртпашылықпен дүниеге әкелді. Ананың жатырда баланы көтеруі мен емшектен шығуы отыз ай жалғасты» («Ахкаф» сүресі, 15) деп, әуелі өзіне шүкір етуге, содан кейінгі кезекте ата-анаға шүкіршілік етіп, алғыс айтуға шақырады
Пайғамбарымыз (с.а.с.) Алланың разылығы әке-шешенің ризашылығын алудан өтетінін, ал Алла Тағаланың наразылығы ата-ананың наразылығына байланысты екенін бізге: «Алла Тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Алла Тағаланың разы болмауы да – ата-ананың наразылығында» (Шуғабул-иман лил-Бәйһақи) .деп ескертеді.
Ата-анаға қарсы шығу ең үлкен күнәлардың қатарына жатады. Бір күні Пайғамбарымыз сахабаларына:
– Сендерге күнәлардың ең үлкені қайсы екенін айтайын ба? – дегенде, сахабалар «Иә, бізге қайсылары екенін үйрет», – деді. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Аллаға серік қосу, ата-анаға қарсы шығу, нақақ адам өлтіру, өтірік айту» – деп айтқан (Бухари, Әдәб, 6). Демек ата-анаға қарсы шуғу үлкен күнә саналады. Алайда бұл ата-ананың орынды-орынсыз кез-келген талабын орындауды міндеттемейді.
Қандайда бір заңды, арнайы себеп болмаса, ата-ананың баласынан ажырасуды талап етуге ақысы жоқ Мынаны жақсы біліп алу керек. Ислам дінінде шаңырақ құру қастерлі іс. Сондықтан себепсізден-себепсіз көтерілген шаңырақты шайқалту – құптарлық іс емес. Отбасын бұзу – бір ғана адамның тағдырына қатысты іс емес. Кез-келген ажырасудың қоғамға берер зияны өте үлкен.
Алла тағала: «(Уа, иман келтіргендер!) Жарларыңмен жақсықарым-қатынаста болыңдар. Егер оларды ұнатпай қалсаңдар (сабырлылық танытыңдар), Алла сендер ұнатпаған нәрсеге көп жақсылық жазған болуы да мүмкін», – дейді («Ниса» сүресі, 19-аят). Сонымен қатар: «Егер ол әйелдер сендерге мойынсұнып жатса, (ажырасуға) сылтау іздемеңдер. Күмәнсіз Алла Жоғары мәртебелі әрі Ұлы», – деу арқылы («Ниса» сүресі, 34-аят) отбасын сақтауға шақыруда.
Пайғамбарымыздың (с.а.с.) «Алланың құзырында адал болғанымен ең жағымсыз саналған нәрсе – талақ (ажырасу)» (Әбу Дәуіт, Талақ, 3) деген хадисі көпшілікке мәлім.
Ибн Хажар Хатами өзінің «әз-Зәуәжир» атты кітабында осы мәселеге қатысты былай деген екен: «Ата-анаға қарсы шығу дегеніміз – әдет-ғұрып бойынша олардың көңілдеріне кәдімгідей қаяу салып, қиындыққа душар ету. Көңілге қаяу түсіру мен қиындыққа душар етудегі негізгі өлшем ата-ананың жағдайына қатысты.
Яғни ата-ана баласының жасағанынан қатты ренжіп, , көңілдері құлазитын болса, баласы мүндайға жол бермеуге барынша тырысуы қажет. Алайда ата-ананың екеуі немесе біреуінің ақыл-парасаты төмен немесе жақсылық пен жамандықтың арасын дүрыс пайымдай алмағандықтан баласына қандайда бір нәрсені жасауды бүйырса немесе тыйым салса, оған мойынсұну әдет-ғұрып бойынша бағынбаушылық деп саналмаса, онда перзенттің ата-анасының талаптарын орындамауына рұқсат. Мұндай іс үшін ол күнә арқаламайды.
Мысалы, Бір кісі өз әйелін жақсы көріп, ажырасуды қаламаса, алайда ата-анасы оның ажырасуын талап етсе, бұл талап әйелдің діни өмірінде салғырттығынан туындаса да, ер кісінің ата-анасының талабын орындауы міндет емес»
«Ата-ананың өзге де талап-тілектері осындай. Яғни тек өздерінің мәселені дүрыс түсініп, бағамдай алмауына байланысты беретін бұйрықтары немесе тыйымдары ақыл-парасатты адамдарға айтылған кезде егер олар орын алған жағдай ата-ананы ренжітуге саналмайды деп шешсе, онда ата-ананың айтқанын орындамауға рұқсат етіледі». Олай болса, ата-ананың баласынан әйелінен ажырасуын талап етулеріне бағынбауы күнә саналмайды.
(И. Жанан. Ктуб әс-ситтә тержуме ве шерхи, Акчаг иайынлары, 2/486).
Дегенмен жоғарыда атап өткендей қай жағдайда да бала ата-анасының алдындағы міндеттірін қалтқысыз орындап, көңілдеріне аулауы тиіс. Ата-ананы ашуландыратын қылықтарға жол бермей, мұқияттылық танытқаны жөн.
Өте өзекті тақырып және жазба. Жақсы жазылған)